Қазыналы Қарағанды өлкесінде «Қазақмыс» корпорациясының қарамағындағы «Нұрқазған» аталатын кеніштің кен өндіру көкжиегі жыл санап ұлғайып келеді.
Мұқан Үңгітбаевтың тізгініндегі өндіріс нысаны биыл конвейерлік желіні ұлғайтып, кен шығару көлемін де соған сай арттыру көзделіп отыр. Іргелес орын тепкен «Нұрқазған» байыту фабрикасына жөнелтілетін кеннің ысырапсыз жетуінде конвейер телімінің атқарар шаруасы шаш етектен.
Әлішер Тлегенов басшылық жасайтын телім бір ауысымда фабрикаға 12 мың тонна кен жөнелтеді. Әлішер Мұратбекұлы жас та болса кеніштегі жауапкершілік жүгі ауыр телімді ың-шыңсыз басқарып отыр. Жезқазған кен байыту фабрикасында еңбек жолын бастаған ол 2018 жылдан бері «Нұрқазған» кенішінде еңбек етуде. Аталған телімде ауысым шебері, кейіннен өндірістік бөлімде жетекші инженер болған Әлішер Тлегеновтің іскерлік қабілетін ескерген кеніш басшылығы 2002 жылы телімнің тізгінін ұстатты.
– Қырық жылға жетерлік байлығы бар «Нұрқазған» кенішінің жер асты пайдалы қазбаларын игеру тұрғысында жан-жақты жұмыстар жүзеге асуда. Соның айқын дәлелі ретінде конвейер желісінің ұзайтылуын айтқан болар едім.
700 метр тереңдіктен 0 деңгей жиектен -60 деңгей жиекке дейін кен көтеру желісінің іске қосылуы кеніштің өнім өндірудегі көлемінің ұлғайғандығын білдіреді. Шахта астындағы 12 сағаттық қызу жұмыста конвейер желісінің алар орны айрықша. Сондықтан бұл желіні ұзартуға басшылық баса назар аударып отыр. Конвейер желісін ұзартуға Ғазиз Омаров атындағы шахтапроходкалау тресі, мамандандырылған құрылыс-механикалық басқармасы бір ұжымдай болып жұмыла кірісті. Мен басшылық ететін телімде 115 адам еңбек етуде. Олардың қатарында машинистер, ұнтақтаушылар, электрслесарьлар, операторлар мен тау-кен жұмысшысы бар.
Фабрикаға кен жіберудегі айлық, жылдық жоспарымыз уақытылы жүзеге асып келеді. Біздің басты қағидамыз – қауіпсіздікті сақтай отырып, берілген көлемдегі кенді жер бетіне шығару. Осы шаруалардан шашау шығармай бір сапта еңбек етіп келе жатқан аға буынның еңбегін әсте ұмытуға болмайды. «Еңбек ардагері» медалінің иегері Насыр Күшікбаев, өндіріс озаттары Болатбек Ахпанбетов, Рауан Қаржауов, Есенбек Қанжар ұжымның көшін алға бастап жүрген азаматтар.
Алдағы мақсатымыз – конвейер желісін ұзайту жұмыстарын сәтті аяқтап, келер 2025 жылға өнім көлемін арттыруға жұмылу. Бірлігі бекем ұжымымыз бұл міндетті де еңсереріне кәміл сенемін, – дейді Әлішер Тлегенов.
Әлішер Тлегенов
Әлішер Мұратбекұлы өндірісте өзін білікті маман, іскер басшы ретінде танытып келеді. Майталман маман өмірлік жарын да осы өндірісте тапты. Құдай қосқан қосағы Інжу «Нұрқазған» байыту фабрикасының техник-инженері. Ерлі-зайыптылардың бірі кен өндіру, бірі кен байыту саласына үлес қосып келеді.
Телімде конвейерлік желінің тілін меңгергендердің қатарында Шәкір Зейнеловтің есімі жиі аталады. Кенішке 2009 жылы тау-кен жұмысшысы ретінде қабылданған Шәкір Жәнібекұлы бір ауысымда 5-6 мың тонна кеннің лента арқылы жөнелтілуіне жауапты. Конвейер машинисі әуелі сақтық шараларынан жұмысын бастайды. Қорғаныш құралдарын сақадай сай етіп іске кіріседі. Бұл еңбекті қорғау талаптарын бұлжытпай орындау деп аталады.
– Жұмысқа кірісер алдында сақтық шараларын күшейтіп, конвейердің қауіпсіздігін толық тексеріп аламын. Қорғаныш құралдарынсыз жұмыс бастауға рұқсат жоқ. Бір ауысымда 5-6 мың тонна кенді фабрикаға тікелей лента арқылы жібереміз. Мұндай жүйе тек осы кеніште ғана бар. Ұжымымыз бірлікті бекем еткен. Бір-бірін қолдауға әркез дайын. Өз істеріне жауапты Жанат Қамбар, Данияр Нақыпов сынды әріптестерім өз істеріне берілген жандар. Бұл кенішке дейін құрылыс саласында еңбек еттім. Кіндік қаным тамған жер – Өзбекстан. Сондағы Заравшан қаласындағы алтын зауытында еңбек еттім. Кейін ата-бабамыздың құтты мекені – Қазақстанға қоныс аудардық, – дейді Шәкір Зейнелов.
Шәкір Зейнелов
Кенішке барған арнайы сапарымда ұзартылып жатқан конвейер желісінің құрылыс жұмыстарына куә болдым. Бұл жауапты іске Ғазиз Омаров атындағы шахтапроходкалау тресінің «Нұрқазған» кенішіндегі № 27 күрделі тау-кен телімі бірлесе кіріскен. Конвейердің құрылысын уақытында сапалы аяқтау міндетін алған телімнің жұмысы өнімді. Құрылыс басында тау-кен шебері Медет Түсіпбайды жолықтырдық. Медет Күлімханұлы трестің тарапынан атқарылып жатқан шаруалардың легін баяндап берді.
Медет Түсіпбай
– Конвейерлік желі жүретін аумақтарда қондырылатын қондырғылардың берік орналасуына баса көңіл бөліп отырмыз. Ұнтақтау машиналары белгілі бір деңгейде қозғалыста болатындықтан біз бетон құю жұмыстарын барынша сапалы орындауға жұмылудамыз. Қазіргі таңда жаңада салынатын желінің біраз бөлігі жобаға сай дайын. Осы жұмыстардың сапалы жүзеге асуында білікті маман Әсет Төкеновтің шеберлігін ерекше атап өткен болар едім. Шахта құрылысындағы майталман осы шаруа қолға алынған бетте бел шеше кірісті, – дейд Медет Түсіпбай.
Медет Түсіпбай Қаражал қаласының тумасы. Ол 18 жасында осы жердегі шахтаға жұмысшы болып қабылданған. Кейін үңгілеу техникасын меңгерді. Трестің қарамағына келгеніне 2 жыл толыпты. Жастайынан өндірісте шыңдалған Медет бүгінде телімнің шаруашылығын дөңгелетуде іскерлігімен танылып келеді.
Құрылыс басынан мамандандырылған құрылыс-механикалық басқармасының бір топ еңбеккеріне жолықтық. Металл құрастырмаларымен айналысып жатқан жігіттер бұл жұмысқа Жезқазған қаласынан арнайы жіберілген. Он үш адамнан құралған бригада өз шаруаларына мығым. Бригадир Рахым Таласбаевтың айтуынша, жұмыс қызу қарқын ала бастаған.
Мамандандырылған құрылыс-механикалық басқармасының еңбеккерлері
– Конвейер қондырғысының сапалы болуына біздің жігіттер бар шеберлігін салуда. Бригадада газбен кесушілер Самат Смайлов, Сапарғали Жомартов, телім шебері Артур Ыдырысов, слесарь-жөндеушілер Жанболат Омаров, Төлеуов Алмас, электр-газбен дәнекерлеушілер Мағжан Құсаинов, Әбілхайыр Тоқсанов, Ернар Түсіпбеков сынды майталмандар бар. Қазір металл құрастырмаларын орналастыру бойынша жұмыстар қызу жүруде, – дейді Рахым Таласбаев.
Кен желісін кеңейтіп, келешекте жер қойнауындағы пайдалы қазбаның қорын ұлғайтуды көздеген «Нұрқазған» кеншілерінің бүгінгі
еңбегі осылай көрініс табуда. Табысқа табыс қосып, ен байлыққа түрен салған нұрқазғандықтар межелі биіктен көрінуге бар күштерін салуда.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.