Жалынды жастық шақтарын сұрапыл соғыс ұрлаған, буыны қатпай жатып еңбекке араласқан буынның алды бүгінде қарттықтың кемесінде. Соғысқа жарамды ерлер майданға алынғанда ауылда қалған шаруашылық қарттарға, жас аналар мен ес біліп келе жатқан жастарға қалды.
Тылда жүріп, маңдай тері сорғалап, табаны тілінген сол жандардың еңбегі майдан шебіндегі солдаттардың ерлігінен кем түскен жоқ. Олар соғыс аяқталып, бейбіт өмір салтанат құрған шақта нағыз еңбектің ортасында қайнады. Бір кездері кен өндіру, байыту және металлургия салаларымен қатар өндірістің өзге де буындарында қалтқысыз еңбек еткен ата-әжелерімізге деген құрмет ешқашан бәсеңдеген емес. «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС жанындағы Ардагерлер кеңесі корпорацияның ардагерлеріне атаулы мерекелерде үнемі ыстық ықылас танытып келеді. Жеңістің 79 жылдығына орай Ардагерлер кеңесінің Жезқазған, Сәтбаев, Балқаш филиалдарында тылда тер төккен өндіріс ардагерлеріне арналып дастарқан жайылып, ілтипат көрсетілді.
Кеңестің басқарма төрағасы Төлеген Бүкіров: «Ардагер аға буынның соғыс жылдарындағы ерлігі мен еңбегі тарихта таңбаланып қалды. Біз мұны ұмытауға хақымыз жоқ. Сіздердің еңбектеріңіз бейбіт күннің іргесін қалауға негіз болды», деп атап өтті. Үш қалада өткен мерекелік шарада ардагерлер бір-бірімен көрісіп, шұрқыраса әңгіме-дүкен құрды. Ескі әндерді шырқап, бір мәре-сәре күйге енді. Ардагерлер өздеріне көрсетілген құрмет үшін ұйымға алғыстарын айтып тарқасты.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.