2023 жылы облыста кісі өлімі – 11,1, ұрлық – 32, мал ұрлығы 46,4 пайызға төмендеген. Керісінше отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы қылмыстардың саны өскен. Бұл туралы Ұлытау облыстық полиция департаментінің бастығы Қайыркен Әлиевтің облыс тұрғындарымен кездесуінде баяндалды.
– Жалпы, қоғамдық қауіпсіздік – жіті бақылауда. Бірақ бұл полиция қызметкерлерінің босаңсуына жол бермейді, – деді облыстың бас полицейі.
Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Дәулет Молдахановтың айтуынша, облыста 2023 жылы зорлау, ауыр бұзақылық және қарақшылық қылмыстар 100 пайызға ашылған. 2023 жылы іздеу жарияланған 34 қылмыскердің 32-і ұсталған. Облыс бойынша барлық тіркелген қылмыстардың 60 пайызын ұрлық пен алаяқтық құрап отыр, оның ішінде 31,3% ұрлық болса, 30,1% алаяқтық қылмыстары. Былтыр есірткіге байланысты 38 факт тіркелген.
2023 жылы отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы қылмыстардың саны 13-тен 29-ға өскен, оның өсуіне 2022 жылдың 7 қылмыстың ауысуы себеп екен. Былтыр Президент тапсырмасымен тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік қатаңдатылды. Қылмыстық, әкімшілік кодекске түзетулер енгізілді.
Ұсынылған түзетулерде отбасы саласында зардап шегушілердің өтінішінсіз әкімшілік істерді қозғауға мүмкіндік берді. Заңнамадағы өзгерістерді жүзеге асыру мақсатында тұрмыстық қатынаста құқық бұзушылық жасағаны үшін 1031 отбасылық агрессор жауапкершілікке тартылды, 965 қорғау нұсқамасы шығарылды.
Сондай-ақ мас күйінде жасалған қылмыстар, жасөспірімдер арасындағы қылмыстар саны өскен. Қоғамдық орындарда жасалатын қылмыс азайса, көшелерде тіркелген қылмыстар саны 3,5% өскен. Жол-көлік оқиғаларының саны көңіл көншітпейді.
Ұлытау облыстық ПД бастығы: – Статистикаға сүйенеміз, ол жұмысқа нәтиже үшін керек, алайда оның артында әр адамның тағдыры тұрғанын естен шығармаймыз, – деді. Одан әрі тұрғындар сауалдарын қоюға мүмкіндік алды.
Гүлім МАРАТҚЫЗЫ.