Жеті қат жер астындағы ауыр техникаларға сервистік қызмет көрсетуді, шахтаға қажетті жабдықтарды дер кезінде дайындап, жеткізіп беруді қамтамасыз етіп отырған «Қазақмыс Мэйнтенанс Сервисиз» ЖШС тізгіні енді Саят Шарафиденұлы Бәкіровтің қолына берілді.
Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің құрамындағы кен, шахта жабдықтары зауыты мен Жезқазған сервис кәсіпорны жұмысшыларының жиынына арнайы қатысқан «Қазақмыс Холдинг» ЖШС ұйымдастырушылық даму және персоналды басқару жөніндегі директор Әлібек Алдоңғаров ұжымды Бас директормен таныстырып, еңбегіне табыс тіледі.
Саят Бәкіровтің есімі біздің аймаққа таңсық емес. Ол кен өндіру саласында білікті де іскер басшы ретінде танылды. 1997 жылдан бері кен өндіру ісіне араласқан Саят Бәкіров алғашқы еңбек жолын қарапайым жұмысшыдан бастады.
Кәсіби өсу жолындағы шахта басшысы, кеніш директоры сынды жауапты міндеттерден бөлек, «Жезқазғантүстімет», «Балқаштүстімет» ӨБ Бас директоры, «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС техникалық директоры қызметтерін атқарғандығы оның осы саладағы тәжірибелі маман екенін аңғартады.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.