Сәтбаев қаласы, Гурба көшесі, 80-үйде орын алған апатты жағдай өткен аптадан бері әлеуметтік желілерді желпінтуде. Бейнебаяндарда көрсетілгеніндей, екі қабатты ағаш үйдің екінші қабатындағы пәтердің қабырғасы қақырап кеткен…
Жергілікті төтенше жағдайлар қызметі мамандары бұл апат газ баллонының жарылуынан болған деген «болжам» да жасап үлгерді. Алайда, жұртшылық бұған наразы. Тұрғындардың өзі ондай оқиғаның болмағанын айтып жатыр. Әрине, оны тиісті құзырлы орындар анықтай жатар.
Елді дүрліктірген осы оқиғаға байланысты облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлы Сәтбаев қаласына жұмыс сапарымен барып, апатты үйдің жағдайымен танысып, тұрғындарымен кездесті. Сәтбаев қаласының әкімі Шапағат Әубәкір өңір басшысына мән-жайды жіті түсіндіріп, баспанасыз қалған тұрғындарға қандай көмек жасалатынын айтты.
– Қазір біз тұрғындарды қауіпсіз жерлерге көшіру мәселесін ойластырып жатырмыз. Бұған дейін қалалық коммуналдық меншіктегі жатақхана мен қонақ үйге орналасуды ұсынған болатынбыз. Бірақ, тұрғындар оған келіспеді. Енді бос пәтерлер іздестірілуде.
Бұдан соң апатты үйге арнайы сараптама жасалып, апатты деген арнайы құжат дайын болған соң, өтемақы төлеу жағын қарастырамыз, – дейді Шапағат Момынбайұлы.
Тұрғындармен жүздескен облыс әкімі бұл жағдай өзінің жіті қадағалауында болатынын, зардап шеккен тұрғындарға арнайы өтемақы төленетінін, оған дейін уақытша баспана мәселесі жақын арада шешілетінін жеткізді. Ал, шаһар басшысына бұл жұмыстарды жеделдетуді тапсырды.
– Техникалық сарапшылармен бірлесіп орын алған келеңсіздікті анықтауды және тәуелсіз бағалаушы компания арқылы бағасын есептеп, мейлінше аз уақыттың ішінде өтемақы төлеуді тапсырамын.
Бұл ретте үйдің құны – нарықтағы бағамен өлшенуі тиіс, яғни, апатты жағдайдағылармен бірдей болмасын. Тұрғындарды уақытша қауіпсіз жерлерге орналастыратын жол картасын ертеңнен қалмай ұсыныңыздар, – деді Берік Әбдіғалиұлы өз сөзінде.
Қала әкімі Шапағат Әубәкірдің айтуынша техникалық тексеру мен бағалау жұмыстары екі айға жуық уақытты қамтиды, яғни өтемақы наурыз айында беріледі. Процесс аяқталғанша сәтбаевтықтар әкімдік балансындағы жатақханаға орналастырылады. Одан бөлек, облыс басшысына демеушілер есебінен қосымша үй жалдау мәселесі қарастырылатыны айтылды.
Орайы келгенде айта кетейік, Төтенше жағдайлар департаменті қазіргі уақытта аталған үйдің қабырғасы не себепті сөгіліп кеткенін анықтауда.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.