Бүгінгі ұлан байтақ қазақ жерінде сонау 1224 жылдың көктемінде «Ұлы ұлыс» немесе «Жошы ұлысы» деген мемлекет пайда болды. Бұл ұлыстың алғашқы ханы болып Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошы бекітіледі. Алғашында ұлыс орталығы Ертіс бойы болса, кейін Ұлытауға ауысады. Жошы хан бар болғаны 4 жыл билік құрды…
Биыл іргетасы қаланғанына 800 жыл толып отырған осы «Ұлы ұлыс» немесе «Жошы ұлысы» атанған мемлекет қалай өмірге келді? Тарихшылардың пайымына сүйеніп сөйлер болсақ, 1223 жылы Шыңғыс хан Батысқа жорығын бастар алдында Сыр бойында, Күлтөбеде үлкен құрылтай шақырады. Оған өзінің ұлдарынан басқа, әскер қолбасшылары, нояндары қатысады. Осы құрылтайда Шыңғыс хан үш үлкен мәселені қозғайды. Біріншісі, Ұлы қаған келесі жылы Батысқа жорыққа шығатыны туралы айтады. Екіншісі, жаулап алған жерлерін бәйбішесі Бөртеден туған төрт ұлына бөліп беру туралы айтып, үлкен ұлы Жошыға Ертістен Орал тауының Еділ өзенінің төменгі саласына дейінгі жерді, Шағатайға Жетісудан Мәуренахрға дейін, Үгедейге Тарбағатай мен Шығыс Қытайды беретіні жайлы жариялайды. Ал, кенжесі Төлеге Моғолстанға ие болып қалуды тапсырады. Үшінші үлкен мәселе – Шыңғыс хан қайтыс болған жағдайда империяның тағына ұлы Үгедей отыратынын хабарлайды. Себебі, Жошы әскербасы, қызуқанды, жорықта жүріп үйренген адам болса, Шағатайдың мінезі шатақ болып келеді. Ал Үгедей салмақты, бірқалыпты, дұрыс шешім қабылдай білетін болғандықтан, империя тағын тапсырады.
Міне, күллі әлемді қанға бөктіріп, атының тұяғы жеткен жердің бәрін жаулап, өзіне бағынышты еткен Ұлы қаған – Шыңғыс хан құрған бір мемлекет – «Жошы ұлысы» осылайша өмірге келген еді. Ұлы ұлыстың жалпы аумағы 10 млн шаршы шақырымға жеткен. Зерттеушілердің айтуынша, Жошының қол астына қараған аумаққа қазіргі қазақ жерінің 65 пайызы кірген екен. Кейін бұл аумақтың құрамына Ресейдің еуропалық өңірі, Балтық теңізінің шығысындағы өлкелер, Польша, Мажарстан, Балқан елдері, Солтүстік Кавказ, Хорезм, Шығыс және Батыс Дешті Қыпшақ даласы енген.
(Ғаламтор материалдары негізінде әзірленді).