Облыстық мемлекеттік архив пен Қ. Сәтбаев атындағы тарихи-өндірістік музейдің бірлесіп ұйымдастыруымен Ұлы Отан соғысының ардагері Жанша Жанасовтың туғанына 100 жыл толуына орай еске алу кеші өткізілді. «Ерлікке толы өмір» деп аталған бұл іс-шарада Қарсақбай өңірінің тумалары, ағайынды Жанасовтардың майдандағы жауынгерлік жолы, бейбіт өмірдегі жасампаздық істері көрмеге қойылған құжаттар арқылы және оларды білетін жандардың естелігімен өріліп, қатысушыларға кеңінен жеткізілді.
Жанша Жанасұлы 18 жасқа толған соң әскер қатарына шақырылып, 1942 жылдың қыркүйегінен бастап Көкшетау қаласындағы кіші командирлер мектебінде оқиды. 1943 жылы Ресейден эвакуацияланған Фрунзе атындағы жаяу әскер училищесіне оқуға жіберіледі. Онда кіші лейтенант шенін алып, 1944 жылы 1-Беларусь майданының 3-екпінді Армия құрамында соғысқа кіреді. Польшадағы ұрыстарға қатысып, Варшава маңында Висла өзенінен өту кезіндегі ауыр шайқастардың ортасында болады. Сол үшін «Варшаваны азат еткені үшін» медалімен марапатталады. Одан кейін Германияға қарсы ұрыстарда Берлинге «қақпа» ашқан Одер өзенінен өту операциясына қатысып, 40 адамнан тұратын взводты басқарады. Зелоу биіктіктеріндегі шайқастарға қатысып жүргенде 1945 жылы 17 сәуірде Аль-Одер жағасында жараланады. Жеңіс туралы қуанышты хабарды госпитальда жатқанда естиді.
Майдангердің бейбіт өмірдегі еңбек жолдары да өнегеге толы. Қарағанды политехникалық институтын 1959 жылы бітіріп, Жезқазған құю-механикалық зауытындағы еңбек жолын бастайды. Кейін осы зауыттың директоры болады. 1966 жылы «Қазтүстіметқұрылыс» тресінің бас инженері, 1971 жылдан бастап «Қазмеханомонтаж» тресінің бастығы қызметін атқарады. Бұл кәсіпорын республика көлеміндегі ірі өндіріс орындарын салып іске қосқаны үшін Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталып, басқа да мәртебелі атақтарға ие болған еді. Жанша Жанасұлы 1977-1978 жылдары Жезқазғандағы «Қазмысқұрылыс» және «Қазхиммонтаж» трестерін басқарып, зейнетке шыққан. Ол І дәрежелі Отан соғысы, Қызыл жұлдыз ордендерімен, «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен марапатталған.
Жанша Жанасов
Бұл кісінің ағасы Жәңгір де Ұлы Отан соғысына бастанаяқ қатысқан. Еңбек жолын 19 жасында Қарсақбай аудандық комсомол комитетінің бөлім меңгерушілігінен бастап, Жоғары партия мектебін, Алматы халық шаруашылығы инстиутын бітірген. Жезқазған, Жаңаарқа аудандық, Балқаш қалалық партия комитеттерінің хатшысы, екінші хатшысы қызметтерін атқарып, 1955 жылы Қоңырат ауданының Сталин атындағы колхоздың төрағалығына жіберіледі. 1958-1965 жылдары Жезқазған қалалық атқару комитетінің төрағасы, 1965-1973 жылдары Жезқазған кен металлургия комбинаты директорының орынбасары, 1973 жылы Жезқазған облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметтерін атқарып өңірдің экономикасы мен мәдениетін көтеру жолында абыройлы еңбек етті. ІІ дәрежелі Отан соғысы, екі мәрте Қызыл жұлдыз, Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерімен, «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен марапатталған.
Еске алу шарасында ағайынды ардагерлер туралы бейнебаян көрсетілді. Қарағанды облысының Құрметті азаматтары, облыстық және аймақтық ардагерлер ұйымдарының жетекшілері Сағындық Қожамсейітов пен Төлеген Бүкіров, Құрметті металлург, жақын туысқаны Жанұзақ Кенбаев Жанасовтардың жасампаздық істері жайлы естеліктерін ортаға салды. Еңбек ардагері Алтын Шайменова, облыстық мемлекеттік архивтің басшысы Дәметкен Орынбасарова өмірлері тағылымға толы өңірдің осындай айтулы тұлғаларының өмірдеректерін жинақтап архив қорына тапсырып, келер ұрпаққа жеткізудің маңызына назар аударды.
Жәңгір Жанасов
Ерлік пен елдіктің дәстүріне сай өнегелі ғұмыр кешкен Ұлы Отан соғысының ардагерлері, ағайынды Жәңгір мен Жаншаның Жезқазған-Ұлытау өңірін дамыту жолындағы атқарған еңбектері туралы көп айтуға болады. Ең бастысы, Жанасовтардың жасампаздық жолындағы жарқын істерін жерлестері ұмытпайды.
Амандық РАХҰЛЫ.