«Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС өңірлердегі кәсіпорындардың қауіпсіздігін нығайтуға баса мән береді. Еңбек жағдайында қауіп төндіретін әрекеттерді алдын алу үшін жұмысшылар арасында ауқымды шаралар өткізіліп келеді.
«Jastar Bolashaq» Жастар одағының ұйымдастыруымен техника қауіпсіздігі және қолданбалы өртсөндіру спорттық-өндірістік эстафетасы өтті. Эстафетаға «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС «Жезқазғантүстімет» өндірістік бірлестігінің кәсіпорындарынан 13 команда қатысты. Былтыр бұл жарысқа 5 команда қатысқан болатын. Эстафета 6 кезеңнен тұрды. Ұйымдастырушылардың айтуынша екінші мәрте өткен жарысқа қатысушылардың қатары ұлғайып, өндіріс алаңдарында қауіпсіздік саясатын жүзеге асырудың нақты шараларын көрсетуде еңбеккерлер адам өмірі бәрінен маңызды екендігін айқын көрсете білді.
Эстафетаның қорытындысы бойынша І орынға тағайындалған 200 мың теңгені Шығыс Жезқазған кеніші жеңіп алса, ІІ орынды Электржабдықтарға энергетикалық қызмет көрсету басқармасы еншіледі. Бұл команданың қоржынына 150 мың теңге байланды. Мамандандырылған энергия жөндеу басқармасы ІІІ орынның 100 мың теңгесіне ие болды.
Сонымен қатар, «Жомарт» кеніші «Қауіпсіздік жолында біргеміз» номинациясына ие болса, Мамандандырылған жөндеу механикалық басқармасы «Қауіпсіз өндіріс» номинациясымен марапатталды. Бұл командаларға 50 мың теңге көлемінде сыйақы берілді.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.