Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында кәсіби маманның қадірін білу керек екенін, еңбекқор адам мемлекетті дамытатынын баса айтты.
«Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады. Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек. Қандай кәсіппен айналыссаң да, оны сапалы атқару маңызды», – деген болатын Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бүгінде ел экономикасының қозғаушы күшіне айналған теміржол саласында қарапайым еңбегімен абыройға кенеліп жүрген азаматтар ұжымдағы мақтаулы, озаттардың қатарынан көрінуде. «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС кен орындарынан байыту фабрикаларына кен тасымалдау жұмыстарын жүзеге асыратын «Транко» АҚ құрамындағы «Транко Жез» ЖШС теміржолшыларының еңбегі еліміздің экономикасына үлес болып қосылуда.
Аға буынның ізін жалғап, өздері де қазіргі таңда тәлімгерге айналған қос бірдей тепловоз жүргізушілері Әлімжан Боранбаев пен Ерболат Кульманов – аталмыш мекеменің мақтаныштарына айналған азаматтар.
Тасымал жүгін көтеріп жүрген бұл теміржолшылармен сұхбаттасудың сәті түсті.
Әлімжан Шахизадаұлы кәсіпорында 2002 жылдан бері еңбек етіп келеді. Жол жөндеуші ретінде жұмысқа қабылданған Әлімжан Боранбаев 2005 – 2008 жылдар аралығында тепловоз машинисінің көмекшісі бола жүріп, кәсібінің қыр-сырына қанықты. Ол Елдос Әбікенов, Андрей Гудилов сынды кәсіби майталмандардың мектебінен өтті. Ауыр техниканың меңгеріп, оны басқару тетігін бес саусағындай білетін Әлімжан – қазір аға машинист.
– Теміржол – қым-қуыт тіршілігі қайнап жатқан сала. Оның қоғам өмірінде де, адам өмірінде де маңызы айрықша. Сондықтан болар теміржолға келген 22 жыл ішінде басқа мамандыққа ауысу туралы мүлде ойлаған емеспін. Біз 155 шақырмдағы «Комбинатский» станция-
сы арқылы «Жомарт» кенішінен кен тасымалдаймыз. Мезгілдің қай кезеңі болса да теміржолдың тіршілігі қайнап жатады. Оның толассыз жүк тасымалдауына мен де үлесімді қосып келемін, – дейді Әлімжан Шахизадаұлы.
Кейіпкеріміз өз қызметіндегі міндеттерді, атқаратын жұмыстарды ізінен ерген жастарға үйретіп келеді. Оның тәлімінен өткен Бақтияр Ахметов, Алмаз Қайратов сынды жастардың бет алысы жаман емес.
Әлімжан Боранбаевтың салаға қосқан еңбегі бағалаусыз емес. «Кәсібінің үздігі», «Үздік машинист», «Үздік бригадир» номинациялары оның кәсіби маман екендігін айқындайды.
Теміржол саласы тек еңбек адамының ғана емес, еңбек әулеттерінің де жұлдызын жарқыратып отыр. Мен сөз еткелі отырған келесі кейіпкер – Ерболат Кульманов әке жолын үлгі тұтып, адал еңбегімен көзге түсуде.
Ерболаттың әкесі Арман осы кәсіпорынның «ДЕПО-сында» 12 жыл еңбек етті. Ерболат Арманұлы 2006 жылы осында еңбекке араласып, слесарь жөндеуші кәсібінен бастады. 2009 жылға дейін тепловоз машинисінің көмекшісі болды. Бүгінде ол тепловоз машинасының аға тізгіншісі. Ерболат та шыңдалу мектебінен өтті. Алдыңғы буын ағалардан тәлім алды.
– Менің осы кәсіпті меңгеріп кетуіме бірден-бір себепкер болған Әлішер Мусаев, Арман Омаров, Жасұлан Рахымберлин сынды майталмандардың біліктілігі, тәжірибесі маған көп көмек болды. Майталмандардың мектебінен өту бақыты бұйырды. Күретамыр саналатын теміржолдың маңыздылығына бүгінде мемлекет басшысы да баса мән беріп отыр. Сондықтан, бұл сала әлі талай толқынға жалғаса береді деп сенемін, – дейді Ерболат Кульманов.
Дәурен Молдабеков, Ағзам Мусин, Дархан Кузимханов, Нүркен Шалабаев сынды шәкірттері Ерболат Арманұлының үмітін ақтады.
Ерболат Кульманов 18 жыл еңбек жолында өзін жауапкершілігі мол, жүктелген міндетті абыроймен атқаратын азамат ретінде танытты. Сондықтан болар, кәсіпорын басшылығы оның еңбегін үнемі бағалап келеді. «Кәсібінің үздігі» номинациясы соның дәлелі.
Ерболат Арманұлының өмірлік жары Асылжан Тасимбетова да мамандығын теміржолмен ұштастырған жан. Ол «Транко Жез» ЖШС-нде технолог болып еңбек етеді.
Бір сөзбен айтқанда, қоғам дамуына адал еңбек сіңіріп жүрген қос азамат тасымал жолында жүк қалдырмай келеді.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.