Қымбатты жас дос!
Бала – өмірдің жалғасы, елдің болашағы. Әрбір баланың тәтті қылығы, тыныш ұйқысы, алаңсыз күлкісі маңызды. Сондықтан да күллі әлемде барлық жақсылықтар балалар үшін жасалады. Бүгінгі мереке де соның бір айқын айғағы. Ал, сен осы мерекенің қалай өмірге келгенін, оның басты маңызы не екенін білесің бе?
Жыл сайын 1 маусымда әлемнің әр түкпірінде Балаларды қорғау күні аталып өтеді. 1949 жылы Парижде өткен әйелдер конгресінде екінші дүниежүзілік соғыстың салдарынан жетім қалған балалардың мәселесі көтерілген еді. Ал 1950 жылы 1 маусымда балаларды қорғау күні ретінде алғаш рет мереке ұйымдастырылды. Жаңа бастаманы басқа елдер қолдап, бұл күн балалардың мерекесіне айналды.
Кейбір деректерден бұл мерекенің тарихы әріректе екенін білуге болады. Мәселен, 1925 жылы Женевада өткен балалар мәселесіне арналған Дүниежүзілік конференцияда балалар күнін атап өту туралы шешім қабылданған. Кейбір елдер бұл мерекені маусымда, ал кей мемлекеттер қарашада тойлайды.
Дегенмен, балаларға арналған мейрамның мақсаты бірдей. Өнеркәсіптік революция мен әлемді дүр сілкіндірген дүниежүзілік соғыстардан соң балалардың зорлық-зомбылық, қысым көрсету және адам құқығынан айырылуы сынды мәселелер белең ала бастады. Сондықтан да әлем көшбасшылары бүкіл әлемдегі балаларды қорғау керек деген шешімге келген болатын. Сол кездегі дамыған елдерде балалардың жағдайын жақсарту бойынша шұғыл шаралар басталып кетті. Дамушы елдер үшін агенттіктер тарапынан қаражат бөлініп, қайырымдылық жасалды. Әр түрлі науқандар ұйымдастырылып, еріктілердің жұмысы қыза түсті. Осылайша балаларды оқыту, тамақтандыру, адам саудасына қарсы іс-шаралар қарқынды түрде ұйымдастырылды. Сонымен қатар бала еңбегін пайдалануды тоқтатуға айрықша басымдық берілді.