«Қазақмыс» корпорациясы мен Ұлытау облысы әкімдігі арасындағы меморандум аясында жаңғыртылып жатқан Қаныш Сәтбаев алаңында заманауи үлгідегі амфитеатр салынбақ.
Жалпы, алаңды жаңғырту жұмысы былтыр қолға алынғаны белгілі, бүгінге дейін алаңдағы ескі орындықтар мен тозығы жеткен жабындылар һәм ағаштар алынып, орындары тазартылды. Қазір алаңның жаңа жобасына сәйкес, жұмыстар қызу жүргізілуде. Алаңға сән беретін көшеттер өткен күзде-ақ отырғызылды.
Қазіргі таңда аталған орында амфитеатр салу, кеспе тастарды орналастыру жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, алаңның басты ерекшелігінің бірі саналатын құрғақ фонтан 90 пайызға дайын.
Құрылыс жұмыстарының басында қазіргі таңда 45 адам еңбек етуде. Мердігер ұйым алаңды жаңғырту жұмыстарын мамырдың соңында толықтай аяқтауды жоспарлап отыр. Алаңның қайта құру жұмыстары барысымен танысқан аймақ басшысы Берік Әбдіғалиұлы құрылыс жұмыстарын жедел жүргізе отырып, алаңды 1 маусым – Балаларды қорғау күнінде ашу міндетін жүктеді.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.