Мақалаға арқау болып отырған Сәуле Искакованың жалпы еңбек өтілі 24 жылды құрайды. Соның 19 жылын құю-механикалық зауытының зертханасында өткеріп келеді. Зымыраған уақыт легі оны бүгінде зейнет жасына жеткізді. Бұл зейнет жасына құрмет пен абыроймен келді. Еңбекқорлығы мен өз ісіне деген жауапкершілігінің арқасында Сәуле Зейнұрқызы ұжымда сыйлы маман атанды.
Жезқазған политехникалық институтын байытушы мамандығы бойынша тәмамдап, шаһардағы байыту фабрикасына жұмысқа орналасты. Ондағы №2 бас корпуста конвейер машинисі болды. Одан кейін құю-механикалық зауытының бау-бақша компаниясына ауысты. Онда бес жылдай еңбек етіп, зертханаға ауысты.
Бұл құрылымда қара және түсті металдардан сынама алынып, зерттеулер жүргізілетін болғандықтан, металл құрамындағы түрлі элементтерді ажырата білуі керек. Бұл тұрғыда Сәуле Зейнұрқызы тәжірибелі зертханашылардың білімі мен біліктілігіне иек артты. Солардан зертханашы мамандығының қыр-сырын меңгерді.
– Зертханаға алғаш келгенде мені мамандыққа баулыған Бақыт Шаниева болатын. Ол мұнда аға зертханашы қызметін атқарды. Зертхананың ішкі шаруашылығынан бастап, сараптама жүргізудің әліппесін мен сол кісіден үйрендім. Осында алғаш келген күннен бастап қатар еңбек етіп келе жатқан Роза Өмірзақова, Зина Побула, Нина Зуева сынды майталмандардың кәсіпқойлығы өз алдына бір әңгіме. Кейіннен қатарға қосылған Гүлбану Күштібаева, Бәтима Ибраева, Мархаббат Бораш, Лаура Қуандықова, Гүлжан Кәкенованың да тәжірибесі толысты.
Зертхана басшысының міндетін атқарушы Жансая Тасыбаеваның іскерлігінің арқасында зертхана күнделікті нормадағы шараларын атқарып отыр. Мұнда 13 адам еңбек етеді. Ұжымымыз тату-тәтті, бірлік пен берекені ту еткен. Ұжымымның өзіме деген құрметтерін сезініп жүремін. Өзім осы іске машықтандырған Гүлбану Күштібаева мен Нина Зуева жинақтаған тәжірибелерін ортақ іске бағыттап келеді, – дейді Сәуле Зейнұрқызы.
Зертхана басшысының міндетін атқарушы Жансая Тасыбаева кейіпкермен сұхбат барысында әңгімемізді тұздықтай түсіп: – Мен мұнда 2016 жылы зертханашы болып келдім. Сонда бірден жылы қабылдап, тәжірибелі маман ретінде жол көрсеткендердің бірі Сәуле Зейнұрқызы болды. Бұл кісі жұмыста жауапкершілік пен ұқыптылықты қатаң сақтайды, – деп сөзін сабақтай түсті.
– Әрбір элементтердің тиісті деңгейде көрсеткішін шығаруда сабырлық пен мұқияттылыққа басымдық береді. Өзінен кейінгі зертханашыларға үнемі қолдау білдіріп жүреді. Міне, адам өміріндегі зейнеттік жас дейтін белеске жетіп отыр. Сәуле Зейнұр-
қызының табандылығы мен еңбекқорлығы кейінгі жастарға үлгі деп айта аламын, – деді.
Қазақ әйеліне тән қарапайымдылық, мейірімділік жүзінен көрініп тұрған Сәуле Искакова үш баланың ардақты анасы, төрт немеренің әжесі. Өмірлік жары Константин Кан да өндірісте еңбек етті. Құю-механикалық зауытындағы бау-бақша компаниясына басшылық жасады. Жезқазған байыту фабрикасында ұзақ жыл еңбек етіп, зейнеткерлікке шықты.
Сәуле Зейнұрқызының балалары өмірден өз орындарын тапқан. Марғұланы мамандандырылған жөндеу-механикалық басқармасында слесарь. Айгерімі Қарағанды қаласында, Марлені Астана қаласында жеке кәсібін дөңгелетуде.
Сәуле Искакова зейнет жасына бақытты да шаттықты күйде жетіп отыр. Кім-кімге болсын бұл үлкен бақыт әрі өмірдің сыйы.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.