Халықтар достығы мен мәдениеті үйінде Алматыдағы «Samga Press» баспасынан жарық көрген «Жошы хан» және «Ұлытау кереметтері» кітаптарының тұсаукесері болып өтті. «Қазақтың Кетбұқасы» қоғамдық бірлестігінің ұсынысымен, Жезқазған қаласы әкімдігінің қолдауымен, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің тапсырысымен шыққан бұл кітаптар Жезқазған қаласының 70 жылдық мерейтойына тарту ретінде бағалануда. Сонымен қатар бұл туындылардың Жошы ұлысының негізі қаланғанына 800 жыл толуымен тұспа-тұс келуі де бекер емес.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында мәдени мұрамызды дәріптеудің маңызына тоқтала келіп: «Биыл Жошы ұлысының негізі қаланғанына 800 жыл толды. Жошы ұлысы Қазақстанның мемлекеттілік дәстүрінде айрықша орын алады. Еліміздің өткені, бүгіні мен болашағы оның тарихи мұрасымен тығыз астасып жатыр. Ендеше, Алтын Орда туралы халықаралық аренадағы түсінік Қазақстанмен тікелей байланысты болуы керек», – деді. Екі кітап та Президентіміздің тілек сөзімен ашылыпты. «Үш жүздің басын қосқан Ұлытауда бабаларымыз ұлттың келешегін ойлап, бірліктің туын желбіреткен. Қалың қауым осы киелі өлкеде ел билеген хандарды ақ киізге көтеріп, таққа отырғызған. Сондықтан біз Ұлытау жеріне Хан ордасы, қазақ жерінің кіндігі деп ерекше құрметпен қараймыз!», – дейді Қасым-Жомарт Кемелұлы «Ұлытау кереметтері» кіта-
бының бастауында.
«Ұлытау» сериясымен шыққан екі кітаптың да таралымы 500 данадан. Осы сериямен бұған дейін 6 кітап жарық көріпті. Жиырмаға жуық ғылыми-танымдық еңбекті біріктіріп отырған «Жошы хан» жинағында Зардыхан Қинаятұлы, Қаржаубай Сартқожаұлы, Жамбыл Артықбаев, Зиябек Қабулдинов, Марат Әбсемет сияқты көптеген белгілі ғалымдардың тарихи мақалалары бар. Ал, «Ұлытау кереметтері» кітабында Әбіш Кекілбаев, Әнес Сарай, Серік Негимов бастаған қаламгерлермен қатар Ұлытау тарихына қатысты жергілікті авторлардың да жазғандары топтастырылған. Тұсаукесер рәсімінде сөйлеген «Қазақтың Кетбұқасы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Төлеген Бүкіров, Қазақстан Жазушылар одағы Ұлытау облыстық филиалының төрағасы Батырбек Мырзабеков, тарихшы Ғабдол Әуезов, ақын Ғазиз Ештанаев, Жезқазған қаласының әкімі Қайрат Шайжанов және басқалары оқырман қауымның олжасына айналған құнды жинақтың өмірге келуімен көпшілікті қуана құттықтады.
Тұсаукесер соңында жаңа жинақтар бірден қала кітапханасына таратылды.
Амандық РАХҰЛЫ.