Ауған соғысы – КСРО Қарулы күштерінің Ауғанстанға басып кіріп, оның ішкі істеріне қол сұғуы салдарынан тұтанған қырғын. Сол уақыттағы КОКП және КСРО басшылығы 1978 жылғы сәуір төңкерісі нәтижесінде билікке келген Халықтық демократиялық үкіметті қолдап, көршілес елдің социалистік бағытпен дамуын көздеген еді. Соған орай, «интернационалдық әскери жәрдем береміз» деген желеумен оның ішкі істеріне араласып, әскер кіргізе бастады. Бұл соғысқа кеңес елінің 620 мыңдай жауынгері атсалысса, Қазақстаннан 22 мың адам қатысты. Ауған жерінде солардың қатарында 1986 – 1988 жылдар аралығында әскери борышын өтеген Ақылбек Аманов автобатальон құрамында асу-асу белдерден, қия-жартас жерлерден өтіп, талай қауіп-қатермен бетпе-бет келді. Жарылған минадан күлі көкке ұшқан көліктерді көзімен көрді, тар шатқалда бұғып жатқан дұшмандардың көздеп атқан оғынан мерт болғандарды қолымен көтерді, жанармай багына тиген оқтан автомашинаның отқа оранған оқиғасына да куә болды. Періштесі қаққан болар, жат жердегі осындай алапат жағдайдың ортасында жүріп аман қалды. Қазірде Ақылбек Түсіпұлы АМАНОВ облыстық «Соғыс және Ауғанстандағы ұрыс қимылдарының ардагерлері мен мүгедектері одағы» Қоғамдық бірлестігінің төрағасы. Бүгінде ол жауынгерлік жолдары туралы тебірене еске алып, жас ұрпақпен болған кездесулерде ғана әңгімелейді.
Ақылбек әскерге алынған 1986 жылдары да Ауған жерінде белсенді ұрыс қимылдары өршіп тұрған кезең болатын. Бір жағы «отқа май құя түсуді» көздеген сыртқы күштер шетелдерден душмандарға толассыз қару-жарақ жеткізе бастаған. Айырықша мақсаттағы кеңес әскерлерінің бөлімшелері олардың жолын кесуге жұмылған. Әуелде Грозный қаласында бес айдай оқу-жаттығудан өткен соң Ақылбектердің тобы тура жаз ортасында Ауған жеріне келді. Әскери «КамАЗ» автомашинасының руліне отырды. Колоннамен кем дегенде 30 машина шығып, соғыс оты қызып жатқан нүктелерге қару-жарақ, оқ-дәрі жеткізеді. Кеңестік база орын тепкен Пулих-Хумри Тәжікстан шекарасынан 250 шақырымдай болса, Ауғанстан астанасы Кабулдан 300 шақырымдай жерде. Бұлар ылғи тау асуларымен өтетін бұралаң, тар шатқалды жолдармен бірде Гератқа, бірде Кандагарға дейін аптаға жуық жүріп жүк тасиды. Бір айдай жүрген сапарлары да болды. Шатқал арасының барлығы қауіпті. Қару-жарақ тасушылардың жолын кесуге тырысқан дұшпандар бірде жол бойын миналап қойса, енді бір сәтте мергендері машинаның жанармай багын нысанаға алады.
Әрбір сапарға шығар алдында батальон командирі: «бұл аса жауапты жауынгерлік тапсырма, оны бұлжытпай абыроймен орындау парыздарың» деп шегелеуі де бекер емес еді. Кейін ойлап отырса, барлығы 130 әскери тапсырма бойынша жорыққа шыққан екен. Соның екі-үшеуінде ғана тыныштықпен оралыпты. Қалғанында ылғи кездейсоқ шабуыл немесе миналанған жолды саперлар тазартқанша сарыла күту сияқты келеңсіздіктер кездесіп отырған. Бір жолы осындай ерекше тапсырмамен оқ-дәрі әкеле жатқан кездерінде бірінші болып келе жатқан машинаның багынан оқ тиіп, отқа орана бастады. Ондайда колоннаның соңындағы машина келіп өртенген көлікті итеріп, басқаларына бөгет келтірмеу үшін жолдан шығарып тастайды. Сол үшін «КамАЗ-ының» алдына бөрене байлап алатын. Осы жолы Ақылбектің машинасы колонна соңында болатын. Иіріліп тұрып қалған көліктерді орағытып алға ұмтылды. Өртенген машинаны саптан шығарғанша қызыл жалын бөрене арқылы мұның көлігіне тиіп кетіп, бүкіл құжаттары жанып кеткен жағдай да болған. Бірде алдыңғылары аман-есен өтіп, оныншы машина минаға түсіп Украинадан келген жас боздақ көз алдында опат болды. Сондықтан Ақылбек әрбір сапардағы әскери тапсырманы ерекше жауапты деп ұғатын. Бұлардан екі жыл бұрын осындай әскери сапар кезінде Петропавл өңірінен келген Қанат деген жігіт қаза тауып, жолдастары басына ескерткіш қойыпты. «Кандагар маңына жол шеккенде сол жерге арнайы тоқтап, басына мінажат еттік», – дейді Ақылбек. Жүрекке салмақ салар осындай оқиғалар аз болған жоқ.
Армия қатарына Жездіден шақырылған Манарбек Сансызбаев пен ұлытаулық Ғибадат Құттыбаев Ауған асуларындағы ұрыста ерлікпен шайқасып, қыршындарынан қиылды. Екеуі де қаза болғаннан кейін Қызыл жұлдыз орденімен марапатталды. Пулих-
Хумри жерінде Ақылбек Манарбекпен қатар батальонда болған еді. Жерлес жолдасының қазасын естігенде қатты қайғырған, дұшпандарға кектене түскеннен басқа амал жоқ. Содан 1988 жылы мамыр айында әскерден келісімен төрт-бес жігіт жиналып, туған топыраққа темір табыт болып оралған Манарбектің басына ескерткіш белгі орнатты. Жезқазғаннан әскерге кетіп, алғашқы ұрыстарда мерт болған Асылбек Мамажановтың мырыш табытпен оралған кезін де ол тебірене еске алады. «Ол кезде мектепте оқитын біз бұл соғыстың мәнін біле қоймайтынбыз. Армия қатарында небәрі жеті айдай болып қаза болған Асылбектің отбасы 1980 жылдың қаңтарында қара жамылып қалғанын естідік. Бірақ, сол қасіретті жерге менің де табаным тиіп қалар деген ой ол кездегі балаң көңілде қайдан болсын», – дейді ол.
– Ауған соғысы төңірегінде қазір әртүрлі пікірлер айтылады. Оны бөгде елдің ішкі ісіне қол сұғушылық немесе адам қолымен жасалған қасірет деушілер де бар. Қалай десекте, біз сол кезеңдегі азаматтық міндетімізге сай кеңес әскері қатарындағы борышымызды адал атқардық. Кейде қарап отырсақ, ауған соғысы туралы сайттарда, бейнероликтерде ылғи славян ұлтының жауынгерлерін көрсетеді. Негізінде бұл соғыста қазақтар, өзбектер, тәжіктер, әзірбайжан, татарлар сияқты мұсылман халықтарының өкілдері де өте көп болды. Сол көңілге келеді екен. Қоғамдық екі жүйенің арасындағы текетірес салдарынан он жылға жуық созылған соғыста талай боздақтар оққа ұшып, қыршынынан қиылды. Қазіргі біздің облысымыздың аумағынан 7 жауынгер Ауғанстандағы ұрыстарда қаза тауыпты. Жаңағы жоғарыда еске алған жігіттерден басқа, Жезқазғаннан кіші сержант Виктор Тарадай 1980 жылы, Сәтбаевтан лейтенант Олег Морозов 1982 жылы, Жаңаарқадан қатардағы жауынгер Владимир Трутько 1985 жылы, Қаражалдан қатардағы жауынгер Жұмабай Жақыпов 1980 жылы жат жерде опат болып, денелері туған жерлеріне жеткізіліп жерленді. Қаншама жас мүгедек болып оралды. Мәселен, Жаңаарқада ауған жауынгерлерінен үш мүгедек бар. Бір адам көзден, екі адам аяқтан айрылған. Сондықтан да, Қоғамдық бірлестігімізге «Ауған ардагерлері мен мүгедектері одағы» деген атауды қостық. Қазір қатарымызда облыс бойынша 163 ауған соғысы ардагері бар. Мемлекет тарапынан көрсетілетін тиісті көмегі мен әлеуметтік қолдау мәселелеріне назар аударып отырамыз. Облыс әкіміне кіріп біраз проблемаларымызды айтқан едік, ол кісі қолдау білдірді. Ауған жауынгерлеріне берілетін өтемақының төмен болуына орай коммуналдық қызмет ақысына 100 мың теңге беруіне көмектесті. Жезқазған қаласындағы ауған жауынгерлері ескерткішінің тозып кеткенін жеткізген едік. Бұл өтінішімізге де түсіністікпен қарап, қаржы бөлгізді. Соның нәтижесінде жөндеу жұмыстары қолға алынып, оның барысын өзіміз қадағалап отырдық. Белгіленген жұмыстардың 80% жасалды. Күн жылынған кезде толық аяқталады. Қазір Кеңес әскерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 35 жыл толуына байланысты іс-шараларды кеңінен өткізуді ойластырып, дайындалып жатырмыз, – дейді Қоғамдық бірлестік төрағасы Ақылбек Аманов.
Ауған соғысының ардагері Ақылбек Түсіпұлы «Әскери қызметте үздік шыққаны үшін», «КСРО Қарулы күштерінің 70 жылдығы», «Ауғанстан соғысының ардагері», сондай-ақ Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 15, 20, 25, 30 жыл толуына арналған медальдармен марапатталған. От кешкен күндерін ол ұмытпайды. Бейбіт еңбектегі жолы да мазасыз күндерге толы болды. Ішкі істер органындағы қылмысты іздестіру бөлімінде абыройлы қызмет етіп, полиция майоры шенімен отставкаға шықты. 2007 – 2014 жылдары Жезқазған заң колледжінің директоры болды. Қазір жеке кәсіппен айналысып жүрген ол жасынан бейім болған спорттан да қол үзгісі жоқ. Жолдастары қолқалап жүріп 2009 жылы Ақылбекті қалалық ауған ардагерлерінің ұйымын басқаруға көндірген еді. Өткен жылы облыстық бірлестікті басқаруға да бірауыздан сайлады. Содан бері қаруластардың қамқорлықтан тыс қалмауына қатысты біршама жұмыстарға ұйтқы болып жүр. Туған ошағына оралмай шейіт болып кеткен жауынгерлерді еске алады, олардың есімдерін жаңғыртып жыл сайын спорттық турнирлер өткізуде. Қазір облыстық мәслихаттың депутаты болып сайлануына байланысты аймақтың өркен жаюына қатысты қоғамдық істерге де белсене араласып жүр.
… Ел өміріндегі бейбіт заманда ер басына күн туып, ерекше сын болған Ауғанстан соғысының жарасы арада 35 жыл өтсе де жазылмақ емес. Ауған оты шарпыған сын сағатта қайсарлық үлгісін танытқан Ақылбек сынды қаншама азаматтар өз арамызда жүр. Олардың жауынгерлік жолдары мен ерлік істерін әлі де дәріптей түсейік.
Амандық РАХҰЛЫ.