Шөлейт өңірдегі Жезқазған үшін әр тамшы судың орны қымбат, қадірі жоғары десек артық айтқандық емес. Қаланы сумен жабдықтап отырған негізгі тіршілік көзі Кеңгір су қоймасы болса, ауылшаруашылығын дамытып, жергілікті азық-түлік қорын жасау мақсатында іске қосылған Жезді су қоймасының да маңызды орны бар. Осыған орай, өткен жылдың соңында Жезқазған қаласы қоғамдық кеңесінің мониторингтік тобы «ҚР Су кодексі мен нормативтік актілерінің талаптарына сәйкес қала аумағындағы су ресурстарын тиімді пайдалану және қорғау жөніндегі жұмыстардың жағдайы туралы» мәселені күн тәртібіне қойып, арнайы талқылады. Мониторингтік топтың мүшесі ретінде бұл шараның ортасында мен де болған едім. Бірден айтар болсақ, бұл мәселені талқылау барысында суды дұрыс пайдалану мен оның шаруашылық құрылымдарына иелік жасауда көптеген проблемалар мен шешімін күткен істердің беті ашылды. Туындаған түйінді мәселелерді шешу үшін Үкіметке хат жазып, назар аударту туралы ұсыныс жасалды.
Жезқазғанның тіршілік нәрі
Кеңгір су қоймасы Қарағанды облысындағы ең ірі су шаруашылығы құрылымдарының бірі. Су қоймасы Жезқазған мен Сәтбаев қалаларының шаруашылық-ауызсу қажеттіліктерін өтеумен қатар өнеркәсіп кәсіпорындарын да сумен қамтамасыз етуде.Мысты қаланың әрідегі тарихына көз жүгіртсек, Үлкен Жезқазған өндірісін ашуға байланысты көптеген қиындықтардың қолбайлау болғанын көреміз. Соның ішінде бұл жобаға қарсылық танытқандар екі үлкен айғақты алға тартқан еді. Оның бірі Жезқазғанның орталықтағы теміржол қатынастарынан шалғайда жатқаны болса, екіншісі жартылай шөлейт аймақта өндіріске қажетті судың тапшылығы болатын. Кезінде Жезқазған кен орындарын игеру үшін су қорының жеткілікті болуы туралы мәселе көтеріліп, бұл проблема 1934 жылы Мәскеуде КСРО Ғылым академиясының сессиясында қазақстандық ғалымдардың қатысуымен талқыланғанда қуаң өңірлі аймақта өнеркәсіпті дұрыс жолға қойып, дамыту мүмкін емес деген пікірлер басымдау айтылады. Өңірдің кен қорын мұқият зерттеп, өзінің тұжырымдарын біліктілікпен дәлелдей білген айтулы инженер-геолог Қаныш Сәтбаев су мәселесін де жан-жақты ойластырып, кеңінен зерттеген-тін. Ұлытау жоталарының оңтүстік шығыс қыраттары мен Арғанаты қойнауынан бастау алатын Қаракеңгір өзені жолай Сарыкеңгірмен қосылып Сарысу алабына дейін келетіні белгілі. Ұзындығы 300 шақырымдай өзеннің қысқа-қысқа сағалары да көп. Кеңгірдің Досмырза сағасынан үлкен бөгет салуға болатынын Қанекең зерделеп, мамандарға есеп-қисабын жасатып қояды. Сөйтіп, су көзінің тапшылығын «көзір» қылып жүрген ғалымдар мен одақтық комитеттер басшыларының алдында Қаныш Имантайұлы өз ұсынысын дәлелдеп береді. Наушабай сайының аңғарында үлкен бөген салу арқылы қыруар су жинай алатын ауқымды гидротехникалық қойманың жобасы осылайша дүниеге келеді.
Кеңгір су қоймасының құрылысы 1940 жылы басталып, екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында тоқтап қалады. Соғыстан соң ел есін жиған кезде, 1946 жылы құрылыс жұмыстары қайтадан басталып, 37,3 шаршы шақырым аймақты алып жатқан су қоймасы мен алып гидроқұрылыс 1952 жылы аяқталады. Жезқазған кен-металлургия комбинатының жедел дамуына байланысты 1965-1967 жылдары бөген ауқымы кеңейтіліп 319 млн. текше метр су жинақтайтын көлемге жеткізілді. Су қоймасының ұзындығы 30 шақырымдай, енінің ең жалпақ жері 1,7 шақырым, орташа тереңдігі 8 метр. Содан бергі талай жылдан бері Кеңгір су қоймасы Жезқазған қаласы тіршілігінің негізгі нәрі болып келеді. Бүгінде қала тұрғындары тұтынатын ауызсудың 60%-тен астамы осы ашық су қоймасынан, қалған бөлігі Үйтас-Айдос жерасты су көзінен алынады. Ауызсу қалаға гидротехникалық цех арқылы залалсыздандырып, тазаланып берілсе де жағалаулары талапқа сай қорғалмаған ашық қойма суының сапасына жұртшылық күмәнмен қарайды.
Толықтай жерасты суымен қамтамасыз ету мәселесі ұзақ жылдардан бері айтылғанмен, шешілмей келеді. Жезқазғанға 10 млн. текше метрдей су береді деген Есқұла жобасы да толық жеріне жеткізілген жоқ. Ал, қаланы ауызсумен жарым-жартылай жабдықтап отырған 60 шақырым жердегі Үйтас-Айдос жерасты су көзінің құбыры жыл өткен сайын тозығы жетіп, жарамсыз болуға айналған. Бұл су көзі құрылғысы 1967 жылы пайдалануға берілген болатын. Жоба бойынша жылына 30-35 млн. текше метр су беруі керек болса, бұл көрсеткіш кейінгі жылдарда 3 есеге дейін төмендеп кеткен. Су көзіндегі бес ұңғыманың екеуі ғана жұмыс істейді. Үйтас-Айдостың жерасты су көзінің жобалық мүмкіндіктері толық қуатында пайдаланылуы үшін қосымша ұңғымалары іске қосылып, 60 шақырымдық құбыры толықтай жаңартуды қажет етеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылғы 20 қазанда Жезқазғанға келген сапарында «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС басшыларымен өңірдің кен өндірудегі болашақ жоспарын тыңдай келіп, қала тұрғындарын сапалы ауызсумен қамтамасыз ету мәселесіне де назар аударды. «Адамдарды таза ауызсумен қамтамасыз етуді Үкімет әкімдікпен және корпорациямен бірлесіп қысқа мерзім ішінде, әрі кеткенде біржарым жыл ішінде шешуі керек» деп тапсырма беріп, бұл мәселені өз бақылауында ұстайтындығын жеткізді. Дегенмен, қаланың негізгі тіршілік көзі – Кеңгір су қоймасын ұқыптылықпен, талапқа сай пайдалануды жүзеге асыру бүгінгі күннің ең басты мәселесі болып қала береді.
Кеңгір су қоймасы кімнің қолында?
Ал, енді осы стратегиялық мәні зор су қоймасының иесі кім деген сұрақтың туындауы да заңды. Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 1 наурызда өзгерістер мен толықтырулар енгізілген Су кодексінің 25-бабында: «Ерекше стратегиялық маңызы бар су шаруашылығы құрылыстары мемлекеттік меншікте болады және жалға, сенімгерлік басқаруға берілмейді және иеліктен шығаруға жатпайды», – деп айқын көрсетілген. Осы мақсатта ҚР Үкіметі 1996 жылғы 16 маусымда қабылдаған қаулысымен Мемлекеттік мүлік комитетіне Кеңгір су қоймасын және гидротехникалық құрылымдар кешенін «Жезқазғантүстімет» АҚ құрамынан шығарып, республикалық Су ресурстары жөніндегі комитеттің құзырына, одан соң Жезқазған облыстық су ресурстары жөніндегі комитетіне беруді міндеттеген болатын. Үкімет қаулысын орындау үшін мемлекет мүлкін басқару жөніндегі Жезқазған аумақтық комитеті стратегиялық маңызы бар нысанды «Жезқазғантүстімет» АҚ-ның жарғылық қорынан шығаруды акционерлер жиналысында қарап, сол жылдың 9 тамызына дейін Жезқазған облыстық су шаруашылығының иелігіне беруі керек-тін. Алайда, «Жезқазғантүстімет» АҚ-ның сол кездегі басқарушысы мемлекет мүлкін басқару жөніндегі республикалық комитеттің алдына су қоймасымен бірге қаланың бүкіл шаруашылық-ауызсу және қалдық суды тазарту қондырғысын, Үйтас-Айдос су жинағышын, қалалық су құбырлары мен кәріз желілері сияқты барлық дүниелерді қосып алыңдар деген мәселе қойды. Үкімет қаулысында тек Кеңгір су қоймасы мен гидротехникалық құрылымдар кешенін мемлекет иелігіне алу қажеттігі атап көрсетілгенмен, қала құраушы кәсіпорын тарапынан бұлтаққа салу салдарынан бұл міндет орындалмай қалды. Бұдан кейінгі кезеңде ҚР Қаржы министрлігі мен оның мемлекеттік мүлік жөніндегі комитеті бұл проблемаға қайта айналып соққан жоқ. Осылайша стратегиялық маңызы зор нысан Су кодексінің және Мемлекеттік мүлік туралы заң талабына сай жекеменшік қолынан мемлекет иелігіне қайтарылмады.
«Жезқазғантүстімет» АҚ-ның базасындағы құрылымдық өзгерістерге байланысты бүгінде Кеңгір су қоймасы гидротехникалық құрылымдарымен бірге «Қазақмыс Дистрибьюшн» ЖШС-нің иелігінде. Стратегиялық нысанның гидротехникалық құрылғыларының имараттарын қызмет көрсету жөніндегі келісім шарт бойынша Жезқазған қаласының «Жылумен-сумен жабдықтау кәсіпорны» АҚ пайдалануда. Ал, құрамында Су ресурстары комитеті болған кезде не Ауылшаруашылығы министрлігі, кейіннен Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Су кодексінің заңдылық талаптарына сәйкес Кеңгір су қоймасының мәртебесін (статусын) қалпына келтіру мәселесін көтерген емес. Соған орай, бұл кешенді ұстаудағы заңдылық және нормативтік актілерге бақылау да жасалмаған. Мұны айтасыз, тіпті «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Қарағанды облысы филиалының дерек базасында Кеңгір су қоймасы «жылжымайтын регистр» ретінде мүлдем тіркелмеген.
Бүгінде су қоймасында 245 млн. текше метрдей су бар немесе көлемі жобалық қуатынан 24% төмен. Кейінгі жылдардағы құрғақшылыққа байланысты қойма арнасы суға толмай, кемеріне жетпей келеді. Сонымен қоса, төменгі бьевтегі шлюз арқылы ондаған жылдар бойы су ағызылып жіберілген жоқ. Қойманы пайдаланушылар тарапынан су түбіндегі лай шөгінділері мен өсімдіктердің шіріген қалдықтары тазартылмайды. Су қорғау аймағы мен жағалаулары қоқысқа толы, тазартып, абаттандыру жұмыстары дұрыс жүргізілмейді.
Жезқазған қаласы қоғамдық кеңесінің мониторингтік тобы көтерген мәселеге байланысты ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің вице-министрі С. Қожаниязовтан 2021 жылдың 29 желтоқсанында жауап келіпті. Онда төмендегідей шартты орындаған жағдайда Кеңгір су қоймасын коммуналдық меншіктен республикалық меншікке алуға министрліктің қарсылық білдірмейтіні көрсетілген. «Ол үшін су қоймасының техникалық және иелік құқығын белгілейтін құжаттар жасалуы керек; Кеңгір су қоймасын пайдалануға, күтіп ұстауға және қайта жаңғыртуға қажетті қаржы көзін айқындау керек; Қазіргі таңда министрлік «Қазақмыс Дистрибьюшн» ЖШС-іне 2021 жылдың 19 қазанынан 2024 жылдың 1 қазанына дейін жылына 209351 мың текше метр су пайдалану лимиті бойынша су қоймасын арнайы пайдалануға рұқсат рәсімдеді» дейді. Алайда, министрліктің бұл хатында суды пайдаланушы тарапынан қойманы күтіп ұстап, жақсартуда не істелетіндігі туралы ештеңе айтылмаған. Жалпы, көзін тапса судан түсер пайда көп көрінеді. Су шаруашылығының мамандары ұсынған құжаттарда, егер Кеңгір су қоймасының базасында шаруашылық-есептік жеке кәсіпорын құрылған жағдайда экономикалық-қаржы жағдайы бойынша оның өзін-өзі ақтайтынын дәлелдеп беріп отыр. Ал, әзірше суды тұтынып, пайдаланудан түсетін қаржының қызығын «Қазақмыс» корпорациясының еншілес кәсіпорны «Қазақмыс Дистрибьюшн» ЖШС көруде.
Жезді қоймасы жетімсіреп тұр
Қоғамдық кеңестің мониторинг тобы сонымен қатар қала іргесіне жақын жердегі Жезді су қоймасының жайын да қоса қамтып, талқылаған еді. Бұл су қоймасы «Казгидропроект» институтының жобасы бойынша Жезді өзенін бөгеу арқылы 1969 жылы салынған болатын. Аумағының сыйымдылығы 76 млн. текше метр, пайдалы қайтарымы 15 млн. текше метр. Су қоймасының құрамындағы бөгет (плотина), тасқын суды жіберу, су ағызу құрылғылары негізгі гидротехникалық нысандары болып табылады. Кезінде бұл жоба қаладан 20 шақырым жердегі Талап ауылы аумағындағы 3028 гектар алқапқа су беру арқылы Жезқазған мен Сәтбаев қалаларын көкөніс және сүт-ет өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылғаны белгілі. Су қоймасынан су магистралдық канал арқылы беріліп, ұзақ жылдар бойы бұл міндет ойдағыдай орындалды да. Сонымен қатар саяжайлар мен еңбеккерлердің ұжымдық бақшасына су беру де оңтайлы шешілген-тін. Тәуелсіздік жылдарындағы нарықтық экономиканың келуімен халық осы игіліктен айрылып қалды.
Бөгет пайдалануға берілген кезден бастап Жезқазған облыстық су шаруашылығының балансында болды. Ал, Жезқазған облысы таратылғаннан соң «Казводхоз» РМК Қарағанды филиалының құзырына берілді. Алайда, су қоймасының жағдайы бүгінде аянышты жағдайда қалып отыр. Тозығы жеткен шлюздер, бекітуші тетіктері мен металл құрылғылары тоттанып, өзгеріске ұшыраған. «Қарағандыводхоз» тарапынан гидротехникалық нысанға тиісті бақылау болмауы салдарынан 2019 жылдың көктемінде күтпеген апат орын алып су сыртқа ағып кеткен. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, қоймадағы су 3-3,5 есе азайып, 76 млн. текше метрден 19 млн. текше метр ғана су қалған. Өткен жылғы көктемгі су тасқынында 13 млн. текше метрдей сумен толықты. Жезді қоймасындағы су көлемінің төмендеп қалуы оның сапасына да кері әсерін тигізуде. Оның үстіне «Қазақмыс» корпорациясының өндірістік қалдықтарын сүзгіден өткізген техникалық суы мен Сәтбаев қаласы кәріз жүйелерінің жеткілікті тазаланбаған ағындыларының Жезді өзеніне келіп құйылуы су сапасын мүлдем нашарлатып, ауылшаруашылығы дақылдарын суаруға жарамсыз жағдайға жеткізді. Осындай зиянды қалдықтармен ластанған қойма суы Сарысу өзеніне де құйылады. Сарысу бойында көптеген қыстақтар мен жүзге жуық шаруа қожалықтары орналасқанын ескерсек, ластанған судың қаншалықты көлемде залал тигізіп отырғанын жете сезінуге болады.
Бұл жағдайдың барлығы Су ресурстары жөніндегі комитетке, Нұра-Сарысу су-бассейні инспекциясына белгілі. Бірақ, олардың тарапынан Жезді су қоймасының ластануының себептеріне тексеріс жасалмаған. Сондай-ақ, қоймаға жауапты тұлғаларды бекітіп, негізгі бағыттарын айқындауға мән берілмеуде. Республикалық орталық органдар мен «Қарағандыводхоздың» жұртшылық көтеріп жүрген осы мәселелерге жеткілікті көңіл бөлмеуі келеңсіз жағдайға әкеліп соғуда. Мәселен, ҚР Үкіметінің Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Ұлытау ауданын әлеуметтік-экономикалық дамытудың Кешенді жоспары туралы 2011 жылғы 3 қарашадағы №1283 және 2019 жылғы 13 маусымдағы №400 қаулыларында Жезді су қоймасына Талап суармалы жүйесінің магистралдық каналымен бірге қайта жаңарту жүргізу көзделген болатын. Өкінішке орай, өңір үшін өзекті бұл жоба тек қағаз жүзінде қалып қойды. Егер Жезді қоймасы қайта жаңартылып, дұрыс негізде пайдаланылса Талаптың 3 мың гектар алқабына картоп пен көкөніс егу арқылы қанаттас қос қаланың азық-түлік мәселесін оңынан шешуге болар еді. Қазір су қоймасы иесіздікке ұшырап, мүлдем жарамсыз болып қалатын қауіпі бар.
Ендігі жерде өңір жұртшылығы Жезқазған қаласының қалыпты тыныс-тіршілігін қамтамасыз етуде маңызды орын алатын Кеңгір және Жезді су қоймаларына қатысты бұл жағдайлардың алдағы уақытта ҚР Су кодексінің талаптарына сай болуына Үкімет тарапынан дұрыс көңіл бөлінсе деп үміттенеді.
Амандық РАХҰЛЫ,
Қазақстанның Құрметті журналисі.