Павел СТОВБЧАТЫЙ
(Детектив)
(Жалғасы. Басы газеттің № 36(1789) санынан басталады).
Арадағы біраз үнсіздіктен кейін Света өз үйінің кілттеусіз, ашық қалғанын айтып, есікті жауып келуге сұранды. Бірақ, мен үзілді-кесілді қарсы болдым. Бұл қорыққандық емес, сақтық шараларын сақтағаным еді. Оны жұбату үшін қабырғадан бәрі естілетінін, үйіне біреу кірсе бізге де белгілі болатынын айтып, аса қауіптің жоқ екенін ескерттім. Сонымен ол мәселе «күн тәртібінен» өзінен-өзі түсіп қалды.
Құр босқа отырмау үшін, әрі уақыт өткізуге, әрі арадағы алшақтықты қысқартады деп аздап ішіп отыруды ұсындым. Әуелде қарсы болғанмен, бізден құтылмасын білді ме Света қолды бір сілтеп, компанияға қосылды.
– Сіздер не себептен қаштыңыздар? – деп сұрады Света жүз грамнан жұтып алып, аздап жүрек жалғаған соң. Оның жай әйелдерге тән әуесқойлықпен сұрағаны сезіліп тұр. Еш алдап, арбау жоқ.
– Неліктен біз отыруымыз керек? – деп мен сұраққа сұрақпен жауап қайтардым.
– Неліктен?
– Қалай десем… Заң, үкім, кесімді жыл… Мен білмеймін. Бәрі де отырады ғой, әйтеуір…
Енді өздеріңізге-өздеріңіз үкім шығарып отырсыздар. Жылдарыңызға жыл қосады ғой, солай емес пе? Сонда не ұтасыздар?
– Ештеңе ұтпасымыз да мүмкін. Бірақ, адам ұтыламыз деп те өмір сүрмейді. Ал енді заңға келсек, қымбаттым, ол негізінен тек әлсіздерге ғана арналған. Қазір түсінбеуің мүмкін. Кейін бәрін ұғасың, өз уақытында. Оны жасаған сенімен мен емес. Сен айтқандай бәрі де отырған жоқ. Тек, заң бойынша қылмыс жасай білмейтіндер ғана отыр. Ал, қылмысты заңмен жасайтындар тайраңдап жүр. Отырғандар тек заң алдында күнаһарлар ғана, ал өзгелер судан ақ, сүттен таза. Тағдыр солай.
Ол басын шайқады.
– Иә, бәрін бірдей «судан ақ, сүттен таза» дей алмайсың… Заң туралы да дұрыс айтасыз. Бірақ солардың арасынан да әділ жазасын алғандары бар ғой.
Мен еріксіз басымды шайқадым. Оның бірбеткейлігіне бас шайқадым. Былайша ақымақ та емес сияқты.
– Бұл өте сирек болатын құбылыс. Ондай «қылмыскерлер» аз. Олар тек бірдеңені дұрыс бөлісе алмай қалса, бір-бірін таптаса, заң бір жаққа ауып кетсе ғана.
Қазіргі уақыт, міне, сол «үлкен бөліс» уақыты. Ешкім заңды, билікті қолдарынан шығарып алғылары келмейді. Кім кешіксе, сол құр қалады. Сосын оп-оңай істі болып шыға келеді. Осындай аласапыран уақытты бос жібергіміз келмеді. Оның үстіне, бұл дүниеден алар біздің де үлесіміз бар ғой. Бірақ, ана гэбистер мен спецтер түк қоятын емес. Талап та жатыр, қырып та жатыр. Бізге түк қалдырар түрлері жоқ, – деп мен ебедейсіздеу әзіл тастадым.
– Сонда не, атып жатқан, өлтіріп жатқан солар ма?
Қолдарында билік, атшаптырым кабинеттерді иемденіп, жұмсақ креслоларға көміліп, дүйім елді аузына қаратып отырған алпауыттар туралы айтқан «үрейлі» әңгімем оған ертегідей естілсе керек, Света аз-кем аң-таң кейіпте отырды да:
– Сонда олар адам өлтірушілер ме? – деп қайыра сұрады.
– Сеніңше сонда кім, біз бе?! Қылмыскер дегенің, көкешім, аздап есалаңдау, алдын-артын бағдарлай білмейтін халық. Әрине, бәрі бірдей емес. Бірақ, дені сондайлар. Ал, банкирлерді, мәселен Листьев сияқты жан-жақты, іскер, қабілетті адамдарды «алу» үшін тәжірибе, шыдамдылық, үлкен ақпарат, сыбайластық, ұйымшылдық, тәртіп, ақыл және көп ақша керек. Із-түзін білдірмей құртып жіберу ква-ли-фи-ци-рованный іс. Ойыншық емес. Ал, осы айтқандарымның бәрі жай қылмыскердің бойынан кездесер ме еді. Егер ондай адам бола қалса, бір-екі, тю-тю. Түрмеде шірітіп, көзін құртады. Сондықтан, қымбаттым, біздер жөніндегі теледидардағы «ертегілерге» сене берме.
Менің бұл өзімше дәлелдеп айтқан әңгімелерім оған әсер еткенін байқап отырмын. Шынында да, түрмені көрмеген әр адамға осылай әсер қалдырары да анық.
– Сіз де, сіз болмай-ақ қойыңыз, сізбен бірге ана лагерьде отырғандардың да арасында адам өлтіргендер бар ғой, солай емес пе? Олардың бәрі алаяқ, ұры емес шығар.
Шақар екен, оңайлықпен берілер емес. Мен езу тарттым.
– Әрине, – дедім сосын. – Бар. Небір баскесерлері де бар. Біреулері ақша үшін, біреулері ақымақтықпен, енді біреулері принциппен… Әлемде небір сорақылықтар болады, болған да, бола береді де. Өмірдің өзі күрес. Әркім онымен әртүрлі күреседі.
Света шын ойланып қалды.
– Жақсылығы аз екен, – деді сосын күбірлеп.
– Иә, аз, өмір солай жаратылған. Жасағанның өзі солай жаратып отыр, оған бізден еш қайран жоқ…
– Сен бұны көп тыңдама. Әйтпесе өзің де автоматқа жармасқың келеді.
Манадан үнсіз отырған Гадо осы кезде әңгімеге араласты. Ол Светаға көзін сығырайтып бір сәт сынай қарап отырды да, одан еш жауап болмаған соң, маған бұрылды.
– Әңгіме бұзау емізеді. Хош! Одан да істің басын ашып алайық. Уақыт өтіп барады, ұмытпа!
Онысы да рас, құр әңгіме біздің жағдайымызға тек зиянын тигізеді. Сондықтан өзімізге пайдалы жағына көшкеніміз жөн. Осы мақсатта Светадан қаланың ой-шұқырына дейін сұрай бастадық.
Гадо келесі бөлмеге барып, қожайынның шкафын қопарып жүріп бір парақ таза қағаз бен қалам тауып әкелді.
– Мә, мына қағазға мүмкіндігіңше қаладан орманға қалай шығуға болатынын сыз. Жақын маңдағы елді мекендердің де аттарын жазуды ұмытпа, – деп тапсырды.
Света қағаз бен қаламды алып сызуға оңтайлана берді де, басын столдан көтеріп алды.
– Айтпақшы, – деді ол сосын. – Бұны несіне сызып әуре боламыз? Менде үйде нағыз карта бар, мектептен бері келе жатқан. Атлас та, облыстың қартасы да бар. Рас айтам.
– Ал, сосын?
– Барамын да алып келемін…
– Басты қатырма! Әрлі-берлі жүретін уақыт жоқ. Оның үстіне бізге пәтерден бас шығаруға болмайтынын түсінбей отырмысың?!
Тәжіктің сұсты жүзі қызды тұқыртып тастады.
Аударған Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.
(Жалғасы бар)