Павел СТОВБЧАТЫЙ
(Детектив)
(Соңы. Басы газеттің өткен жылғы № 36 (1789) санынан басталады).
Стрелочница бізді алдамапты. Дәл айтқан уақытында товарняк та таяй бастады. Ащы гудок пен қою қара түтін және табанымыздың астындағы теміржол желісінің дірілі оның ауыр жүкпен келе жатқанын аңғартты. Тепловоздың маңдайындағы жалғыз шамның жарығы секунд сайын жақындап келеді. Ол маған мына қапастан құтқаратын, бөгде бір әлемге жеткізетін жарықтай көрінді. Одан тараған сәулелер менің ағзама бейне бір нәр беретін судай қуат құйып жатты. Жаным да, тәнім да рахат күйге енген. Буын буыным босап, көзімнен ыстық жас саулап жатқанын да аңғармадым. Сонау зонадан бері мені далаға тастамай, бостандыққа қарай сүйреп келе жатқан серігім – Гадоға қарадым. Құдайдан кейінгі құтқарушымды бір әзәзілдің сөзіне еріп жанын жаһаннамға жібермекші болғаным есіме түскенде, жерге кіріп кете жаздадым…
Дипломат пен түйіншек Гадода болатын. Ол оны ыңғайлы етіп қосарлап байлап, иығына асып алыпты. Екі қолы бос. Ақша салынған сөмке менің арқамда.
– Егер вагонға жабысып міне алмайтындай болсаң, маған ысқырып белгі бер. Мен көмектесемін, – деді Гадо состав қасымызға таяп келгенде маған дауыстап. – Клянусь Аллахом!
Мен Гадоға қатты сенетінмін. Бұл жолы да оның алдамасы анық еді. Сонда да болса мен күдіктенбесін деп ант-су ішіп жатыр.
Товарняк бізбен қатарласа берді. Ауыр жүк тиеген состав дөңеске қарай әрең жылжып келеді. Бұл біз үшін өте қолайлы еді. Аяғымның ауырғанына қарамастан мен сау сол аяғыма салмақ сала ышқына секіріп вагонның басқышына жабыса қалдым. Состав мені алға қарай жұлқи жөнелді. Дес бергенде жаралы оң аяғым да икемге келе қалды. Бар күшімді салып басқышқа мініп алдым. Гадо менен көп кейіндеп қалып қойды. Оның менің мінуімді күткенін түсіну қиын емес еді. Мен сол жағыма мейлінше назарымды салып қарап едім, қараңғыда ештеңе көзіме түспеді. «Ол мінді! Әрі кетсе екі-үш вагон кейіндеу қалған шығар. Қазір келеді!», деп ойладым мен жоғары жаққа қарап. Бұл кезде состав біртіндеп жылдамдық ала бастаған еді. Суық жел беттен ұрып, мені вагоннан жұлып түсірердей екпіндеп соға бастады. Мен оң аяғыма салмақ салмауға тырысып, жоғары қарай жайлап көтеріле бастадым. Күш қолыма түскен соң қарларым да талып, басқыштың жақтауын жіберіп қоятындай көрінді маған. Әлігінде, вагонға жабысқанда ет қызуымен байқамасам керек, оң аяғымның жарақаты қақсап, жанымды мұрынымның ұшына әкелді. Енді болмаса есім ауып, тозақтың отына түскелі тұрмын. Вагонның жақтауы да биік екен. Шамамен, бір жарым метрге жуықтап қалады-ау. Осыдан-ақ мен жүктің Ресейдің қағаз комбинатына кетіп бара жатқан ағаштар екенін аңғардым. «Бұл дұрыс болды. Состав алысқа кетіп бара жатыр екен», деп ой қорыттым.
Жарақатымның жанымды шығарып бара жатқанын қарамай жоғары көтеріле бердім. Менің «Олимп шыңына» шығар сәтім де келді. Вагонның ең жоғары жағындағы тақтайлардың арасынан саңылау тауып, қолымды тықтым да ең үстіңгі тақтайларды байлаған сымтемірді іздей бастадым. Сәтін салғанда бума сым дәл қасымда екен. Содан мықтап ұстап бар күшімді салып көтеріле бердім. Составтың жылдамдығы бұрынғыдан да арта түсті. Жоғары өрлеуім тіптен қиындап кетті. Сәл жаңылыс жасаған қимылың өзіңнің өміріңді қияды. Зуылдап келе жатқан вагоннан құлау жай шаруа емес. Пойыздың астына түспей-ақ, табанына құлау өміріңмен қош-
тастырады. Осы ойыма түскенде денемді суық тер басып кетті. «Мен өлуге тиіс емеспін! Талай қауіптерді бастан өткеріп, осы составтан құлап өлу үшін зонадан қашқан жоқ едім ғой!» – деп қайрадым өзімді. Бұл ой маған күш-қуат бергендей болды. Соңғы күшімді салып вагонның да үстіне шықтым-ау.
Жалпақ тақтайлардың үстіне ұзынымнан сұлай кеттім. Денем дел-сал. Сымтемірдей тартылып қалған буындарым біртіндеп босап, дір-дір етеді. Дөңгелектердің дыбысына құлақ түріп жатып балалық шағым есіме түсті. Дәл осындай жағдай бір кездері басымнан өткен сияқты. Бірақ, қашан, қай жерде екені есіме түспеді… Шынымен-ақ біз мына өмірге бір емес, бұған дейін де келгенбіз бе?..
Кірпіктерім қорғасын құйып қойғандай ауырлап, бір-бірімен айқасып барады. Әйтсе де, вагоннан құлап кетпейін деген үрей ғана ұйқыдан оятып, тақтайлардың белін буған сымға өзімді жақсылап «таңып» қойдым.
Егер мына тозақтан аман-есен құтылып, жаным қалар болса, басымнан өткендердің бәрін мемуар етіп жазамын. Гадо үшін. Теңіздің жағасында, тыныш жерде отырып кітап жазам. Әрине, лақап есіммен.
Вагондарды бесікше тербеген состав жүйткіп келеді. Мына өмірдің қызығын көретініме сене алмай, мас адамдай шайқалып мен жатырмын. Астымдағы тақтайлар маған диваннан да жұмсақ, жайлы сияқты. Өмір деген қандай керемет! Өмір ешқашан тоқтамаса екен!
* * *
Мен Ауғанстаннан Италияға келгеннен кейін де көп түндер бойы дұрыс ұйықтай алмай шықтым. Теңіз жағасында орналасқан, туристер ағылып келіп, ағылып кетіп жататын шағын қаланың қызыққа толы тіршілігі де менің ойымнан ауыр да азапты күндерді өшіре алмады. Түн сайын үрейлі түстер көріп, мазам қашты. Бірнеше дәрігерге де қаралдым.
… «Уақыт – емші» деген рас па деймін. Біртіндеп менің де жүйкем жөнге келе бастады. Ұйқым да тынышталды. Мына өмірге шындап ден қойып, елмен етене араласа бастадым. Құжаттарымды да ретке келтіріп алдым. Енді алдымнан даңғыл жол ашылды. Бір жарым жылдан кейін мен қымбат костюмдер киетін және жылжымайтын мүлікке ие өте құрметті мырзаға айналдым. Маған тек әйел мен балалар жетіспеді, бірақ мен отбасын құруға асықпадым.
Менің жарым орыс қызы болады! Мен осылай шештім. «Көзсіз ерліктерден» бойымды аулақ ұстадым. Итальяндық заңдар мен адамдарын құрметтедім. Бұл да тағдырдың тәлкегі шығар, итальяндық мафиоздар қандай да бір судьяға немесе прокурорға оқ атқан кезде елмен бірге мен де ашуландым. Кеше қарақшы-рецидивистердің қатарында болған адам бүгін мүлдем басқаша ойлайтын болды. Бұған не дерсіз…
Ақша – бұл үлкен күш, мырзалар. Қайдағы бір идеялар емес, сол үлкен күш қана сені адамға айналдырады!
Мен марқұм Света мен Гадоны жиі еске аламын. Бірақ, мен оған хат жазбадым. Өйткені ол жақта, бүкіл Ресейдегі сияқты, соғыс әлі де жалғасуда еді. Кей жерде көп, кей жерде аз…
* * *
Біз оның Отанына аман-есен жеттік, содан кейін ол мені Ауғанстанға дін аман жеткізді.
Қолымызға тиген ен байлықты екеуміз тең бөліп алдық. Гадоның осындай жетістікке жететінін болжаған кәрі бабайға да алғысымызды білдірдік. Біз ауылға келгенде ол әлі тірі еді.
Мен итальян тілін өте оңай меңгердім. Бірақ, тек орыс тілінде жаздым. Теңіз жағасында күніне үш-төрт сағат отырып қағаз жазу менің дағдыма айналды. Бір күні мен осы «шыймайларымның» бәрін, соның ішінде біздің қашуымыз жайлы әңгімені жарыққа шығарамын. Гадо үшін! Менің ойымша, ол ұзақ өмір сүреді. Өмір сүруі керек…
Аударған Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.
(Бірінші кітаптың соңы).
Редакциядан:
Құрметті оқырман!
Егер сіз, «Қашқын ұрының жазбалары» атты детективтің екінші кітабын оқығыңыз келсе, газетіміздің екінші жартыжылдығына жазылыңыз. Аталмыш детектив тек «Мысты өңір» газетінде ғана жарияланатынын есіңізге саламыз.
Ал, екінші кітаптан сіз Андрей мен Гадоның басынан өткен небір қызықты һәм қауіп-қатерге толы оқиғалардың куәсі бола аласыз.
«Мысты өңір» газетінің редакциясы.