Ұлытау облысындағы Үшшоқы кен орнында алтын өндіретін фабрика іске қосылды. Жаңа фабрика салу жобасын осы жерде кен өндірумен айналысып келген «BASS Gold» ЖШС жүзеге асырды.
Үшшоқы алтын кен орны Жезқазған қаласынан солтүстік-шығыс бағытқа қарай 120 шақырым жерде орналасқан. Кен қоры 1969-1972 жылдары барланған болатын. «BASS Gold» серіктестігі бұған дейін құрамында алтыны бар кенді сатып келген. Мәселен, өткен 2023 жылы әр тоннасының құрамында 3,7 грамм мөлшерінде алтыны бар 50,4 мың тонна кен өндіріпті. Енді жаңа фабриканың іске қосылуы кенді өңдеудің толық циклін жүзеге асырып, Доре қорытпасы түріндегі өнім алуға мүмкіндік беріп отыр. Алтын айыру фабрикасында өндірілген қорытпа өнімдері «Тау-Кен Алтын» ЖШС-нің аффинаждық заводына жөнелтіледі. Фабрика толық қуатына көшкенде жылына 72 мың тонна кен өңдеп, 250 келі дайын өнім шығарады деп жоспарлануда.
– Фабрика құрылысын біз өткен жылдың сәуір айынан бастап жүргіздік. Кенді кеспекте сілтісіздендіруге арналған жабдықты Қытайдан сатып алдық, қалғандарының барлығы қазақстандық өндірушілердің өнімдері. Кәсіпорындағы жұмыс орындарына Ұлытау мен Қарағанды облыстарының мамандары тартылады. Қазір фабрикамыз іске қосылды, толық қуатына көшкенде айына 20,8 келі дайын өнім шығаратын болады. Қазақстанның алтын қорын толықтыруға лайықты үлесімізді қосамыз, – дейді бас директордың орынбасары Ермек Ілиясов.
«BASS Gold» компаниясының активінде бұдан басқа Алматы облысының аумағында Чинасылсай кен орны бар. Онда да алтын өндірілуде. Түпкілікті өнімдерінің барлығы келісім-шарт бойынша «Тау-Кен Алтын» серіктестігінің аффинаждық заводына жіберіледі.
Амандық РАХҰЛЫ.