Тағылымды тарихының тереңіне үңілсең талай тамаша тәбәрік андыздап алдыңнан шығатын шежірелі «Шеңбер» – уақыт тынысымен үндес ілгері ұмтылған, ырысын ынтымақтан тапқан ауыл. Бүгінгі басшысы – өзім бір адамдай білетін Сағат СҰЛТАНОВ.
Ол «Шеңбердің» шылбырын екі мәрте ұстады. Біріншісін – бір жылдай…
«Туған ауылдың түтіні түзу шықсын» деп тыным таппай жүрген жігіт кезекті сайлау кезінде қызметпен қоштасты. Жаңа талапқа «томпақ» келген тұсы – үміткерге қажетті мемлекеттік қызметтегі еңбек өтілі кемшін соқты. Жүйрігін додаға қосуға жерлестерінің дәрмені жетпеді. Ал, аудан Заңнан аттап кете алмады…
Екіншісі – бұдан алты жыл бұрын. Үкілеп қосқан үш үміткердің арасынан таңдау өзіне түсті…
Сағат – «Шеңбердің» тумасы. Топырағына кіндік қаны тамған сәт –1965 жылдың шіліңгір шілдесінен «Шеңберден» шалғай шыққан емес. Анда-санда аудан орталығына, немесе облысқа қарай қызмет бабында бара қалса, ауылға қайтқанша асығады. Әкім болғандықтан емес, қашаннан әдеті сол! Осында мектеп бітірді, еңбек жолын көмекші шопандықтан бастады. Автогаражда слесарь, механизатор, автогараж диспетчері, есепші болып істеді. Ақыры «орда бұзар» отыз жасында шаруа қожалығын құрды.
Ауыл баласына мал таңсық емес. Бірақ, білімін тереңдетпей, қаражаяу қалатынын түсінді. Сосын жатпай-тұрмай олқылықтың орнын толтыруға бекінді. Еңбектен қол үзбей жүріп университет бітіріп, жоғары білімді «экономист» мамандығын алды. Жалпы ол – жан-жақты жігіт. Әсіресе, әдебиетке әбжіл. Сөзге шешен, іске мығым. Белсенділігі бір басына жетеді. Саясаттың соңына түспегенімен, қоғамдағы құбылысқа өзіндік көзқарасы бар.
2012 жылы ауыл әкімдігіне тағайындалғанда, көпшіліктің қалыпты жағдайдай қабылдағаны сондықтан. Ал, ауыл басшысы ретінде қызметін қалай бастағанына куә ел күні бүгінге дейін еске бір түсіріп қояды. Екінің бірі ойламайтын қадам. Жұртты жинап, жиын ашпады. Риясыз көңілін ресмилендірмей, фермер біткенді шаңырағына шақырып, дастарқан жайды, бәтуалы әңгімеге бет бұрды. Біреуге ақыл айтудан аулақ екенін, әркім өз шаруасын білетінін, бірақ, бас бірікпей береке болмайтынын сыналап сездірді.
Сол қонақасы көп нәрсенің орайлы шешілуіне жол ашты. Ауылдың еразаматы ортақ істен іргесін аулақ салмады, шаруаға шынайы ынта-ықылас танытты. Мәдени-бұқаралық жұмыс жанданды. Әртүрлі мереке тартымды өте бастады. Сағатқа алақандай ауылда қайран қазекемнің ықылым заманнан қалыптасқан қастерлі қағидасы мен ұлағатты ұстанымы тұнып тұрғандай көрінеді. Басқа-басқа, ал ата-бабаның өнегелі үрдісі мен қайталанбас қасиеті жатқаны аян.
Соны елдің заманауи даму үдерісімен ұтымды сабақтастырып, ұрпақ игілігіне жарата білсе, қандай ғанибет! Осы бағыттағы ұмтылысының алғашқы қадамы жаз шыға ұйымдастырған «Туған жерге тағзым!» атты іс-шара болды. Сағыныштың сағымына шомылып жан-жақта жүрген жерлес біткен сол күні тайлы-тұяғы қалмай туған топыраққа табан тіреді. Аңсаған аулында арқа-жарқа жолыққандар алдымен мешітке барып, бақилық болған аруақ рухына құран бағыштады.
Сосын жаңғыртылып, жаңа кейіпке енген клубта бәрі бас қосты. Шапағатқа шөліркеген ауылды ажарландырудың алғышарты, бүгінгі бейнесі мен келешектегі келбеті әсерлі әңгімеге арқау болды. Келелі кездесу бәйге мен қымызмұрындыққа ұласты. Жұртшылыққа сағаттың туған жерге топтастырсам деген талпынысы ұнады…
Сағат Сұлтанов ауыл әкімдігінен қалай, неге кеткені әңгіменің басында айтылды. Бірақ, оған жігіт жасымады. Жігерін жанып, шаруа қожалығын қолға алды. Түлікті тағы төрт жыл айналдырды. 2017 жылы тамызда биліктің тізгінін тағы ұстады. Үш мың гектар егістігі, қырық мың гектар жайылымдық пен екі мың гектар шабындығы бар шаруашылықтың шырайын шығаруға шамасы келетініне сенді. Үлкен-кішісін қосқанда жарты мың жан өзіне үміт артып отырғанын да сезді.
Қазір 47 шаруа қожалығы бар малға қараған елдің еңсесі жоғары. Бұрынғыдай сан қумай, сапаға ойысқан. Көпшілігінің ірі қараны асылдандыруға ден қоюы – соған дәлел. Биыл үш мың ірі қара, төрт мың қой-ешкі, екі мыңдай жылқы қысқа түсті. Егістікпен айналысатын «Сабыр» ШҚ 150 гектарға – бидай, «Жөкебаев О» ШҚ 700 гектарға – бидай, 20 гектарға арпа егіп, күзде жинап алды. Барлық шаруа қожалығына күн сәулесінен қуат алатын құрылғы мемлекеттік бағдарлама аясында тегін берілген.
Сағат бірқатар бірегей іске бел буып отыр. Жеке шаруа қожалығы ғана емес, жалпы ауыл тұрғынының қабылданып жатқан небір мемлекеттік бағдарламаны терең зерделеп, қарастырылған жеңілдікті кәдеге жаратуына қолайлы жағдай тудыруды қолға алды. Кейінгі екі жылда Бірлік Саламат пен Елдос Жұмағат кәсіпкерлікті дамыту және қолдау аясында бөлінген аудан әкімінің грантын иеленіп, екі моншаны ауылдастары игілігіне айналдырды. Сонымен қатар Бірлік Саламат құмнан блок шығаратын цех ашып, алғашқы өнімін жұртшылық тұтына бастады.
Орта мектеп пен жанындағы шағын орталық ойдағыдай жұмыс істеп тұр. 57 баланың иелігіндегі 42 компьютер интернет желісіне қосылған. Өткен оқу жылында мектеп түлегі Аяла Сартай мен Назым Баташ білім грантын иелінді. Мектеп асханасынан бастауыш сынып, толық емес және көп балалы отбасынан шыққан, барлығы 27 оқушы тегін тамақтанады. Жылу беру маусымына қажетті 250 тонна көмір толық түсірілген.
Округ орталығының тұрғындары ауызсумен 2,4 шақырымдық құбыр арқылы қамтамасыз етіледі. Былтыр көшеге тағы бір колонка орнатылды. 12 үйге ауызсу құбыры енгізілді. Бұл биыл да жалғасын табады. Сондай-ақ, Ұлытау, Орталық, Сарыарқа көшесіне асфальт төсеу жоспарланған. Аудандық білім бөлімінің балансындағы ескі жылу қазандығы ғимаратын жөндеп, жылытылған автотұраққа айналдыру ойда бар. Былтыр ішін тазалап, дарбазасы мен терезесі айырбасталды.
Айтпақшы бұдан бес жыл бұрын Сағат тағы бір игі іске ұйтқы болды. Ауыл әкімдігі поэзиялық және журналистік туындыға байқау жариялады. Оған тікелей «Шеңберге» қатысты, өңірдің арғы-бергі тарихынан сыр шертетін, ауылдың бүгінгі келбеті мен келісті келешегін сипаттайтын, берекелі бірлігін көрсететін және өзі өмірден өтсе де, өнегелі із қалдырған тұлғаны дәріптейтін, қайда жүрсе де ауыл абыройын асқақтатқан азаматты әспеттейтін шығарма қабылданды.
– Тек шаруаның шалғайында кетпей, тәрбиені түгендеген түбі ұтылмайды. Тәлімді тәрбиенің негізі – отбасы. «Отан отбасынан басталады» деген сөздің түп-төркіні сонда жатыр. Әулеттің туыстық қатынасы ұлттық тұтастыққа ұласып жатса, ғажап емес пе?! – дейді ол. Алақандай ауыл әкімінің айтқанынан жанарын алысқа қадаған азаматтың кісілік келбетін көргендей болдым.
Әлібек ӘБДІРАШ,
Қазақстанның Құрметті журналисі.