Жыр дүлдүлі Жамбыл Жабаев: «Кенен, Кенен деп жүр ғой елдің бәрі, Жақсы көріп кетіпті жас пен кәрі. Төрт аяғы тең жорға өлеңінің, Құлағымнан кетпейді салған әні» деп жырға қосса, арынды ақын Олжас Сүлейменов: «Кенен Әзірбаевтың поэзиясы – қазақ халқының поэтикалық жылнамасы іспеттес» деп жоғары бағалапты.
Бұдан асырып айта алмаспыз, ал, қолға қалам алғандағы мақсат – халық ақыны, жырау, күміс көмей әнші әрі композитор туралы азды-көпті әңгіме қозғау.
Қос тізгінді тең ұстаған
Кенен Әзірбаевтың өткен өміріне көз жүгіртсек, тарихи танымал тұлға өнерпаздық пен қайраткерлікті қатар ұстағанын көреміз.
Ол он жасында қолына домбыра алып, той-жиында ән салыпты. Ал, «отау иесі» жасына жеткенде өзінің өнердегі төлқұжатына айналған атақты «Бозторғай» әнін шығарады. Бұл ән елді елең еткізіп, есімі жасындай жедел тарайды. Қазақ-қырғыз тегіс құлақтанып, «Боздаланың бозторғайы» атанады. 16-17 жасында шығарған «Көкшолақ» оның даңқын үстемелей түседі.
Қазақтың сайын даласын селдей соғып, шоқтай шарпыған 1916 жылғы Ұлт-азаттық көтерілісі кезінде ойранды оқиғаның бел ортасында болады. Қордай қапталында Әли Нұрғожаев бастаған сарбаздар қатарында ән-жырымен көпшілікті күреске үгіттейді, рухтандырады. «Аттаныңдар!», «Қайран елім, қайда?» әнін шығарады. Кейін атақты «Әли батыр» дастанын дүниеге әкелді.
Билік басына коммунистер келгенде өңірдегі төңкеріс комитетіне басшылық жасайды. Бұқара арасында үгіт-насихат шараларын жүргізуге белсене атсалысады.
1937 жылы КСРО Жазушылар одағының мүшелігіне қабылданады. Екі жылдан кейін КСРО Композиторлар одағының мүшесі атанады. Сол кезде халық ақындары арасында екі бірдей одаққа мүше болған тек Кенен Әзірбаев еді.
Кенен Әзірбаев – екі жүзге жуық лирикалық, дидактикалық арнау мен толғаудың авторы. Әкесі шығарған әндердің 60-қа жуығын өзінен естіп, үйренген қызы Төрткен естелігінде былай депті: «Сонау жоқшылық пен жетімдіктің зардабын тартқан шақтан бастап, одан 1916 жылғы оқиға, Қазан төңкерісі, 1941-1945 жылғы Ұлы Отан соғысы, қазіргі бейбіт өмірде мен үн қоспанған бірде-бір оқиға болмапты десем қаталеспеймін, шырағым Төрткен.
Өлеңдерім, дастан-поэмаларым біршама жарияланып, жарық көрді. Ал, енді әндерімнің «Бозторғай», «Көкшолақ», «Базар-Назар» сияқты бірнешеуі ғана болмаса, көбін әлі ел естіген де жоқ. Нота білмеген соң, бәрі тек есімде сақтаулы. Кім білсін, олай-бұлай болып кетсем, ең болмаса сен біліп қалсын деп жатқаным ғой».
Әке өтінішін аманаттай қабылдаған қызы Жүсіпбек Елебеков атындағы эстрада және цирк колледжінде іске кіріседі. Оның елге беймәлім, ешкім білмейтін, 45 пен 60 жас аралығында шығарған «Көпшілік, тыңда әнімді», «Бал құйылды даладан», «Ел қуанышы», «Мөртай сұлу», «Алатау аясында», «Күләшқа», «Сынаптай сырғақ дүние-ай» секілді бірқатар әнін оқушыларға үйретеді.
Оның репертуарында ондаған эпикалық жыр-дастан болған. Сол жыр-дастанды таңды-таңға ұрып айтады екен. Кененнің көсіле көтеріліп, шабырқана шырқаған тың тақырыбы – ақынның алабұртқан көңіл-күйіне, жан тебіренісіне байланысты туған лирикалық-тарихи өлеңдері.
Табиғи тебіреністен туған шығармаларының тілі тартымды, қарапайым, шешен. Ол қазақтың тіл байлығын аса шебер меңгерген. Халық поэзиясынан еркін сусындаған ақын өлеңдерінің дені ән ырғағымен үйлесіп, үндесіп тұрады.
Тарпаң тағдырлы тұлға
Оның екі әйелі болған. Он жеті жасында бас қосқан бәйбішесі Үлпілдек үшінші сәбиінен соң сал сырқатына шалдығып, ұзақ уақыт төсек тартып жатып қалған соң уыздай Нәсихамен көңіл жарастырады.
«Ел ішінде әнші, ақын атағы баяғыда тарап кеткен адамның назарына іліккеніме өзімді шексіз бақытты санадым… Бірінші әйелі Үлпілдек ауру екен, құдды енемдей, мен келгенде 13-14 жастағы Талжібек қайынсіңілімдей, 2-3 жасар Ұлтай тұңғышымдай болып кетті. Үлпілдекпен 2-3 жыл тату-тәтті өмір сүрдік. Батасын беріп, қыздарын маған тапсырып жатып көз жұмды. Екі қызды өзім өсірдім. Екеуін өз қолымнан ұзаттым» дейді Нәсиха естелігінде.
Үлпілдектен Әзірбай әулетіне үш қыз қосылған. Кенен тұңғышы Талжібекті 20 жасында көріпті. Ол 75 жыл ғұмыр кешіпті. Үшінші қызы – Ұлтай. Ол 49 жасында өмірден өткен. Өнерімен ел көзіне ерте түскен екінші қызы Зұлухия аса көрікті әрі суырыпсалма ақын, әнші болыпты. Бірде ауылда тойға анасына еріп барған 13 жастағы Зұлухия жігіттермен айтысып, бәрін бет қаратпай жеңеді. Содан көп ұзамай ауырады. Ауылдың бақсы-балгері көз тигенін айтады. Сөйтіп, мезгілсіз өмірден озады.
Кенен мен Нәсиханың шаңырағында алдымен ұл бала дүниеге келеді. Кененнің қызметіне қарап оның есімін Болысбек деп қояды. Бірақ, ол сегіз күннен кейін шетінеп кетеді. Одан кейінгі екінші ұлы Тұрсын да екі жылға толмай өмірден озады. Араға екі жылдан салып Базар мен Назар туған соң ерлі-зайыптының көңілі орныққандай болады. Амал қанша, 3 жасында Базар, бір жарым жасында Назар бір-ақ күнде жалғанның жарығымен қоштасады. Бұл тағдыр теперіші Кененнің «Базарым-ай, Назарым-ай» әнінің тууына түрткі болады. Бұдан кейін туған қыз бала да тоқтамайды.
1936 жыл Әзірбай әулетіне көл-көсір қуаныш ала келеді. Кенен Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне қатысуға мүмкіндік алады, отбасында қыз бала дүниеге келеді.
«Ендігі мәселе қайткенде мені өлтіріп алмау, ұзақ өмір сүргізу болса керек. Кіндігімді ер балаға балтамен кестіріп, балтадай мықты болуымды тілепті. 70, 80, 90 жасаған төрт кемпір, бір шалдың астынан өткізіп, атымды «Төрткемпірбіршал» қойыпты. Сөйтіп, әйтеуір, ауырсам да, сырқасам да айналадағылардың ес-түсінен түк қалдырмай жүріп, өлмей мектеп жасына толыппын» деп жазады Төрткен Кененқызы.
Ата-әжесінің тәрбиесінде болған ол «Төрткемпірбіршал» деген есіммен мектепке барады. Бірнеше жылдан кейін есейіп қалған қыз балалар атына күлетінін айтып, оны өзгертуді өтінеді. Сөйтіп, атынан «Төрт» деген буынды қалдырып, Кененнен «Кен» буынын қосып, тиісті мекемеге барып «Төрткен» деп өзгерттіріп алады.
Нәсиха 1939 жылы ұл туады. Сол күні Жамбыл Жабаев арнайы барып, құтты болсын айтып, баланың есімін «Көркемжан» деп қояды. Содан кейін отбасы Ақтамақ, Ақбілек есімді тұлымшағы желбіреген қыздармен толығады.
1961 жылы Халық ақыны атанған Кенен Әзірбаев Ленин, Қызыл ту, «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталған.
Жамбыл облысы Қордай ауданында ақын ұзақ жыл тұрған елді мекен бүгінде «Кенен ауылы» деп аталады. Онда Кенен Әзірбаев атындағы әдеби-мемориалдық музей бар.
Кенен Әзірбаевтың мерейтойы республикалық деңгейде аталып өтуде.
Әлібек ӘБДІРАШ,
Қазақстанның Құрметті журналисі.
Сурет әлеужеліден алынды.
“Шыңғыс АЙТМАТОВ:
– Сіз, Кенен ата, қазақ-қырғызға тең ортақ ұлы адамсыз… Қырғыз елі сізді өзінің ең таңдаулы ұлдары, өзіңізбен замандас, үзеңгілес, дәмдес болған, Жетісудағы қырғыз-қазақ жерін бірге араласқан, атағы жер жарған Османқұл, Әлімқұл, Атай, Халық және басқа бұлбұлдай сайраған ақындарындай көреді, солардай ардақ тұтып, сізді өз атамыз, өз ақынымыз, өзіміздің өнердегі Алатауымыз деп есептейді.
“Ахмет ЖҰБАНОВ:
– Кененнің репертуары кең. Онда әндерден, өлеңдерден басқа қазақтың «Қобыландысы», қырғыздың «Манасы», түрікменнің «Көрұғлы» сияқты үлкен эпикалық дастандары бар.
“Әбділдә ТӘЖІБАЕВ:
– Өлеңді әркім-ақ айтады, әркімдер-ақ жазады, бірақ солардың ішінде үнемі санаңнан кетпейтін, сезіміңнен ажырамайтын, даусы естіліп, дидары көз алдыңда тұратындары некен-саяқ. Солардың бірі, бірегейі Кенен.
“Нұрғиса ТІЛЕНДИЕВ:
– Кенекеңнің кей шығармалары үлкен полотнодағы музыкалық еңбектерге арқау болды. Мысалы, Евгений Брусиловский оның Затаевич нотаға түсірген бір әнін «Қыз Жібек» операсында пайдаланған. Кенекең есімі, Кенекең бейнесі бүгінде өнерлі ізбасарлары мен өрендерінің көркем туындыларына арқау болар объектіге айналып отыр.