«Атадан мал қалғанша, тал қалсын» дейтін елміз. Табиғатқа көрік, аулаға тыныс, жұртқа сая, құсқа ұя болса несі жаман. Сондықтан, ағаш егу сауапты іс екені аян. «Таза Қазақстан» республикалық акциясының «Жасыл аймақ» экоапталығы аясында Жезқазған қаласындағы «Наурыз» саябағына 100-ге жуық терек отырғызылды.
Игі іске аймақ экологиясына бей-жай қарамайтын жандар түгел жиылды. Қала әкімдігі, Ұлытау облысыының жастар ресурстық орталығы, «Бірлік» еріктілер клубы мен тұрғындар қолдарына күрек алып, шелек ұстады. Барлығының мақсаты бір – туған өлкені жасыл-желекке айналдырып, экологияның жақсаруына үлес қосу.
Айта кетейік, саябаққа басқа емес, терек отырғызудың да өз себебі бар. Терек өте берік. Бұл аязға төзімді, қарапайым, тіпті нашар экологияға бейімделе алады. Биіктігі жылына 3-4 метрге дейін өседі. Кемінде 80-100 жыл жасайды. Егілгеннен кейін бірінші жылы мол суару жеткілікті. Десе де, кез келген көшетке күтім керек екені белгілі. Сондықтан, бүгін отырғызылған ағаштарды одан әрі күтіп-баптау әкімшіліктің жауапкершілігінде болмақ.
Гүлім МАРАТҚЫЗЫ,.