Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өткен үшінші Ұлттық құрылтайда «адал адам, адал еңбек, адал табыс» деген қағиданы қалыптастыра отырып, мемлекеттің дамуына тікелей қатысы бар салаларда еңбек етіп жүрген азаматтарды қолдауға барынша көңіл бөлу керектігін айтқан болатын.
Біздің арамызда күнделікті жұмысын атқара жүріп, өзгенің де мұқтаждығына қолұшын созу деген қағиданы ұстанған азаматтар баршылық. Мен сөз еткелі отырған кейіпкер сондай қасиетті берік ұстанған жан. Қасиетті Ұлытаудың Қаракеңгір ауылында дүние есігін ашқан Айбын Арынғазинов ата-анасынан алған қарапайымдылық, үлкенге құрмет, кішіге ізет деген қасиетті бойында қалыптастыра білді.
Жастайынан қара жұмысқа епті болған ауыл баласы мектепті тәмамдаған бетте Жезқазған қаласындағы политехникалық институттың тау-кен мамандығын таңдады. Айбын Сәтбекұлының бұл мамандықты таңдаудағы шешімін ата-ана да құп алды. Алғашқы еңбек жолы Шығыс Жезқазған кенішінің құрамындағы № 57 шахтада басталды. Кен өндірісіне машықтанған Айбын Арынғазинов кейін еңбек жолын «Қазақмыс» корпорациясының өңірдегі шахталарына қажетті жарылғыш заттар дайындау кәсіпорнында жалғастырды. 2009 жылы көмірлі өлке – Қарағанды қаласына қоныс аударды. Осындағы жаңадан ашылған «Нұрқазған» кенішіне жұмысқа орналасып, тау-кен жұмысшысынан бригадир дәрежесіне көтерілді.
Ауыр өндірістен денсаулығы сыр берген Айбын Сәтбекұлы 2018 жылы жеңіл жұмысқа ауыстырылып, «Нұрқазған» кеніші ұжымының қолдауымен «КәсіпҚорған» кәсіподағы комитетінің төрағалығына сайланды. 6 жылдан бері комитет тізгіндеп келе жатқан Айбын Арынғазинов мүшеліктегі әрбір жұмысшының мәселесін назардан тыс қалдырмай, тиісті шаралардың атқарылуына ықпалын тигізіп отыруды басты дағдысына айналдырған.
Кеншіден кәсіподақ комитетінің төрағалығы жолынан өткен Айбын Сәтбекұлы ұжымында абыройлы. Оның қарапайымдылығы, адамның басындағы түйткілге жанашырлықпен қарап, қолдау білдіруі оны осындай дәрежеге жеткізді. Адал еңбегімен құрметке кенелген Айбын Сәтбекұлы жайлы әріптестерінен сұрай қалсаңыз:
– Біздің Әбекең кең жүректі, қолынан келген шаруаны дер кезінде шешіп беруге машықтанған азамат. Төраға ретіндегі қызметінде біздің осыған көзіміз әбден жетті, – деп оның адамгершілігі мен сыйластықты жоғары қоятынын желпіне баяндайды. «Нұрқазғанға» барған әрбір сапарымда «журналист ініміз келді», – деп балаша қуанып, қарсы алатын ақ пейілді азаматтың шаңырағы да шаттыққа толы. Өмірлік жары Қалима Абданбекова ұлағатты ұстаз. Шаңыраққа сәлем бере келген мейманға қазан көтере жөнелетін Қалима жеңгейдің қонақжай пейілі көпті тәнті етіп жатады.
Әбекеңнің ізін жалғар төрт бірдей ұл ер жетіп келеді. Тұңғыштары Нұрсәт биыл жоғары оқу орнын тәмамдап, дипломын қолға алмақ. Нұрсұлтаны 11 сыныпты тәмамдады. Арман қуып, білім шыңын бағындыруға ниеттеніп отыр. Нұртөре мен Нұрғазы ата-анасы мен ағаларының көз қуанышы болып өсіп келеді.
Өзінің жасындай жарқ етер сәулелі ғұмырында адал еңбекпен табысқа, жетістікке жетуі адам үшін зор бақыт деп білеміз. Айбын Арынғазинов кеніштегі адал еңбегі үшін омырауына үшінші дәрежелі «Кенші даңқы» төсбелгісін тақты. Бұл оның осы салаға қосқан үлесіне құрметтің белгісі деп бағаланады. Мұндай марапаттар легі алда да жалғасты болсын деп тілейміз.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.