Сәрсенбінің сәтінде Халық достығы мен мәдениеті үйінде облыстық қорғаныс департаменті мен қалалық әкімдіктің бірлесуімен Жезқазған қаласы жастарының әскери-патриоттық тәрбиесін жетілдіру бойынша І форум өтті.
Форумның басты мақсаты – жастарға патриоттық тәрбие беру, жас ұрпақты діни экстремизмнен қорғау, олардың салт-дәстүрімізге жат діни ағымдарға бой алдырмауына ұйытқы болу және өз елінің патриоты етіп тәрбиелеу. Форумды ашқан Ұлытау облысының қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығы Ерен Мейрамбеков жиынның маңыздылығына тоқталды. Ал, қала әкімінің орынбасары Бақытжан Жайлаубаев форумға сәттілік тіледі.
– Бүгінгі форум жастарымыздың бойында өз еліне деген мақтаныш сезімдерін оятып, оны қорғауға және дамытуға дайындығын қалыптастырады деген сенімдемін. Осы бағыттағы жүйелі және де мақсатты жұмыс арқылы ғана өз отанының болашағы үшін жауап беруге дайын ұрпақты тәрбиелеуге болады. Әскери-патриоттық тәрбие – ел ертеңінің тірегі, – деді Жезқазған қаласы әкімінің орынбасары Бақытжан Жайлаубаев өз сөзінде.
Алқалы жиында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сағындық Қожамсейітов «Қазақ батырларының ерлігі мен ар-намысы» тақырыбында, Жезқазған қаласы білім бөлімінің басшысы Жеңіс Әлмағанбетов «Қазақстандық патриотизмді оқушылар арасында дәріптеу» тақырыбында баяндама жасады. «Аналар кеңесінің» төрағасы Роза Сеилова ана жүрегі жайлы өз пікірін білдірсе, Ұлытау облысының бас имамы Елдос Жұмаділдә жастарды деструктивті діни ағымдардан аулақ болуға шақырды. Ал, Ауғанстан жерінде болған соғыс жайлы Ауған соғысының ардагері Ақылбек Аманов сөз қозғады.
Шара барысында Қарағанды қаласы Ішкі істер министрлігінің Ұлттық Ұлан 65-05 әскери бөліміне азаматтарды мерзімді әскери қызметке салтанатты шығарып салу іс-шарасы болды.
Биылғы 10-шы Айбын халықаралық әскери патриоттық жастар жиыны Алматы қаласында өтеді. Оған Жезқазған қаласының «Ұлытау ұландары» атты әскери патриоттық клубынан 15 жас сарбаз қатысады. Жастар форумы сол сарбаздарды ресми түрде шығарып салу рәсімімен түйінделді.
Гүлім МАРАТҚЫЗЫ.