Қазақстанның Құрметті журналисі, Ұлытау ауданының Құрметті азаматы, ақпарат саласының ардагері Мағзұмбек Машайықұлының есімі ұлытаулықтарға етене таныс. Тұтас ғұмырын туған жерінің тарихын зерделеп, көрген-білгенін қағазға түсіріп, мәйекті мақала, өрелі өлең еткен Мағзұмбек ақын 85-тің биігіне шықты.
«Ұлытау үні» фестивалі бағдарламасына енген «Өлеңмен өрілген өмір» атты шығармашылық кеш – ақсақалдың ғибратты ғұмыр жолының айқын көрінісі…
– Қаламды серік еткен саналы ғұмырыңызда Ұлытау өлкесін жырға қосып, өңірдің тарихына өз қолтаңбаңызды қалдырып келесіз. Ал бүгінде өзіңіздің жүріп өткен жолыңыз, ақпарат саласына сіңірген еңбегіңіз айрықша…
Бұл – облыс әкімі аппаратының басшысы Абзал Жайлыбаевтың жүрек жарды сөзі. Осындай ақжарма тілекпен басталған ақын кеші алқалы елді өзіне баурап алды. Сахнаға Ұлытау ауданының әкімі Аманжол Мырзабеков пен мәслихат төрағасы Ахат Құрмансейіт, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әлімбек Жандарбеков және Сәтбаев қаласы әкімінің орынбасары Айгүл Төлендина көтеріліп кеш иесіне деген сый-құрметтерін жасады.
– Ұлытау ауданының Құрметті азаматы Мағзұмбек ағаның кеші Ұлытау ауданына ғана емес Ұлытау өңіріне ортақ кеш! Ағамызға ұзақ ғұмыр тілейміз! – деген Ұлытау ауданының әкімі Аманжол Мырзабековтің сөзі тұтас өңір жұртшылығының тілегіндей болды.
Кеш барысында ақын Мағзұмбектің жырлары оқылып, журналист Мағзұмбектің сырлары шертілді. Өлкетанушы Мағзұмбектің өзге де қырлары ашылды.
Тіршілігінде тілшілік қызметіне адал болған қаламгердің қаламы әлі де қолында. Алақанға салған халқына ақ жүректің алғысын айтқан ақсақал өңір дамуына деген тілегін жеткізді кеш соңында.
Ұлытаудың ұлының шығармашылық кеші «Ұлытау үнінің» көрігін қыздырып, мәртебесін асырды!
Түйін
Үш күн бойы Ұлытау сахнасын дүбірге бөлеген «Ұлытау үні» фестивалі жеңімпаздары мен жүлдегерлерінің қатысуымен өткен гала-концертпен қорытындыланды.
– Міне, бүгін үш күнге жалғасқан фестиваль мәресіне жетті. Фестиваль жыл сайын өзгеше форматта өтуде. Сахнада шырқалған әсем ән мен күй құлақтан кіріп жүрекке жетті. Өңірдің өміршең өнер мерекесі алдағы уақытта да жалғаса бермек, – деді Ұлытау облысы әкімі аппаратының басшысы өнер фестивалін қорытындылай келіп.
Гүлім МАРАТҚЫЗЫ.