Сұрапыл соғыста көзсіз ерлігімен танылған Кеңес одағының батыры аға сержант Амантай Дәулетбеков 1917 жылы 10 қарашада Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданының Түгіскен ауылында туған. Тағдырдың жазуымен әскер қатарына Жамбыл облысының Талас ауданынан шақырылған. «Жақсыға талас көп» демекші, батыр есімін бүгінде екі аудан да қатар иемденіп жүрген жайы бар.
Ел басына төнген ашаршылық нәубетінен, одан қалды саяси жүйенің зорлық-зомбылық зардабынан отызыншы жылдары Түгіскен өңірі тұрғындарының басым бөлігі оңтүстікке қарай үдере көшкені өлке тарихынан белгілі. Бұл оқиға туралы ақын Ғалым Жайлыбайдың «Тама көшкен» деген поэмасы да бар. Сол көшкендердің арасында Амантайдың да отбасы болды. Жаңа жерге орныға бергенде тағдыр Амантайды ата-анасынан ерте айырды. Бұдан соң ол ағайындарына ере отырып, Талас ауданының Майтөбе ауылына көшіп барады. Мектептің 7-сыныбын бітірген соң зооветтехникумда оқып, ауылда зоотехник болып жұмыс істейді. Ол 1939 жылы әскер қатарына шақырылып, жауынгерлік жолын Қиыр Шығыста бастайды. Соғыс басталғаннан кейін дайындықтан өткен оны 1942 жылы Брянск майданына жібереді. Онда 13-Армияға қарасты танкілерге қарсы 1180-полктің артиллериялық тобының командирі болып, алғы шептегі талай шайқастарға қатысады.
Орлов облысындағы Ливны мен Касторной аудандарындағы кескілескен ұрыстардың бірінде ерлік көрсеткен А.Дәулетбеков «Ерлігі үшін» медаліне ие болады. Ал, тағы бір көзсіз ерлігі үшін 1943 жылы 25 қаңтарда Қызыл жұлдыз орденімен марапатталады. Сол жылдың жазында Орёл мен Курск теміржолдары арасындағы Поныри қалашығы түбіндегі ұрыста Амантайдың тобы жау әскерінің қоршауында қалады. Оқтары таусылып, қатарлары сиреп қалғанын көрген ол танкіге ілескен дұшпандардың жаяу әскерімен қоян-қолтық ұрысқа шығады. Төрт фашисті мұрттай ұшырғанмен, өзіне де оқ тиеді. Осы оқиғаны растайтын 1180-артиллерия полкінің командирі подполковник Мац қол қойған құжат мұрағат қорында сақталыпты. Сондағы жазба деректе аға сержант А. Дәулетбековтің зеңбірекшілері жаудың 29 танкісін, 13 сүйреткі зеңбірегін, 150 жаяу әскері мен 40 автоматшысын жойып жібергені жазылған. Сұрапыл шайқаста қаза тапқан А. Дәулетбековке КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1943 жылғы 24 желтоқсандағы жарлығы бойынша Кеңес одағының батыры атағы берілді. Оның есімі Курск түбіндегі шайқаста ерлікпен соғысып, қаза тапқан батырлармен бірге Ресейдің Поныров ауданындағы мемориалдық кешенде алтын әріппен жазылған.
Туған өңірі Жаңаарқа ауданының орталығында А. Дәулетбековтің атына көше берілген, батырдың кеуде мүсін ескерткіші орнатылған. Музейде құжат деректері мен баспасөзде жарияланған материалдары сақтаулы. Аудандағы Даңқ алаңындағы мемориалдық ескерткіш тақтаға есімі жазылған Амантай батырдың рухына жыл сайын Жеңіс күнінде жаңаарқалықтар тағзым етіп, құрмет көрсетеді. Ендігі кезекте, жаңадан шаңырақ көтерген Ұлытау облысының басшылығы мен жұртшылығы да ерен ерлігімен есте қалған батыр есімін жатсынбай, ізгі шараларға арқау етіп елеп-ескергендері жөн болар деп ойлаймыз.
Амандық РАХҰЛЫ.