Жезқазған қаласының 70 жылдық мерейтойына арналған іс-шаралар легі жалғасуда. «Ұлытау» спорт кешенінде үстел теннисінен жасөспірімдер және ересектер арасында аймақтық турнир ұйымдастырылды.
Жылдамдықты, шапшаңдықты және ептілікті талап ететін үстел теннисі біздің облыста қарқынды дамып келеді. Жуырда өткен аймақтық жарыс соның дәлелі. Турнирде Ұлытау облысының барлық қала-аудандарынан 100-ге жуық теннисші бақ сынады. Турнирдің ашылу салтанатында Жезқазған қаласы әкімінің орынбасары Бақытжан Жайлаубаев жас ракетка шеберлерін құттықтап, сәттілік тіледі.
Турнир қорытындысында жеңімпаздар мен жүлдегерлер кубоктармен, медальдармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Солардың ішінде жас теннисші Жанмәди Қаратайдың бәсі басым түсті.
Жанмәди спорттың осы түрін ағасынан үйреніп, ден қойған екен. Төрт жарым жыл үстел теннисіне қатысқан ол бүгін жасөспірімдер арасынан жарыс жеңімпазы атанды.
– Туринр өте тартысты өтті. Өзім керемет сезімде болып тұрмын. Жарыс осындай кең ауқымда бола берсін, – дейді бала теннисші.
Орайы келгенде айта кетейік, аймақтық турнир жаттықтырушы Ғалия Әбдіғапарованың бастамасымен өтті. Ол осыдан 3 жыл бұрын осы бастаманы көтерген болатын. Ал қала әкімдігі мен спорт басқармасы қолдау білдірді. Осындай жарыстар арқылы олимпиада ойындарында еліміздің әнұранын асқақтатып, туын желбірететін чемпиондардың шығатыны хақ.
Гүлім МАРАТҚЫЗЫ.