Павел СТОВБЧАТЫЙ
(Детектив)
(Жалғасы. Басы газеттің өткен жылғы № 36 (1789) санынан басталады).
Макуха бізді өте жақсы танитын еді. Сондықтан қалтасындағы біздің фото суреттерімізге қарап әуре болып жатпады.
– На землю, педерасты!!! – деп ақырды. Дауысы қандай қаһарлы болса, түрі де сондай әлем-тапырық еді.
Осы кезде күтпеген жағдай болды. Бағанадан бері қалшылдап, үрейі ұшып тұрған Света жан дауысы шыға айқайлаған күйі қараңғылыққа сіңіп кетті. Оның айқайдан гөрі шыңғырған ащы дауысы ә дегенде тұрғандардың бәрін абдыратып тастаған еді. Осы орайлы сәтті пайдаланған Гадо да үйшіктің қапталына жасырына қалды.
– Ат! Жусатып сал!
Макуха бұрынғыдан бетер құтырына айқайлап, бұйрық беріп жатыр. Қасындағы серігі ә дегенде қайсымызды атарын білмей жалтақ-жалтақ етті де қалды. Сол сәтте мен де қараңғылыққа сіңіп үлгердім. Қазір жаңбырша жауған оқ жон арқамды шұрық-шұрық етерін ойлағанда тізем дірілдеп, қалбалақтай барып құладым. Осы құлас менің өмірімді сақтап қалды. Ойлағанымдай-ақ, арт жатқан атылған оқ үстімнен зуылдап өтіп жатты. Тұла бойымды тер жауып кетті. Үйшіктен бес-жеті метрдей ұзағаным, оның үстіне түннің тастай қараңғы болуы да бізге жақсы көмектескен еді. Мен сол жатқан күйімде жерге жабыса түстім. Оқ тағы атылды. Бірақ, бұл жолы маған қарай емес, басқа бағытқа қарша борап жатты.
Мен өз-өзіме келе бастадым. Жайлап басымды көтеріп едім, бірер метр жерде теміржол табаны жатыр екен. Соған бір жетіп алсам қауіптен мүлдем құтылар едім. Бірақ, орнымнан қозғалуға дәрменім жетпеді. Біреу мені қара жерге шегелеп қағып тастағандай.
Арт жағымда тағы оқ атылды. Кенет оған жауап ретінде қарсы беттен де автомат дауысы естілді. Гадо ғой мынау! Гадо тірі!!!
Әлде бір күш мені жатқан жерімнен жұлып алды. Мен бір-екі қарғып барып қос рельстің ортасындағы ойпаңға жата қалдым. Сәлден соң желінің келесі бетіне аунай бердім. Осы сәтте әлде бір күшті соққы қолымдағы түйіншекті жұлып түстірді. Ізінше аяғыма да шоқ басқандай тыз ете қалды. Мен теміржолдың келесі бетіне аунап үлгердім. Тізеден төмен сызылып аққан ып-ыстық қанды да сезіп жатырмын. Бірақ, оған қарауға уақыт болған жоқ. Курткаға оралған автоматты алдым да жолдың ернеуіне жылжыдым. Аяғымның қақсап ауырғанына да қарамадым.
Үйшік жақты бажайлап қарап едім, қыбырлаған жан жоқ. Шалқасынан ашық қалған есіктен түскен шамның сәулесі біраз жерді жарық етіп тұр. Жаңағы екі жаналғышқа да жан керек болған ғой. Олар да қараңғы тасаға жасырынып қалса керек. Мен әрі-бері қарадым. Көзіме ештеңе түспеді. Тек Макуханың барынша бәсең дауыспен айтса да ашудан қырылдай шыққан бұйрықтары еміс-еміс естіліп қалды. Осы тұста жатырсыңдар-ау деген оймен сыбыс естілген тұсқа оқты төгіп-төгіп жібердім де қайра жата қалдым. Макуханың дауысы қалт тына қалды. Сірә, жорамалым жәй кетпесе керек. Есесіне сол тұстан оқ маған қарай ұша бастады. Осы кезде келесі бүйірден Гадо оқ жаудырды. Оның да оғы босқа кеткен жоқ. Екінші менттің де үні өшті.
Екі жақ тың тыңдағандай тым-тырыс жатырмыз. Менің де, Гадоның да үйшік жаққа баруға жүрегіміз дауаламайтын сияқты. Қанша жатқанымызды білмеймін, маған сондай ұзақ болып сезілді. Қарсы жақтан тырс еткен дыбыс болмады. Тәжік бұл жолы да тапқырлық танытты. Ол маған қарай баратынын айтып дауыстады. Ондағысы менттердің бірі тірі болса, оқпен жауап қатар дегендік еді. Бірақ, ол жақтан тіршіліктің нышаны байқалмады. Енді мен орнымнан көтеріліп, үйшікке қарай сылти басып сәл жүрдім. Тым-тырыс. Бұдан әрі күтіп тұрудың реті де жоқ еді. Гадо бірінші болып будкаға жетті. Мына жақтан мен де ақсаңдап келемін. Ойыма Света оралды. Стрелочница не болды екен. Екеуінен де хабар жоқ. Ол екеуі тіпті бұл маңайда болмаған да сияқты.
* * *
Біз үйшікке келгенімізде, кушеткада боп-боз болып стрелочница ғана отыр екен. Бізді көргенде әзірейліні көргендей көзі бақырайып, әлдене деп күбірлеп шоқына бастады. Будка маңында жатқан прапорщиктерге қараған да жоқпыз. Олардың қолында рациялары да жоқ екен. Төтеннен келер қауіп жоқ ендеше. Сонда да болса сақтық жасаған жөн.
– Біреуге қоңырау шалдың ба?!
Гадоның дауысы мүлдем баяу шықты. Оның мына түрінен қатты шаршағандығын аңғару қиын емес еді.
– Жоқ.
Өң-түсі жоқ әйелдің алдап отырмағанын ұқтық.
– Мыналар ше?!
– Олар да.
– Онда неге олар біздің соңымыздан бірден қуа шықпады. Біздің қайта оралуымызды неге күтті?!
Гадо үстелге жетіп барды да, бұрышында тұрған телефонды жұдырықпен бір соғып, күл-парша етті. Онсыз да зәре-құты қалмай отырған әйел селк ете қалды. Сосын көзі жыпылықтап маған қарады.
– Сіз жараланғансыз ба?– деп сұрады көзі мен тұрған жерде еденге ұйыған қанды көріп.
– Сұраққа жауап бер. Бізде уақыт тығыз, – деді Гадо нығырланып. Қолындағы автоматын да бір ырғап қойды. Әйел торғайдай болып үрпиіп қалды.
– Әйел… Сіздердің қастарыңызда әйелдің болғаны оларды ойландырып тастады… Өзара әлдене деп кеңесіп отырып қалды.
Елулерді еңсеріп тастаған стрелочница әйел бәрін еш бүкпесіз баяндады.
– Олар кімдерді күтті сонда, – деп сұрадым мен дауысымды мейлінше баяу әрі байыпты етіп.
– Қашқындарды… Үш ер адамды…
– Түсінікті… – деді Гадо енді ұққандай болып. Сосын маған бұрылды.
– Аяғың қалай?
– Жүгіріп кете алмасым анық…
– ХерняІ Өзім арқалап алам. Тіпті бәрін тастап, жалаңаш кетсек те сені тастамаймын! Бинт бар ма?
Стрелочница жедел тұрып барып қабырғадағы аптечкадан бинт, зеленка, тағы бір дәрілерді алып шықты.– Басқа ештеңе жоқ, – деді сосын кінәлі адамдай иығын көтеріп.
Гадо шат қимылмен менің балағымды дар еткізіп айырды да жарақатымды қарай бастады. Дес бергенде оқ бұлшық етін тесіп өтіпті. Сүйек аман. Аяғым күп болып ісіп кеткен. Біршама қан да жоғалтқан сияқтымын. Көзім қарауытып, басым айналған сияқты болды. Гадо жарақатымды жуды да қолда бар дәріні жағып, қатты етіп таңып тастады.
– Бірінші товарняк қашан өтеді? – деп сұрады сосын стрелочницадан.
Әйел сағатына қарады да:
– Енді он екі минуттан кейін келеді, – деді.
Мен шамам келгенше тез адымдап үйшіктен шығуға беттедім. Гадоның әйелді қалай жаһаннамға жіберетінін көргім келмеді. Бірақ, жағдай мен күткендей болмады.
– Кеттік, – деді Гадо соңымнан ілесе шығып. – Козелдар біздің қайда кеткенімізді бәрібір біліп отырады…
Гадоның мына қылығына бір жағы таңқалсам, бір жағы құптағандай болдым. Жазықсыз жанның қанын жүктегеннен ұтарымыз не?
– Светаны қарай салмадық па?..
– Қажеті қанша? – деді ол маған селқос. – Өлгендер қайтып келмейді. Одан да буыншақтар мен дипломатты тауып алайық. Олар бізге керек әлі…
Екеуміз алға жылжыдық. Мен Гадоның иығына асылып алып әрең жүріп келем. Ол менің көңілімді аулағысы келді ме, әлде шын пейілі ме мені «сен итжейдеңмен бірге туған жан» екенсің деп көтермелеп қойды.
– Қазір ең бастысы, пойызға жабысып мініп, бұл қарғыс атқан жерден жиырма, отыз шақырым ұзап кету. Одан арғысын көре жатармыз, – деп қойды.
Аударған Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.
(Жалғасы бар).