Өткен ғасырдың 20-жылдарының басында Оралда мыс өндіру оңбай тығырыққа тірелді. Кен қорына қалай-болса солай қарау сондай сорақылыққа әкеліп соқтырды. Ал, алда елді индустрияландыру міндеті тұрды. Оған мол мыс керек еді. Одақ басшылығының назары сонау XVIII ғасырдан мәлім жапан даладағы Жезқазғанның мысына ауды.
Геологиялық барлау жұмысы 20-жылдардың аяғында басталды. Оған 1925 – 1929 жылдары Ленинград тау-кен институтының 1917 жылғы түлегі, геологиялық комитет
қызметкері И. П. Яговкин басшылық жасады.
Одақ көлемін кең қамтыған өнеркәсіпті өркендету (индустрияландыру) науқаны қазақтың тұңғыш кәсіби геологі Қаныш Сәтбаевты тарих сахнасына алып шықты. Арнайы жолдамамен Атбасар түсті металдар тресіне атбасын тіреген Томск технологиялық институтының 1926 жылғы түлегі геологиялық бөлімнің бастығы болып тағайындалды, келесі жылы трест басқармасының мүшесі болып сайланды.
Көп ұзамай жас геологтың зерттеуші ретінде маңызды қыры жарқырай ашылды: ол аймақтың минералдық байлығына селкеусіз сенді, оны жете білуге ұмтылып қана қоймай, толық пайдалану тәсілін қарастырды. Оның маңдайына Жезқазған-Ұлытау өңіріндегі табиғи байлық қорын жоспарлы әрі жүйелі түрде анықтауға бағытталған алғашқы стационарлық геологиялық барлау жұмысын жүргізу жазылған екен. Ағылшындар алған мәліметтен айырмашылығы, ол өзі тапқан қомақты кен қорына ғылыми негізделген инженерлік-техникалық және экономикалық баға берді.
Бұрынғы болжам мен дүдәмал деректің шеңберінен шыға алмай: «10-15 жылға жететін ғана кен қоры қалды» деген жергілікті басшылықтың сенімсіздігін сейілту жолында Қаныш Сәтбаев табиғи талантын, тегеуірінді табандылығын танытты. Бір станоктың бөлінуіне қол жеткізіп, бұрғылауды бастап кетті. Бір жылдан кейін
қуаты он метрден асатын кен қатпарына килікті. Ленинград зертханасында жасалған талдау нәтижесі кен құрамы металға бай екенін көрсетті. Бұл оның екінші бұрғылау қондырғысын алуына мүмкіндік берді.
1928 жылы Жезқазғанда жаңа шахтада кен өндіру қолға алынды, Қарсақбайда металлургия заводын қайта қалпына келтіру аяқталды. Келесі жылы іздестіру жұмысының ауқымы екі есе артты. Жаңадан үш кен қатпары және кенді алаң ашылды. Солардың мәліметіне сүйенген Қаныш Сәтбаев «Қазақстанның халық шаруашылығы» журналына көлемді мақала жариялап, Жезқазған әлемдегі ең бай мыс қоры шоғырланған шет аймақ екенін шегелеп тұрып, ашық айтты. Қарсақбайдағы заводтың қуаты Жезқазған кенін ұқсатуға жетпейді деген қорытындыға келді.
Қаныш Сәтбаев өңірде өндірісті өркендету үшін қуатты су қоймасын салу және кен орнына кең табанды теміржол тарту қажеттігін айтып, тиісті орындарға бірнеше мәрте нақты ұсыныспен шыққаны тарихтан белгілі. Бірақ, трест пен геологиялық комитет басшылығы оған жете мән бермеді. Ақыры КСРО ХШЖК төрағасы Г. М. Кржижановскиймен жеке жолығуға жол тапты. Нәтижесінде су қоймасы мен кең табанды теміржол құрылысына қатысты уәдесін алды, келесі екі жылда қаржыландыру көлемі едәуір ұлғайды. Бұл қосымша бұрғылау техникасын алып, техникалық мамандар қатарын көбейтуге мүмкіндік тудырды.
1933 жыл жайсыз басталды. Геологиялық комитет Жезқазғанда барлау жұмысын қаржыландыруды күрт қысқарту туралы шешім қабылдады. Оған негіз ретінде аймақтағы инфрақұрылымның мешеулігін алға тартты: не теміржол, не автокөлік жолы жоқ, су өте тапшы, тұрмыс пен жұмысқа қарапайым жағдай жасалмаған. Қосымша қаржыландыру көзін іздестіруге тура келді. «Золотороазведка» және «Лакокрассырье» тресімен оларға қажетті кен орнын барлау туралы келісім-шартқа отырды. Тіпті қаржы үнемдеу үшін бұрғылау қондырғысын жылытуға киіз үй қолдануға тура келді.
1934 жылы қарашада КСРО Ғылым академиясының Москвада өткен сессиясында Қаныш Сәтбаев «Мыс, көмір, темір және марганец кені мен Жезқазған – Ұлытау аймағының басқа да пайдалы қазбалары» деген ауқымды баяндама жасап, Жезқазған кен орнының келешегі керемет екеніне жиналған ығай мен сығайдың көзін жеткізді. Үшінші сессия үшінші бесжылдықта Жезқазған мыс қорыту комбинаты мен Қарағанды – Жезқазған – Қоңырат теміржол тармағын салу қажеттігі жөнінде қаулы қабылдады.
Ұлы Отан соғысында ірі марганец кен орындары – Никопольді жау басып алды, Чиатура жолы жабылып қалды. Броньді болат жасайтын шикізатқа тапшылық туды. Осы қысылтаяң кезде Қаныш Сәтбаев Жезді марганец кен басқармасына іздестіру партиясын жібереді, барлаудың алғашқы қорытындысымен-ақ кен орнында жұмысты бастауды талап етеді. Дәйекті дерек болмағандықтан оның бұл батыл ұсынысына кейбіреу үрке қарағанымен, қысқа мерзімде Оралға марганец кенін жөнелту жолға қойылады. Соғыс жылдары Одақ бойынша тұтынылған қазақстандық марганецтің үлесі 70% болған екен.
Қаныш туралы әңгіме қозғалса, көз алдыңа еріксіз Жезқазған келеді. Екеуінің егіз ұғымға айналып кеткені қашан?! Ол өмірінің соңына дейін Жезқазғанның қалыптасуы мен дамуын назарынан тыс қалдырған емес. Тіпті соңғы рет
ауруханаға жатардың алдында да Жезқазған кен-металлургия комбинатының директоры В. В. Гурба мен Қарағанды облыстық парткомының бірінші хатшысы Н. В. Банниковпен бірге одақтық министрлер Кеңесінің төрағасы Н. А. Косыгиннің қабылдауында болып, Жезқазғанға жәрдем жасау шараларын қабылдауына күш салды.
Үлкен Жезқазғанның тарихи және әлеуметтік-экономикалық маңызы мынада: Қаныш Имантайұлының белсенді және қажырлы қызметінің арқасында қарт Қарсақбай – Қазақстан түсті металлургиясының қарлығашына, ал Жезқазған кен-металлургия комбинаты бұрынғы Кеңестер одағындағы түсті металлургия саласының алдыңғы қатардағы кәсіпорнына айналды. Бұл – тарихта алтын әріппен таңбаланып қалған, бүкіл әлем жұртшылығы мойындаған шынайы шындық.
1940 жылы Қаныш Сәтбаев геология-минерология ғылымдарының докторы атанды. 1941 жылы КСРО ҒА қазақстандық филиалы геология институтының директоры болып тағайындалды, екі айдан кейін КСРО ҒА қазақстандық филиалы төралқасы төрағасының ғылым жөніндегі орынбасары міндеті қосымша жүктелді. Қаныштың Қарсақбайда басталған құтты қадамы Жезқазған – Ұлытау аймағының кен байлығын зерттеуге бағытталған 15 жылға ұласып, ақыры ақбас Алатаудың баурайындағы әсем Алматыда жалғасты.
Әлібек ӘБДІРАШ,
Қазақстанның Құрметті журналисі.
Жалғыз қызы жастай шетінеген Имантай мен Нұрым ширек ғасыр отасса да, басқа баласы болмапты. Бәйбіше отағасыға қалыңдықтықты өзі таңдап, қалауы әйгілі Мұса Шорман әулетінің жастай жесір қалған келіні, жасы отыздан асқан ажарлы Әлимаға түседі. Жарық дүниеге маңдайы жарқырап қазақтың болашақ тұңғыш академигі Қаныш келеді».
Оның азан шақырып қойған аты – Ғабдулғани. Арабша мағынасы – «шексіз байлық иесі, ешкімге мұқтажсыз Алланың құлы». «Ғани», «Ғаныш» деп еркелетіп жүргенде «Қаныш» атанып кетеді».
Қаныштың өнерден мол хабары болған. Музыка тыңдағанды, полька, мазурка, вальс билегенді ұнатқан. Домбыра мен гитарада ойнаған. Ол салған әуенді алғаш тыңдаған белгілі музыка зерттеушісі А. Затаевич 25 қазақ әнін жазып алған».
Қаныш Имантайұлы – алғаш ана тілінде жазылған «Алгебра» оқулығының авторы. Оқулық қолжазбасының көлемі – 1642 бет».
Қаныш Сәтбаев пен Мұхтар Әуезов дос болған. Семейде семинарияда бірге оқыған. Бір жатақхана, бір пәтерде тұрған. Қос таланттың арасындағы адал достық соңғы сәтке дейін жалғасқан».
Москваның тапсырмасымен Қазақстанның жерасты қазба байлығы картасын жасағанда Қаныш 4-5 ірі кенішті жасырып қалады. «Бұл қалай?» дегендерге: «Қаржыны, теxниканы көп қажет етеді. Оларды картаға кіргізуге әлі ерте» дейді. Ал, сыртқа сыр шашпайтын достары Мұхтар Әуезов пен Әлкей Марғұланға: «Әдейі жасырып алып қалдым. Кейінгі ұрпаққа да байлық керек шығар?!» депті.
Әлібек ӘБДІРАШ.