Үкімет отырысында Жезқазған-Қызылорда жолын жаңғыртудың жобасы бекітіліп, құрылыс жұмыстары биыл басталады дегеніне де жарты жылдан асып барады. Әзірше нақты бір қолға алған іс-қимыл көрінбей отыр. Осыдан бірер ай бұрын «Қазавтожол» Ұлттық компаниясына Үкіметтің келісімімен Еуропа қайта құру және даму банкі арқылы 240 млн. доллар қаржы бөлінетін болып, келісімге қол қойылғанын естіген жұрт тағы бір серпіліп, қуанып қалған еді. Алайда, «компания бұл қаржыны Қызылорда-Жезқазған жолының 204 шақырымдық учаскесіне және Қызылордадағы ұзындығы 14,8 шақырымдық айналма жолдың құрылысына бөледі. Жолды салу бағыты Қызылорда облысы жағынан басталады» деген ресми ақпарат таратылғаннан бері жезқазғандық тұрғындардың көңіліне алаң кіре бастады. «Жезқазған жағындағы жол бөлігінің құрылысы қашан басталмақ? Ең нашар жол екі облыс шекарасының біз жағында еді ғой» деп пікір білдірушілер жиі сауал қоятын болып жүр. Біз осыған орай «Қазавтожол» ұлттық компаниясы өкілдерімен хабарласып, ел көңіліндегі сауалға жауап іздеп көрген едік.
Оңтүстік пен Орталықты байланыстыратын бұл күрежолды жөндеп, қайта жаңғырту мәселесі көп жылдардан бері көтеріліп, қоғам тарапынан жиі талқыланып жүргені белгілі.«Қызылорда – Павлодар – Успенка және Ресей шекарасы» деп аталатын республикалық маңызға ие бұл автомобиль жолының дұрысталуы қос өңірдің ғана емес, еліміздің экономикасының өркен жаюына да оң әсерін тигізетіні сөзсіз. Үлкен жолдың жаңғыруы оңтүстік өңірдің еліміздің орталық және солтүстік облыстарымен тікелей қарым-қатынасын жақсартып, автокөлікпен жүк тасымалдауды барынша жандандырады. Мәселен, қазір Қызылорда жағының көліктері Нұр-Сұлтанға 1917 шақырым қашықтықты еңсеріп жететін болса, Жезқазғанға дейінгі жоба ойдағыдай жүзеге асар болса, жол 817 шақырымға қысқарады екен. Ал, жолдың қазіргі жай-күйі туралы автокөлікпен жүріп өткендер аса қынжылыспен айтады. Күз бен көктемнің жаңбырлы лайсаң кездері мен қысқы боран-шашында жолда қалып, бейнет шегушілер қаншама. Қашықтығы 415 шақырым болатын автожолдың, әсіресе біздің Қарағанды облысына қарайтын 216 шақырымының басым бөлігі мүлдем сын көтермейді екен. Мәселен, жолдың тең ортадағы 120 шақырымдай бөлігіне қиыршық тас төселмеген, ой-шұңқырын айтпағанда, батпақтап қалатын жаман жерлері көп. Ал, Қызылорда жағына қарайтын 127 шақырымына асфальт төселген болса, жолдың 60 шақырымы қиыршық таспен нығыздалған.
Енді міне, талай жылдан бері айтылып, жоспарға енгізілгенімен экономикалық дағдарыс салдары мен басқа бір маңызды жобалардың алға шығып кетуінен үнемі кейінге шегеріліп келген Қызылорда жолының құрылысын бастау туралы Үкіметтің биылғы шешімін ел қуана қарсы алған-тын. Алайда, іс аяғы созылған сайын көпшілік көңіліне үмітпен қатар күдік те ұялай бастаған сияқты. Еуропа қайта құру және даму банкі арқылы берілетін қомақты қаржы жол құрылысының жартысына ғана жететіндігін естіген жұрттың алаңдауы да негізді. Көпшілік қауым жолдың бергі учаскесінің жағдайын білгісі келеді. Сондықтан, «Қазавтожол» Ұлттық компаниясына жолдаған сауалымызда жолдың Жезқазған жағындағы бөлігін қаржыландыру жайы мен құрылысты қашан бастайтындығы туралы нақты ақпарат беруді алға тартқан едік. Осыған байланысты компанияның баспасөз қызметінің жетекшісі Диас Ахметшәріп бізге мынаны хабарлады:
«Қызылорда-Жезқазған жол құрылысы жобасының Жезқазған жағындағы 208 шақырым бөлігін Азия даму банкінің қаражаты есебінен іске асыру жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта банкпен бірлесіп келісім және құжаттарды тиянақтау жөніндегі дайындық жұмыстары жүргізілуде. Құрылысқа тартылатын мердігерлер мен техникалық қадағалау компанияларын анықтап, келісім шарттарға қол қою келесі жылдың басына жоспарланған. Жолды қайта жаңғыртудың құрылыс жұмыстары 2022-2024 жылдар кезеңінде жүзеге асырылады». Компанияның ресми өкілінің бұл жауабы көпшілік көңіліндегі күдікті сейілтуге негіз болады ғой деп ойлаймыз.
Оның үстіне бұл маңызды жобаны Мемлекет басшысы да өз назарына алғаны қуантады. Жуырда Екібастұз қаласында өткен моноқалаларды дамыту мәселелеріне арналған кеңесте Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев: «2024 жылы Жезқазған-Қызылорда автожолының құрылысы аяқталуға тиіс. Бұл – Жезқазған мен Сәтбаев қалаларының көлік-сауда байланысын күшейтуге, сондай-ақ жүк тасымалы транзитін ұлғайтуға мүмкіндік береді», – деп атап көрсетті.
Олай болса үлкен жолдың жаңартылып, ел игілігіне айналар кезеңінен үмітімізді үзбейік. «Қызылорда жолы қашан салынады?» деген сауалға стратегиялық маңызы зор бұл жоба алдағы 3 жылда жүзеге асады деп айтуымызға енді толық негіз бар.
Амандық РАХҰЛЫ.