Мен тәуелсіз елде тұрамын. Тәуелсіз деген сөздің ұғымы – ешкімге тәуелді болмау. Бейбіт заманда сәбилердің жылағанын немесе ауыр жағдайын көріп жаным ашиды.
Жақында бізге апайымыз «Балалардың көз қуанышы» деген әңгіме оқып берді. Онда биік ақ қайыңның түбінде кішкентай балақай жылап тұрды. Ол сол мезетте бақтардың қалай гүлдегенін көрмеді, құстардың қалай сайрағанын естімеді. Көгілдір аспан оған қара болып, ал тырналардың тізілген қатары оның көзінен тамған жас секілді елестеді. Қасынан өтіп бара жатқан жандар кішкентай баланың өзін де, оның жылап тұрғанын да байқамады. Тек бір қарт қана баланы байқап, оның қасына келіп, басынан сипады. Қарт балаға көптеген сөздер айтып, әлденелерді жеткізгендей болды. Әңгіменің ақырында бала күлім қақты. Ол енді айналасында бақтардың гүлдеп тұрғанын көрді, құстардың қалай сайрағанын естіді. «Міне, қазір көктем екен», – деп ойлады бала.
Шіркін, біреудің көзіндегі жасты тыйып, жүзінде күлкі ойнату қандай бақыт. Асылы, барлық бала бақытты болуға лайықты ғой.
Әліби Балтабаев,
Қ. Сәтбаев атындағы № 7 мектеп-лицейдің 8 «Г» сынып оқушысы.
Жезқазған қаласы.