Сәтбаев қаласындағы Шынболат Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС еңбеккерлерінің «Jastar Bolashaq» жастар одағының ұйымдастыруымен «Қазақмыстың» кішкентай жұлдыздары» атты балалар шығармашылығының фестиваль-байқауы өтті.
Фестивальдің мақсаты – балалар мен жасөспірімдердің өнерін насихаттау. Дарынды балалардың және шығармашылық ұжым жетекшілерінің әлеуетін іске асыру және қызығушылығын арттыру. Байқау 4 бағыт бойынша, вокал, хореография, музыкалық аспапта ойнау, пародия сынды өнер жанрларын қамтыды.
Байқауда 42 қатысушы бақ сынады. Ата-аналары корпорацияның түрлі құрылымдарында еңбек етіп жүрген талантты балақайлардың өнер жолындағы қадамдары жарқырай көрінді. Вокал бағыты бойынша бас жүлдені «Жыланды» кенішінің еңбеккері Ақнұр Әбдікаримованың ұлы Жақсылық Бақтыбай жеңіп алды. І орын «Транко Экспресс» ЖШС Мария, Зарина Әбдікәрімоваларға бұйырды. «Қорғау қызметі» ЖШС Жезқазған филиалының намысын қорғаған София Пупареваға ІІ орын тиесілі деп танылды. ІІІ орынмен «Жезқазғантүстімет» ӨБ Айару Абдулла марапатталды.
Хореографиядан бақ сынағандар арасынан бас жүлдені «Tranco Jezz» ЖШС Айлин Жаудет жеңіп алса, І орынмен бірыңғай қойма шаруашылығынан Әмина Құдайберген марапатталды. ІІ орын жылу, энергетикалық кәсіпорнынан Камила Болатқа бұйырды. ІІІ орынның жүлдесін «Батыс» кенішінен Адия Ахметжанова алды.
Музыкалық аспапта ойнау бойынша кен, шахта жабдықтары зауытынан бас жүлдені Нұрасыл Алтынхан иеленсе, Оңтүстік Жезқазған кенішінен І және ІІ орындарды Көркем Ердірахман мен Санжар Иманжан еншіледі. ІІІ орынға «Қорғау қызметі» ЖШС Жезқазған филиалынан Исламбек және Иманәлі Ғаппасовтар лайықты болды. Бас жүлдені Алтынхан Нұрасыл (ЗГШО) қанжығасына байлады.
Пародия жанрында бас жүлдені Сәтбаев қаласындағы Абай атындағы № 4 мектеп-лицейінің 6 «А» сыныбы жеңіп алды. Ғазиз Омаров атындағы шахтапроходкалау тресінен Әлинұр Ғалым І орынмен марапатталды. ІІ орынды Жезқазған медициналық орталығынан Айару Арманқызы мен Медина Сағынтай алды. ІІІ орынның жүлдесі Ғазиз Омаров атындағы шахтапроходкалау тресінен Айымхан Қабылбекке бұйырды.
Байқаудың бас жүлдесіне ие болған дарынды балақайларға Астана қаласында өтетін «Ұлы дала баласы» атты республикалық байқауға жолдама берілді.
«Қазақмыстың» кішкентай жұлдыздары» балалар байқауы тағы бір жаңа есімді анықтап, олардың шығармашылығының жұлдызын жақты. Алда Астана қаласындағы байқауда бақ сынайтын балақайларымызға сәттілік тілейміз.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.