Аты-жөні: Болат Әли Жанболатұлы
Туған күні: 29 қыркүйек, 2012 жыл
Туған жері: Жәйрем кенті, Ұлытау облысы
Ата-анасы: Жанболат Төлеубаев, Мақпал Жақыпова
Ғылыми жетекшісі: Раушан Ахан
Ақпарат үшін анықтама:
Үстіміздегі жылы дара тұлға, тұңғыш акадамик Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың 125 жылдығына орай ғалымның мол мұрасын жасөспірімдерге насихаттау мақсатында Қазақстан Республикасы «Білім-өркениет» ұлттық инновациялық ғылыми зерттеу орталығы ұйымдастырған республикалық байқау өткізілген болатын. Аталмыш айшықты шараға еліміздің барлық аймақтарынан дарынды оқушылар қатысып, бақтарын сынада. Осы байрақты бәсекеге біздің жерлесіміз, Жәйрем кентіндегі №30 жалпы білім беретін мектептің 5 «В» сынып оқушысы Әли Болат «Қазақстанның жеті кереметі» деген тақырыптағы өзінің ғылыми еңбегін жолдаған еді.
Дарынды жерлесіміздің бұл еңбегі сарапшылар тарапынан үлкен бағаға ие болып, «Үздік ғылыми жоба авторы» деген атақ пен І Дәрежеді диплом табысталды.
– Әли бота, үлкен жеңісіңмен құттықтаймыз! Талабың таудай болсын!
– Рахмет. Иә, бұл жеңіс мен үшін үлкен жетістік болды. Ең бастысы мектебімнің абыройын көтердім деп ойлаймын.
– Дұрыс айтасың. Бұл жеңіс тек мектебің үшін ғана емес, Жәйрем кенті, Ұлытау облысы үшін де үлкен мерей. Жалпы, осы байқаудан қандай әсер алып қайттың?
– Байқаудан керемет әсер алдым.Байқаудың қорытындысы Астана қаласында өтті. Әуелгі кезекте форум өткізілді. Онда үлкен ғалымдар, журналистер, университет оқытушылары өздерінің ғылыми шығармашылығы жайында баяндама оқыды. Ал бөлімінде әр түрлі номинация жеңімпаздарын марапаттау рәсімі болды. Мен «Ең үздік ғылыми жоба авторы» байқауынан 1-орынға ие болдым.
– Бұл сенің бірінші жеңісің емес шығар. Бұған дейін қандай байқауларда бағыңды сынадың?
– Иә, бұл бірінші жеңісім емес. Бұған дейін қалалық пән олимпиададан тарих пәні бойынша қатысып, І орын алдым. Облыстық мектеп оқушылар арасында өткен ғылыми жоба байқауынан І орынға ие болып, Көкшетау қаласында өткен Республикалық ғылыми жоба байқауына қатыстым. Республикалық «Менің Отаныма – менің бастамам» атты ғылыми шығармашылық байқауына қатысып, Ұлытау облысы бойынша І орынға ие болып, Республикаға жолдама алдым.
– Мектеп қабырғасындағы балалардың дені өнер мен спортқа бейім болады. Ал сенің ғылыми жұмыстармен айналысуыңа не түрткі болды?
– Ғылыммен айналысуыма түрткі болған жайт – ол тарих пәніне деген қызығушылығымды арттырған жетекшім Ахан Раушан ұстазымның еңбегі деп санаймын. Себебі тарих пәнін бастауыштан кейін бірінші жылы оқуымыз.
– Ғылыми жобалармен айналысу өзге сабақтарға кедергісін келтірмей ме?
– Жоқ, өзге сабақтарға кедергі келтірмейді. Спортпен де шұғылданамын. Бәріне үлгеремін.
– Мектептегі үлгерімің қандай?
– Өте жақсы. Бастауыштан бері үздік оқушылар қатарындамын.
– Бос уақытыңда немен айналысқанды ұнатасың?
– Бос уақытымда дзю-до-ға қатысамын.Сонымен қатар тарихи кітаптар оқып, олимпиада, ғылыми жобаға дайындаламын.
– Өскенде кім болуды армандайсың?
– Өскенде ғалым болғым келеді. Тарих ғылымының докторы, профессор болуға еңбектенемін.
– Әй, бәрекелді. Онда, соңғы сауал: «Жауқазын» газетіне қандай тілек, өтінішің бар?
– Балалар газетіне айтар тілегім осы облыстағы дарынды балалардың жетістігін көпшілікке танытса, баланың жігерленіп, ары қарай талпынуына рух берер еді. Газетке шығармашылық жетістіктер тілеймін!
– Рахмет! Өзіңе де таудай талап тілейміз. Биіктерден көріне бер. Мерекең құтты болсын!