Халық қаһарманы, әскери қайраткер Бақытжан Ертаев төрағалық ететін республикалық «Тәуелсіз Қазақстанның Халық батырлары» ҚБ Ұлытау облысы бойынша төрағасы, Қазақстанның Еңбек Ері, «Батыс» кеніші № 73 шахтаның білікті бригадирі Тұрсынбек Мақышев өңіріміздегі білім ошақтарының ұйымдастыруымен өтетін кездесулерге қатысып, келешек буынды еңбексүйгіштікке, Отанды құрметтеп, адал да парасатты азаматтар болып бой түзеулеріне жол нұсқап келеді.
Осындай айшықты шара жақында Сәтбаев қаласындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы мектеп-лицейінде ұйымдастырылды. «Мамандық таңдау – өмірдің бір кірпішін дұрыс қалау» деген атпен өткен кездесуге жоғарғы сыныптың оқушылары қатысты.
Тоғызыншы сыныптан жоғары жас буынның еңбекке деген ынталарының ерекше екендігі байқалды. Лицейдің білім алушыларына кенші мамандығы жайында кеңінен тоқталған Тұрсынбек Шамбұлұлы жүрек қалауындағы кәсіптің өзі үшін бақыт екендігін ұғындырды. Балалар омыраудағы төсбелгілерді көріп, әрқайсының қандай еңбекпен келгенін айтып беруін сұрады. Жеткен жетістіктердің барлығы адал еңбектің арқасы, мамандықты сүйе білгеннің нәтижесі екендігін түсіндірді. Жас буынның заман талабына сай мамандық таңдауға қатысты сауалдарына бағыт-бағдар берді.
– Мамандықтың жаманы жоқ. Тек жүрек қалауымен таңдай білу керек. Сонда адамның еңбекте жолы болып, бағы жанады. Кенші мамандығына келген 35 жылда өндірістің қыр-сырына қанықтым. Кенші болу өміріңді қауіп-қатерге тігумен тең. Сондықтан бұл кәсіпте әуелі сақтық керек. Қарапайым слесарьлықтан басталған еңбек жолым өзіме үлкен мектеп болды. Алдымдағы қос ағаларым Қадырбек пен Назымбек те – кен өндірісіне еңбегі сіңген жандар. Маған сол кісілердің еңбек жолы үлгі болды. Жайқалып жас құрақтай өсіп келе жатқан жас буынның қазір қандай мамандық таңдаймын десе де еркі өздерінде. Соған сай мамандықтың түрлері де баршылық. Тек дұрыс таңдау жасай білу керек, – деді Қазақстанның Еңбек Ері кездесуде.
Білім ошағы рухани, ұлттық құндылықтарды, өлке тарихын насихаттауда да жүйелі жұмыстар атқарып жатқанын аңғарды. Қазақ даласында алғаш мектеп ашып, қазақ балаларын білімге шақырған Ыбырай Алтынсарин атындағы музей мен «Ұлт ұясы – Ұлытау» атты көрме өңірдің тұтас тарихы мен осы өлкеден қанаттанған ұлт мақтаныштары жайлы көптеген мәліметтер ұсынады.
Бір сөзбен айтқанда, кездесу кешінің қонағы Тұрсынбек Мақышев ХХІ ғасырға сай сапалы да рухани білім беруде аталмыш лицейдің ұстаздар қауымы тың ізденіс үстінде екендігіне көз қанықты.
Атап өтейік, Тұрсынбек Шамбұлұлы Мақышев – Тәуелсіз Қазақстанда кен өндірісі саласында тұңғыш рет 2019 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Қазақстанның Еңбек Ері атағын алған еңбек озаты.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.