Қадірлі әріптесіміз, асыл азамат Базарбай Әлеуханұлының тағдырдың жазуымен бақилық болып, арамыздан кеткенінен бері бес айға жуық уақыт өтіпті. Біз әлі де одан қапыда айырылып қалғандай әсерден арыла алмай жүрміз. Аяулы жанның ғұмыр жолының тым ертерек қиылғаны өкінішті. Тірі болғанда осы қаңтардың 24-інде 65 жасқа толатын еді. Оны біз еліне елеулі, халқына қалаулы қайраткер тұлға ретінде бағалап, есте тұтарымыз анық.
Руханият төңірегінде жүрген белгілі адамдардың көбісі Жезқазғанға жолы түскенде ең әуелі Базарбайды іздеуші еді. Астана, Қарағандыға барған кезімізде де олар Базарбайды сұрайтын. Өйткені, кісілік келбетімен танылған Базкен бауырымыз талай мәртебелі қонақтарды күтіп алып, шығарып салуда жолынан жығылып көрген емес. Еңбек ететін ұжымына, әріптестеріне ерекше ықыласпен көмек беруге де дайын тұратын. Қатарлас жүргендерге де қамқор қолын созудан тайынбайтын мәрт мінезді еді. Арқа сүйер азаматтығын өзім де көп көрдім. Оның осындай кісілік қасиеті мен адамгершілік болмысына сүйсіне жүріп, кездескен кезде «Базкен» деп іштарта отырып әңгімелесуші едік. Сөйіткен аяулы жан туралы енді өткен шақпен еске алудың өзі қандай қиын.
Ол екеуміздің бір-бірімізді біліп, аралас-құралас болуымыз Базарбайдың 1989 жылы облыстық «Жезқазған туына» қызметке келуінен басталған еді. Ол 1985 жылы Қарағанды жылу жабдықтары зауытында ауысым шебері болып еңбек ете жүріп, политехникалық институтта құрылысшы-инженер мамандығы бойынша оқыпты. Өндірісте жүріп жазу қабілетімен көрінген жас жігітті 1988 жылы «Орталық Қазақстан» газетінің редакциясы қызметке шақырады. Газеттің өнеркәсіп бөлімінде тілші болып, журналистік жолда таныла бастаған Базарбайдың Жезқазғанға қоныс аударып келуіне қазіргі Алаштың айтулы ақыны Ғалым Жайлыбай себепкер болғаны бар. Сол уақытта «Жезқазған туында» істеп жүрген Ғалым бір жолы Қарағандыда болғанында жолдас, әрі жерлес азаматты «бізге жүр, бірге істейік» деп үгіттеп келсе керек. Мұны хош көрген біздің редакция басшылығы да жазуға жорға жас жігітті жұмысқа қабылдауға бірден келіседі. «Жақсыда жаттық жоқ» демекші, жұмсақ жымиып, жылы жүзбен сіз-біздесіп тұратын азамат жаңа ортаға келген соң, жылдам сіңісіп кетті. Мен бұрын кездеспесем де оның есімін сырттай білетін едім. Журналистикада алғашқы еңбек жолымды бастаған аудандық «Жаңаарқа» газетінде мәдениет-өнер бөлімінің меңгерушісі болғаным бар. Редакцияға өлең жолдайтындар көп. Солардың хаттары менің қолыма тиеді. Бір парақ оқушы дәптеріне маржандай айқын әріптерімен 4-5 шумақ өлеңін жолдайтын «Рассвет» кеңшарының жас талапкері Базарбай Әлеуханов есімде қалыпты. Кей-кейде сол туралы сөз қозғап, еске салғанымда «ту, өзі сіздің қамқорлығыңызды ертеден көріппін ғой» деп ақырын ғана жымиюшы еді Базкен.
«Жезқазған туы» газетінде Базарбай журналистік қабілетімен жақсы танылды. Редакцияның қоғамдық істеріне де белсене қатысып, іскерлігімен көрінді. Бөлім меңгерушісінің орынбасары болды. Онымен қатар жүріп «тонның ішкі бауындай» жақын араласып кеттік. Тәуелсіздікпен бірге нарық қатынастарына қадам басқан тұста Базарбай кәсіпкерлікке бет бұрып, «Шапағат» шағын кәсіпорнын құрды. Халыққа әлеуметтік қызмет көрсету бағытындағы бизнесте екі жылдай істеп көрген соң бұл кәсіптің өзіне қол емес екенін аңғарды. Ол намысқой болатын. Сол тұста біраз уақыт жұмыссыз жүрсе де редакцияға қайтып келуді намыс көріп, ешкімнің алдына бармай бос жүрген кезінде кездесіп қалдық. Шым-шымдап жағдайды білген соң мұрағат саласына жазуға ыңғайы бар адам іздеп отырған облыстық мемлекеттік архивтің басшысы Балтабай Малдыбаевпен кезіктіріп, таныстырған едім. Балтекең үлкен қызмет жолдарынан өткен, адамды тани білетін кісі ғой. Базарбайға бірден жабысып, өзіне орынбасар етіп тағайындады. Одан кейін директорлық лауазымын сеніп тапсырды. Үш-төрт жылдай архив мекемесінің қызметін ұршықша үйіріп, Павлодардағы осы саланың оқуына түсіп келген Базарбай Әлеуханұлын 1997 жылы Жезқазған қаласының әкімі баспасөз хатшысы қызметіне шақырды. Бұл қызмет оның жанына жақын журналистикаға оралуына ықпалын тигізген еді. Қаладағы бұқаралық ақпарат құралдарымен қоян-қолтық араласып, түсіністікпен жұмыс істей білді.
Қалалық әкімдік телерадиохабарларын тарату дирекциясының директорлығына конкурс жариялағанда оған 5-6 үміткер ұмтылып, бақтарын сынасқан еді. Алайда, конкурстық комиссияның таңдауы Базарбайға түсті. Осылайша ол 1999 жылдан бастап «Дидар» телеарнасының тізгінін қолға алды. Жезқазған облысы тарағаннан кейінгі телеарнаның тағдыры қыл үстінде тұрған ол бір қиын кезең еді. Осы күрделі тұста барған Базарбай қордаланған көп шаруаның күрмеуін шеше білді. Кешегі конкурстан өтпей қалып өкпелі болғандар мен жаңа басшының талабына мойынұсынғысы келмейтіндер «телеарна директорының журналистік білімі жоқ» деп арыз жазып, аяқтан шалғылары келген жағдай да болды. Бұл жағдай оны жігерлендіре түсіп, Қазақстан-Ресей университетінің журналистика бөлімін бітіруіне, кейін Орталық Азия университетінде заңгер мамандығын алып шығуына түрткі болды. Сонымен қоса бар күш-қуатын жұмсап, кетеуі кете бастаған телеарнаның жұмысын қайта жандандырды. Әуе толқынындағы хабар таратуға қатысты мәселені шешу үшін астанаға сабылып, тиісті орындардың табалдырығын талай тоздырып жүргенін көрдік. Оның тынымсыз еңбегі мен іскерлігінің арқасында «Дидар» ақпарат айдынында кеңінен танылып, республикадағы өз орны бар телеарналардың біріне айналды. Телевидение саласына жастарды тартып, мамандыққа баулып тәрбиелей білді. Бұл күндері қияға қанат қаққан олардың арасында Базарбай ұстазы туралы ағынан жарылып, ризашылығын білдіретіндері өте көп. Иә, соңынан ерген жастарға ағалық қамқорлығы да алабөтен болатын.
Базкен 22 жыл телеарнаға біліктілікпен басшылық жасай жүріп, тележурналистикада өзіндік мектебін қалыптастырды. «Дидарға» бауыр басып, «Дидармен» бірге өркен жайды. Өмірінің Жезқазған-Ұлытау өңірінде өткен жылдары оның өресін өсіріп, өрісін кеңейтті. Осы жылдарда бойдағы қабілет-қарымымен барынша танылды. Шыңдалу жолдарынан өткен ол қайраткер тұлға ретінде қалыптасты. Жезқазған қалалық, Қарағанды облыстық мәслихаттарының депутаты болып сайланды. «Нұр Отан» ХДП Жезқазған филиалы саяси кеңесінің мүшесі, қалалық партиялық бақылау комиссиясының төрағасы болды. «Қазақстан Республикасы Конституциясына – 10 жыл», «Астанаға – 10 жыл» медальдарымен марапатталып, ҚР Президентінің Алғыс хатына, Мәдениет және бұқаралық ақпарат құралдары министрлігінің Құрмет грамотасына ие болды. Қазақстанның Құрметті журналисі атанды.
Арқа журналистикасының ақтаңкері, қаламы қарымды сатира жанрының сарбазы, сыршыл өлеңдерімен танылған ақын Базарбай Әлеуханұлының әттең, қаламы ерте қаңтарылып қалды. Оның жазып жүргендері де, әлі жазары да көп еді. Қоғамдағы келеңсіздік пен адамдар арасындағы ойсыздық пен тойымсыздықты, надандықты әшкерелейтін ащы әжуалары қандай еді. Қаламы – жебе, ойы – терең болатын, ол көзі тірісінде сатираның сұрмергені атанды. Сатиралық туындылары бойынша республикада жеңімпаз атанды.
Бүгінде абзал азаматтың орыны ойсырап тұр. Ол елдің елеулі тұлғасы еді. Артында қамыққан Қараағашы қарайлап, елеңдей егілген елі іздейді оны әлі. «Қамшының сабындай қысқа ғұмыр» деген осы. Қайтеміз енді, тағдыр үкімі осылай болды. Рухың пейіштің төрінде шалқысын, Базкен бауыр!
Амандық РАХҰЛЫ.