Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қарапайым еңбек адамының мәртебесін көтеріп, абыройын асқақтатуға баса мән берілу керектігін жиі айтып келеді. Атырауда өткен үшінші Ұлттық құрылтайда Президент: «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» – бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Осы үш таған озық әрі табысты елге айналудың басты кілті», деген болатын.
Біздің аймақта да өзінің абыройлы еңбегімен жетістікке жеткен азаматтар аз емес. Слардың бірі – «Транко Жез» ЖШС-нің электровоз машинисі, теміржол саласының тарланы атанған жан Петр Бабий.
Петр Витальевич – әке жолын жалғаған азамат. 1998 жылы жол жөндеушісінен басталған еңбек жолы оны аға электровоз машинисі дәрежесіне жеткізді. Ол әуелі тепловоз машинисінің көмекшісі бола жүріп, тәжірибе жинақтады. Еңбекқор, ісіне адал Петр Бабий Александр Киянның тәлімінде шыңдалды. Өз мамандығының қыр-сырына қаныққан ол қазіргі күні жастардың тәлімгері. Шәкірті Андрей Грицайдан үмітім көп дейді тәжірибелі маман.
– Теміржолға келуімінің бірден-бір себепкері әкем десем де болады. Ол кісі бұл кәсіпорында 1992 жылдан 2004 жылға дейін еңбек етті. Жалпы бұл саланы таңдағаныма әсте өкінішім жоқ. Кәсіби мамандар топтасқан ортада қоғам үшін тер төгу де бақыт, – дейді Петр Витальевич.
«Транко Жез» ЖШС кәсіпорнының мақтанышына айналған Петр Бабий марапаттан да кенде емес. Омырауында «Қазақстан теміржолына – 90 жыл» мерейтойлық төсбелгісі жарқырайды. Еңбегіне қарай басшылықтан алған Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттар да оның өз ісіне берілген адал азамат екендігін айқындайды.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.