Астана қаласында «Astana Minning&Metallurgy» тау-кен металлургия конгресі өтті. Онда «Kazakhmys Smelting» ЖШС Бас директоры Жәнібек Байғабелов конгрестің пленарлық сессиясына қатысып, металлургия саласында атқарылған жұмыстар жөнінде баяндама жасады.
Жәнібек Алтынбекұлы өз баяндамасында «Қазақмыс» корпорациясының» өңірлерде іске асырылып жатқан әлеуметтік бағдарламалары туралы айтып берді. «Соңғы 3 жылда біз 16 млрд. теңгеден астам сомаға жобаларды бастадық», – дей келе оның ішінде: жылу және сумен жабдықтау, электр желілерін, су тазарту құрылыстарын қайта жарақтау, аулаларды абаттандыру, жолдарды жөндеу, алаңдарды, скверлерді, жағалауларды ретке келтіру, өндіріс ошақтары орналасқан қалаларда мәдени және спорт құрылыстарын жүргізу сынды мәселелер оң шешімін тауып келе жатқандығын алға тартты. Сондай-ақ, білім беру бағдарламалары мен спорт секцияларын қаржыландыруға, туризмді дамытуға, балабақшалар салуға көп көңіл бөлінгенін баян етті.
Айта кету керек, елішілік құндылықты арттыруға – отандық өндірушілердің тауарлары мен қызметтерін сатып алуға басымдылық берілді. Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында ғана 100 млрд. теңге болатын тауарлар қазақстандық өндірушілерден сатып алынды.
Екі күндік конгрестің бағдарламасы сарапшылар мен сала көшбасшыларымен пікір алмасуға мүмкіндік қалыптастырды. Бір сөзбен айтқанда, бұл конгресс келелі істің кеңесі болды.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.