Қазақстан тәуелсіздік алған жылдан бастап ел күнтізбесінде жаңа мемлекеттік мерекелер пайда болды. Солардың бірі ел аумағы мен оның тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ететін әскери күштердің – Отан қорғаушылардың кәсіби мерекесі болып табылады.
Бұл күн – елдің қауіпсіздігі мен оны қорғауды, сондай-ақ тәуелсіздікке қауіп төнген сәтте кез келген сыртқы агрессиядан қорғап, бейбіт өмірді қамтамасыз ете алатын барлық әскери қызметшілер мен тыл қызметкерлеріне арналған. Осыған орай, ел тұрғындары барлық ер-азаматтарды осы атаулы күнмен құттықтайды.
Бұл күн не себепті 7 мамырда атап өтіледі? Отан қорғаушылар күні қазақстандықтар үшін маңызды, айтулы және сүйікті мерекесіне, ал қарулы күштер бейбіт күннің символына айналды. Десе де Қазақстан халқы бұл айтулы шараға біртіндеп келе бастады. 7 мамырды мереке ретінде атап өту – Қазақстан тәуелсіздік алған 1991 жылдан басталды. Ал, 1992 жылы дәл осы күні Қазақстан Президенті «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру туралы» Жарлыққа қол қойды. Бүгінде ҚР Отан қорғаушылар күні – мемлекеттік мереке және күнтізбеде ресми түрде демалыс күні ретінде белгіленген. Сондай-ақ мерекенің ресми мәртебесі Қазақстан Республикасының тиісті Заңында бекітілген. ҚР Отан қорғаушылар күні мемлекеттік деңгейде, түрлі ұжымдар мен отбасында атап өтіледі.
Қазақстан әскерінің жоғары мәртебесі арқасында ел әскерінің күш-қуаты берік әрі мемлекет қарулы күштерді нығайту және дамытуға баса мән береді. Қазіргі таңда елде әскери реформа тұжырымдамасы ғана емес, сондай-ақ мемлекеттік әскери құрылыс бағдарламасы да бар. Әскер қолбасшылары оның құрылымы мен әскерилердің кәсіби біліктілігін арттыру бағытында бірқатар шараларды қолға алуда.
Әскер қатарында жүрген әр азаматтың елі үшін еткен ерен еңбегі ешқашан ұмытылмайтыны анық. Сол себепті бұл күнді бұрынғы әскери қызметкерлер де, қарулы күштердің ардагерлері де атап өтеді. Айта кетерлігі, әскери қызметкерлердің арасында әйелдер де көп. Қазақстан Республикасының әскері мен армия қатарында мыңдаған әйелдер қызмет етеді. Олар ерлермен бірге өз елі мен жерін қорғауға қашан да дайын.
Отан қорғаушылар күнінің ел тұрғындарының патриоттық сезімін арттырып, әскери қызметтің ролін күшейтуде маңызы зор. Сол себепті республика армиясы нығайып, Қазақстан аспаны мәңгілік ашық болсын деп тілейміз.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.