Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күні облыс орталығында бар сән-салтанатымен өтті. Мерейлі мерекеге орай «Металлург» стадионында Мемлекеттік ту көтеру салтанаты өтіп, Әнұран шырқалды. Шараға Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы, облыстық мәслихат төрағасы Бауыржан Шыңғысов, құрметті ардагерлер, өңірдің ведомстволары мен мекемелерінің басшылары, депутаттар, қоғам өкілдері қатысты.
Мемлекеттік рәміздер – елдіктің белгісі, тәуелсіздігіміздің мызғымас нышаны. Сондықтан әрқайсымыздың бойымызда рәміздерге деген құрмет зор болып, оларды бойтұмардай қастерлеуіміз қажет. Мемлекеттік рәміздер күніне арналған салтанатта сөз сөйлеген өңір басшысы осылай деді.
– Тәуелсіздіктің осы үш символы бізге ерекше рух береді. Әрқайсымыздың кеудемізге мақтаныш ұялатады.
Президентіміздің бастамасымен Мемлекеттік рәміздердің қоғамдағы орнын биіктетуге бағытталған шаралар қолға алынуда. Жыл сайын рәміздер күнінде және Республика күнінде Мемлекеттік ту көтеру дәстүрге айналды. Заңнамада мемлекеттік рәміздерді қолдану тәртібі жеңілдетілді. Осы ретте әрбір азамат Мемлекеттік рәміздерді қастерлеп, құрмет танытуы тиіс, – деді Берік Әбдіғалиұлы.
Мерекеге арналған рәсім барысында әскери қызметшілер сап түзеп, Мемлекеттік Ту көкке көтеріліп, Қазақстанның Әнұраны шырқалды.
Орайы келгенде айта кетейік, Мемлекеттік рәміздер күніне арналған салтанатты іс-шаралар Ұлытау облысының барлық қалалары мен аудандарында да өтті. Шара барысында автошерулер, Мемлекеттік Гимнді ұжымдық орындау сияқты көпшілік қатысқан акциялар ұйымдастырылды.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.