Ел аумағындағы барлық мектептерде мектеп бітіруші түлектер үшін соңғы қоңырау соғылды. Ұлытау облысындағы 40276 оқушы оқу жылын тәмамдады. Жаңа да жауапты өмірге қадам басқан 1687 түлек алтын ұяларымен қоштасты. Ал 9-сыныпты 3435 оқушы бітірді. «Алтын белгіге» үміткер 38 оқушы болса, «Үздік аттестатқа» үміткер –163. Мектеп ұжымдары жылды қорытындылап, үздік оқушыларды марапаттады.
Биыл № 22 жалпы білім беретін мектепті 50 оқушы тәмамдады. Олардың 1-еуі – алтын белгі, 2-еуі – үздік аттестатқа үміткер. Түлектердің барлығының жүздерінде қуаныш пен қимастық сезімдері көрініп тұр. Бұл оқу ордасының оқушылары республикалық және халықаралық олимпиадаларда топ жарып, жоғары нәтиже көрсетті. «Болашақта да осы биіктен түспеңдер!». Үлкен өмірге қадам басқалы отырған түлектерге облыс әкімі осылай деп сенім білдірді.
Соңғы қоңырау соғылды. Мектеп вальсі шырқалды. «Аманат» кілті табысталды. Жас түлектердің алға қойған өзіндік жеке мақсаттары бар. Мектеп қабырғасындағы соңғы салтанатты шараларына қатысқан олар үшін бүгінгі күн тарих!
Салтанатты шарадан кейін аймақ басшысы биыл білім ошағына салынатын спорт алаңының орнын қарады. Және мектеп ауласын абаттандыруға қатысты бірқатар тапсырма берді.
Кезекті оқу жылын № 24 орта мектептің оқушылары да табысты тәмамдады. Ел келешегінің тізгінін ұстар бүгінгі түлек, ертеңгі мамандарға қала әкімінің орынбасары Бақытжан Жайлаубаев, мектеп басшысы мен мұғалімдер ізгі тілектерін білдірді.
Бұл күні ата-аналардың да кеуделерін ерекше қуаныш сезімі кернеуде. Күні кеше, тарыдай болып мектеп табылдырығын аттаған балалары таудай болып, өмірдің жаңа белесіне аяқ баспақшы. Биыл бұл оқу ордасында 1 түлек үздік аттестатқа үміткер.
Түлектер ұстаздарына арнап ән шырқап, мектеп қабырғасында соңғы рет оқушы ретінде вальс биледі. Салтанат соңын қоңырау сыңғыры түйіндеді.
Бұл № 26 гимназия. Соңғы қоңырау басталған кездегі үш толқын ұрпақтың: ата-аналар мен ұстаздардың, оқушылардың жүздеріндегі алаулаған шаттықты, көздеріндегі шуақты нұрды, көңілдеріндегі алабұртқан сезімді көргенде,кімнің де болса жан дүниесі толқымай тұра алмайтын анық. Себебі, 11 жыл бойы білім мен тәрбие берген мектеп олардың екінші үйлеріне айналған. Ал, үйді қиып жыраққа кету оңай емес.
Мұнда соңғы қоңырау салтанаты түлектер шеруімен басталды. Ортаға Мемлекеттік Ту әкелініп, ел Әнұраны шырқалды. Мұғалімдер қауымы үшін әр шәкірт өзінің баласындай болып кеткен. Яғни, «ұстаз болу дегеніңіз – өзіңнің уақытыңды аямау, өзгенің уақытын аялау» деген сөз! Шәкірттеріне деген жүрекжарды лебіздерін бітіруші түлектердің сынып жетекшілері жеткізді.
Бұл білім ордасын 752 оқушы оқу жылын аяқтады. Оның 38 түлегі үлкен өмірге қанат қақты. 1-еуі – Алтын белгіге үміткер. Жас талапкерлер арқада тұрған жауапкершілік жүгін жақсы сезінеді. Жанарлары нұрға, құшақтары гүлге толы түлектердің алтын ұяларына деген қимастық сезімдері сезіліп-ақ тұр.
Облыстың барлық мектептерінде соғылған соңғы қоңыраудың сыңғыры жас түлектерді жаңа өмірге шығарып салды. Алдарыңда тек Ақ жол болсын дейміз!
Гүлім МАРАТҚЫЗЫ.
Суретте: Жамбыл Жабаев
атындағы №15 Қарсақбай орта мектебінің биылғы түлектері.