Саабахаттин Әли, түрік жазушысы
Бағзы заманда бір жерде байыз тауып отыра алмайтын қаңғыбас, кержалқау үш дос болыпты. Ақырында олар ұшып-қонған тірліктен жалығып, жанын күйттеп, тыныш өмір сүруді ойлапты. Алайда еңбекті дағды етіп көрмеген олар шөп басын сындыруды да білмейтін. Амал нешік, жанға жайлы жер таба алмай, ел кезуін жалғастыра береді.
Бірде олар ұзақ жол жүріп келіп, биік төбенің басында демалып отырады. Етектегі алқапта үлкен қала жайылып жатты. «Жаңа мекенде бізді не күтіп тұр екен?» – деп алаңдай ойланды достар. Кенеттен біреуінің басына керемет ой келіп қалып, орнынан ұшып тұрды да:
– Маған еріңдер! – деп айғай салды. – Біз мына қалада шыны сарай тұрғызып, өміріміздің соңына дейін ештеңеден тарықпай, рахат өмір сүреміз.
– Шыны сарай дегенің не нәрсе? – деп сұрады қалған екеуі.
– Жолшыбай бәрін түсіндіремін. Уақытты зая кетіруге болмайды! – деп серіктерін тұрғызып алды да, үшеуі етекке қарай құлдилай жөнелді.
Басшылық тізгінін қолға алған жалқау не істеу керектігін, қалай істеу керектігін серіктеріне екі ауыз сөзбен түсіндірді.
Ал төбе баурайындағы қала өз ақылы өзіне жететін әр тұрғыны қолынан келгенін істеп, өмір сүріп жатқан елдің астанасы болатын. Бал арадай тыным таппайтын мұндағы жұрт таңды таңға ұра, егінжайда, шеберхана, дүкендерінде еңбек ететін. Қарттар мен балаларға, ауру-
сырқауларға бәрі бірлесе қамқорлық жасайтын. Тапқан-таянғандарының бәрін ортақ қазанға салып, әркім өз қажетінше алатын.
Мырзасы да, қызметшісі де жоқ бұл елдің жұрты дау-дамай, ырың-жырыңсыз, тату-тәтті, бейбіт өмір кешетін. Ал тәртіп сақтап, жұмыс барысын қадағалап, дауларды шешу үшін ортақ мүддеге адал жандарды өз ортасынан сайлап алатын. Міне, сол адамдар ешкімді мәжбүрлемей, жұртты жұмысқа жұмылдырып, басшылық жасайтын.
Біздің үш досымыз қалаға келген кезде базар күніне тап болып еді. Сауда алаңында жеміс-жидек, ұн мен астық, мата мен тоқыма, теріден, темірден, басқа да материалдардан жасалған неше түрлі бұйымдар самсап тұрған. Сатушылар да, сатып алушылар да өз шаруасынан босамай жүрген.
Үш жолаушымыз ешқандай мақсаты жоқ адамға ұқсай, жан-жағына көз сала, бір-бірімен сөйлескендей болып, бірақ айналадағыларға естірте:
– Аллам-ай! Алла-ай!.. Неткен ғажап ел мынау!.. – деп, таңдана бас шайқап, көше бойымен жүре бастады
Бір көшені жүріп өтіп, келесісіне бұрылып, одан әрі үшіншісіне түсіп, олар әлгі сөзін таңдана қайтала берді. «Басқа жақтан келген мына кісілер біздің елдің несіне таңғалып жүр?» – деп ойлаған жұрт олардың жанына жинала бастады. Ақыры тұрғындардың бірі шыдамай кетіп:
– Құдай үшін айтыңдаршы, не нәрсеге сонша таңырқап жүрсіңдер? – деп сұрады.
Жолаушылардың басшысы:
– Қалаларыңдағы шыны сарай қайда, соны айтыңдаршы, – деді.
– Ол не нәрсе? – деп таңқалды қала жұрты.
Сол кезде ол өз серіктеріне бұрылып:
– Мәссаған! – деп айғайлап жіберді. – Мына жұрт шыны сарайдың не екенін де білмейді ғой. Қой, мұндай елде қала алмаймыз біз…
Қала жұртын құмарлық билеп кетті. Басқа елден келген жолаушылардың соңынан шұбыра ілесті. Бір кезде қала тұрғындары олардан:
– Қайырымды жандар, шыны сарайдың не екенін түсіндіріңдерші! – деп өтінді. – Аса қажет дүние болса, ондай сарайды біз де салайық.
– Қарай гөр, мыналар аса қажет болса деп күмәнданады ғой тіпті! Қой, достарым, бұл жерден тайып тұрайық!
Тұрғындар ақылдасып алды да, содан соң жолаушыларды қаумалай қоршап:
– Біз өз қаламыздың басқа қалалардан кем түскенін қаламаймыз! Қажет болса, айтыңыздар, шыны сарайды қазір-ақ салып тастаймыз! – деді.
Сол кезде жолаушылардың басшысы:
– Жо-о-оқ… – деді. – Сарай салу оңай шаруа емес. Материал керек. Шығыны бастан асады! Жоқ, біз одан да шыны сарайы бар қалаға барамыз.
Бірақ оларды қала жұрты жібергісі келмеді.
– Керектің бәрін тауып береміз, – деп тұрып алды олар. – Ештеңені аямаймыз! Өз еліміздің өзгелерден қалып қоюына жол бере алмаймыз.
Міне, осы кезде ғана достар илігіп, жайласа отырды да, қала жұртымен келіссөз жүргізуге кірісті. Үш дос шыны сарай тұрғызу жұмыстарының бәріне өздері басшылық жасайтын болып, ал тұрғындар қажеттің бәрін тауып беруге, ұсталар мен кірпіш қалаушыларды бөлуге, жүк таситын арбакештерді табуға келісті.
Қаланың ең үлкен алаңында жұмыс қызып жүре берді. Кірпіш қалаушылар кірпішін қалап, арбакештер қажет материалды тасуға кірісті. Аз өтті, көп өтті ме, кім білсін, іргетас қаланып, қабырғалар көтеріліп, шыны жеткізіліп үлгерді.
Ақыры шыны сарай дайын болды, оған үш дос орналасты. Олар тұрғындарды жинап:
– Ал енді шыны сарайды салынып бітті деуге болады, – деді. – Бірақ іс мұнымен біткен жоқ. Сарайымыз елдің айбар-даңқына сай болып, құдыреттене көріну үшін сарай күзетшілері керек. Сондықтан адамдарыңды бөліп, оларға қажет ас-ауқатты молынан қамдаңдар, ал шығынды өздеріңнің таңдаулы адамдарың бәріңе теңдей бөлсін. Күзетшілерді бізге жіберіңдер, өзіміз үйретеміз.
Халық мәз болды, енді олардың елінде де шыны сарай пайда болды ғой! Сарайға орналасқандар мен оларды күзетіп, қызмет етушілерге тамақ пен киім бөлді.
Шамалы уақыт өткен соң сарайдан:
«Сарай тар болып, қызметшілер мен күзетшілерге тұратын жер жетпей жатыр, тағы бір қабат көтеру керек!» – деген жаңа бұйрық келді.
Тағы да құм мен тас әкелінді, кірпіш қалаушылар мен ұсталар жұмысқа кірісті. Сарайда тұратындар мен олардың қызметшілеріне, күзетшілеріне, құрылыста жұмыс істеп жатқандарға қажет тамақ та күн сайын көбейе берді.
Екінші қабат дайын болысымен, сарайға ие болып үлгерген келімсек үшеу өздеріне қызмет етуге таңдап алғандарды сонда орналастырды. Бұл адамдар да жұмыс істеп қиналмай-ақ, сарайда шалқып өмір сүруге болатынын тез аңғарып, шыны сарайдың қажеттігі мен пайдасын керемет түсініп, осы ойды өз отандастарына сіңіруге құштарлана кірісті.
Қабатқа қабат жалғасып, шыны сарай биіктей берді, тұрғындары да көбейе берді. Сарайға тап болғандар ондағы өмірдің керемет жайлы екенін түсініп, бұл жерден кеткісі келмей қалды. Ал сарайға кіре алмай жүргендер сонда апаратын және өзіне жылы орын тауып беретін жолды құштарлана іздеді.
Бірақ сарайдағы саны көбейе түскен жұртты асырап-бағу халыққа қиын тие бастады. Наразылар пайда болып:
– Ал, жарайды, жақсы-ақ болсын! Шыны сарайдың керек нәрсе екенін біз түсінеміз, бірақ ештеңе істеместен, құр ішіп-жеумен айналысатын соншама адам мен соншама бөлменің қажеті қанша? – дей бастады.
Ондай адамдарға үш достың басшысы сарайдағы барлық орынды көрсетіп, әрқайсының мән-маңызын мұқият түсіндірді:
– Міне, қараңдар, мына бөлмеде мен тұрамын. Өйткені осы жерден бәріңе басшылық жасаймын. Өздерің ойлаңдаршы, мен болмасам, сендерде шыны сарай болар ма еді? Ал мына бөлмелерде менің ең жақын көмекшілерім тұрады. Сендерге басқа елден келіп, сарай салуға шабыттандырған біз болатынбыз. Егер біз басқармасақ, сарай түгілі, өздерің де баяғыда жоқ болар едіңдер!
– Жақсы, – деді жұрт. – Бірақ осыншама топырлаған қызметші не үшін керек? Мәселен, мына адам мына бөлмеде не істейді?
– Мынау ма? Бұл сарайға әкелінетін азық-түліктің бәрінің есебін жүргізеді, бұл – барлық қоймашының басшысы. Бұл болмаса, сендер өздерің беріп жатқанның бәрі қайда кететінін білмес едіңдер. Өздерің ойлаңдаршы енді, осы жерге осы адам керек емес пе?
– Іммм… Ал ана бөлмедегі анау ше?
– Ол сарайға азық-түлікті уақтылы жеткізбейтін немесе түгел жеткізбейтін адамдарды, сондай-ақ, сарайдың құдыреттілігін мойындағысы келмей, оған қарсы қастандық жасайтындарды іздейді. Ойлашы өзің, сондай адамдарды бақылаудан тыс қалдыруға бола ма?
– Жарайды. Ал мынау ше?
– Ол сарайға келетін адамның бәрін тіркеп отырады.
– Мына біреу ше?
– Ол сарайдағы тазалықты қадағалайды.
Жұрт не туралы сұраса да, басшы бәріне әдемі жауап беріп отырды. Бәрі бірдеңемен айналысады екен, біреуі – жарық берушілердің бастығы, енді бірі – төсек салушылардың бастығы, үшінші бірі – екіншінің көмекшісі, төртіншісі – көмекшінің көмекшісі болып шықты. Шыны сарайды салғаннан кейін ондағы тәртіпті қадағалайтын, оны күзететін, іші-сыртын тазалап тұратын адамдар керек болған екен, дұрыстап іздесе, шаруа жетіп артылатын көрінеді. Бұлардан кейін сарай қожайындарына қызмет ететіндерге қызмет ететін жұрт керек бола бастапты.
Сарайда тұратындар саны көбейіп кетті, оларды асырау халыққа күннен-күнге ауыр тие берді. Енді сарай тұрғындары өздері шығып, тамақ пен киімді халықтан күшпен тартып алуға көшті. Қарсы шыққандарды өздерімен ала кетіп, сарайдың астына қамап тастайтын болды. Халық өз мойнына өзі киіп алған қамыттан құтыла алмай қойды. Сарай тұрғындары өздерінің күш-қуаты мен ешкімнен жеңілмейтіні туралы күні-түні күмпілдетіп жатты. Аңғал жұрт бұған сенді, сенбегендердің ауызын күшпен жапты.
Шыны сарай ашкөз хайуаннан бетер тойымсыз болды. Оның тұрғындары жаратылысынан жалқау болғандықтан ба, әлде селтеңдеп бос жүруге үйреніп алғандықтан ба, өздерін асырап отырған жұртқа қарыз екенін ойына да алмады. Шыны сарай тұрғындарының елдегі жұртқа қалай қарайтынымен салыстырғанда, жай шаруаның өзі сиыры мен итіне әлдеқайда қамқорлықпен қарайтын. Қорқып қалған халық қолда барының бәрін беретін. Бірақ халықтың өзінде беретін ештеңе қалмаған күн жетті. Сол кезде аман қалған қойдың бәрін сарайға алып келуге бұйрық берілді. Тыңдамауға батылы бармаған жұрт күңкілдей жүріп, тағдырын қарғай жүріп, қойларын алып келіп, күзетшілерге өткізді.
Осы кезде біздің достарымыздың басшысы халықта ештеңе қалмағанын, халықтың наразы екенін түсінді. Ол сарайдың балконына шығып, тілінен бал тамыза сөйледі:
– Уа, халқым! Дос қызғанып, жау қорқып жүретін шыны сарай салу үшін сендер көп нәрсені құрбандыққа шалдыңдар, тіпті мұқтаждық пен мехнатқа да шыдадыңдар… Бірақ жарқылдаған сарайдың құдыреттілігінің қасында екі-үш қап астық, үш-төрт отар қой деген не, тәйірі? Өздеріңнің игіліктерің мен атақ-абыройларың үшін біздің де аянбай еңбек етіп жүргенімізді білесіңдер. Сендер бүгін соңғы қойларыңды алып келдіңдер, бірақ біз де мейірімдіміз, біз де құрбандыққа барып, сендермен бөлісуге дайынбыз. Ал, қане, барлық қойдың басын халыққа таратып беріңдер!
Сарайдан қызметшілер шығып, халыққа қойдың басын тарата бастады, бұл бастар – сарайға өз аяғымен келіп, содан соң бауыздалып, мүшеленіп, кәуәпқа айналып кеткен қойлардікі еді.
Жұрт қойдың басын ұстап қалды. Сарайдан алған сыйлығына көз тастаған біреуі кенеттен таңырқай айғай салды:
– Мынаны қара! Мына бастың миы жоқ…
Балкондағы көсем жауап берді:
– Әрине, жоқ! Сендерге ми не керек?
Тағы біреу айғайлады:
– Мына бастың тілі жоқ қой!
Көсем дереу жауап берді:
– Ардақтым, сендерге тілдің түкке керегі жоқ.
Үшінші біреу айғайлады:
– Мәссаған! Мына бастың көзі де жоқ!
Көсем оған да жауап берді:
– Сендер көзді бәрібір пайдалана білмейсіңдер ғой.
Міне, осы кезде топтағы біреу күйіне бажылдап:
– Маған мұндай бастың керегі жоқ! – деп, құлаштай лақтырды…
Сынған шынының шылдыры естілді. Халық ішін тарта, сілейіп қалды, сарайдың қабырғасында дәу тесік үңірейіп тұр еді!..
Беріктігі мен айбынын өздеріне күні-түні толассыз дәріптеген зәулім сарайдың шын мәнінде түкке тұрғысыз осал бірдеңе екенін бәрі көрді. Осыдан кейін жұрт қолындағы қойдың басын бірінен соң бірі лақтыруға кірісті, сарай күйреп түсіп, ішіндегі тұрғындарын үйінді астына жерлегенше лақтыра берді.
Жұрт сарай қалдығын лезде жинап тастады. Енді олар онсыз да тірлік етуге болатынын түсінген еді. Жұрт өздерін басқаруды ел ішінен сайланған адамдарға тапсырып, бұрынғы өміріне қайта оралды. Дегенмен шыны сарайға қатысты ащы сабақ ойларында мәңгі сақталып қалды. Ел ішінде: «Байқаңдар, ендігәрі шыны сарай тұрғызып жүрмеңдер. Алда-жалда сондай сарай бәрібір салына қалса, оны сындыруға болмайды дегенге сенбеңдер. Ең асқақ сарайдың өзін күйретіп жіберуге бірнеше бастың ұшуы жеткілікті», – деген сөз көпке дейін айтылып жүрді.
1946 жыл.
Орысшадан аударған Кенжебай АХМЕТОВ.