Адам қызық. Қызық-қуанышқа еш уақытта тоймақ емес. Бола берсем екен, келе берсе екен дейді. Қайсар, әсіресе, осы Жаңа жыл қарсаңында әлдебір жақсылық күткендей көңіл-күйде болады. Қуаныш әне-міне келіп қалатындай сезінеді. Немерелерінің Жаңа жылды асыға күтіп жүргендеріне қызыға қарап отырып, өзі де бала болып кеткісі келетіндей…
Қайсардың отбасы үшін бұл күн – қос қуаныш. Жаңа жылдың келуін мерекелеу өз алдына, оған қоса отағасының туған күні. Бұл күні Қайсар әдеттегідей телегей-теңіз сый-сияпатқа кенеліп, бір марқайып қалар еді. Өзіңнің жақын жандарыңның ықыласына бөлену қандай ғанибет. Тағдырдың сыйы болар, өмірінің небір бақытты сәттері 1 қаңтарға орайлас келген екен қазір ойлап отырса.
Жастық шақтың ең тәтті сәті жігіт болып, қызға деген ынтызарлық сезімге бөленуі ғой. Қайсар ол кезде жоғары оқу орнының екінші курсында оқып жүрген. Факультеттің комсомол хатшысы болғандықтан жаңажылдық студенттер кешін ұйымдастыруға барын салған. Комсомол комитетінің мүшелері неше күн өзімен бірге. Әсіресе, Жанардың жанында жүру Қайсардың шабытына шабыт қосқан. Қыздың биязы үні, сыңғырлаған күлкісі, наздана қараған жанары, тіпті сылаңдаған балғын мүсіні Қайсардың есіл-дертін баурай түскен…
Кеш ойдағыдай өтті. Жастар той-думанның әрін кіргізді. Шат-шадыман шаттық түннің бір уағына дейін созылған. Кештен Жанар екеуі бірге қайтты. Жатақханаға бірге кірді. Қыз тұратын үшінші қабаттың дәлізіндегі терезеден түскен көшенің көмескі жарығын жамылғандай болып, екеуі қоштасуға асықпай тұрып қалған. Қайсар қызды ертеңгі кешке киноға шақырған. Жанар келіскен. Қыздың киноға бірге баруға келіскені жігіт бойына батылдық ұялатқан. Қызды бауырына басып, ерінінен өпкен. Алғашқы сүйіс…
Ертеңіне кешке киноға қол ұстаса бірге барып, одан шыққан соң жапалақтай жауып тұрған ақ қар үстіне қатарласа із салып, алғаш рет серуен құрған. Екі жастың жүрегі табысқан. Бұл 1 қаңтар күні болатын.
Содан бастап жастардың жұбы жазылмаған. Келесі екі Жаңа жылды да бірге қарсы алады. Сөйтіп соңғы курсқа да келіп жеткен. Қасындағы бөлмелес екі жігіт ауылдарына кетіп, оңаша қалған Қайсар Жанарды қонаққа шақырды. Өмірдің шаттығына масайып, мәз-мәйрам көңіл-күйде әрі Жаңа жылды қарсы алған, әрі туған күнді тойлаған қос ғашық сол түнде тар төсекте табысқан. 1 қаңтардың таңында бір адам болып оянған.
Қайсар мен Жанардың сол жылдың көктемінде некесі қиылған еді. Студенттер комсомолдық үйлену тойын дүрілдетіп өткізген.
… Арада он бес жыл өте шыққан. Қайсар еңбек жолын орта мектепте сабақ беруден бастап, одан кейін қаладағы мәдениет сарайының директоры, аудандық мәдениет бөлімінің басшысы қызметтерін атқарады. Аудандық партия комитетінің үшінші хатшы лауазымында жүргеніне төрт-бес жыл болып қалған еді. Бір күні обкомға жедел шақырту алды. Жаңа жылды қарсы алудың абыр-сабырында бұл неғылған шұғыл шаруа деп ойлаған. Келсе, бұл жолғысы жай шақыртудың бірі емес екен, облыстық мәдениет басқармасының басшысы қызметіне Қайсарды тағайындаудың мәселесі шешіліп қойыпты. Сөйтіп сол жолғы келіп жеткен жаңа жылдың алғашқы күнінде жаңа қызметке кіріскені бар.
Екі ұл баланың анасы атанған Жанар арада он жыл салып «өнер» шығарғаны ғой. Ол облыс орталығына көшіп келгендеріне бір жыл өткенде дәл 1 қаңтарда үшінші нәрестені дүниеге әкелді. Қайсар:
– Жаңа жыл – бізге бақыт сыйлар күн, сондықтан өзін сағынтып келген қызымның есімін Бақыт қоямын, – деп перзентханада жатқан зайыбына сәлем айтқан еді сонда.
Уақыт сырғып өтіп жатты. Табиғат өз жүрісінен танбай, жыл жылға ұласқан. Заман өзгеріске ұшырады. Ойламаған жерде Одақ тарап, еліміз Тәуелсіздікке қол жеткізді. Қайсар сол басқарма басшысы қызметінде. Облысқа жаңа әкімнің келгеніне бес-алты айдың жүзі болып қалған. Жаңа басшы билікті жаңаша жүргізе бастады. Көп істі қолға алып, соны серпіліс әкелді. Бұрынғыдай емес, талап күшейді, жұмыс сұралды, тапсырманың орындалысы бақылауға алынды. Қайсарды қуантқаны сол, жаңа әкімнің мәдени-рухани саланы қолдауы ерекше. Онымен қатар, жұмыстан қол босап, бас қосқан сәттерде өзгелермен өзін тең ұстайтыны, әзіл-қалжыңға ерік беретіні, домбыраны қолына алып, ән шырқайтыны аса ұнаған. Әкім бір күні Қайсарға:
– Әр мекеме бас қосып, жаңажылдық кеш өткізіп жатады ғой. Бізге неге өткізбеске? Барлығымыз отбасымызбен отырайық. Жұмысты бірлесіп атқарғандай, мерекеде де бірге көңіл көтере білейік. Отбасымызбен танысалық. Сөйтіп Жаңа жылды бірге қарсы алайық. Асаба өзің боласың, – деген.
… Қайсардың аңғаруынша, жаңажылдық кештің барысы әкімнің көңілінен шығуда. Тойшыл қауым өздерінің басшы екендерін ұмытып, той думанын қыздырып-ақ бақты. Бір сәтте Қайсар күтпеген тосын оқиға болды. Әкім орнынан көтеріліп, микрофонға қол созсын:
– Ау, әріптестер, жаңажылдық кештің қызығымен біз осы бір нәрсені естен шығарып алдық-ау деймін. Ең алдымен, осы кештің асабасы Қайсарға рахметімізді айталық. Ал, Қайсар, туған күнің құтты болсын! Өмір жасың ұзақ болсын, бала-шағаңның қызығын көр. Сосын, Қайсар, жаңа қызметіңмен құттықтаймын! Бұл – туған күніңде саған жасаған тосын сыйымыз. Сен бүгіннен бастап облыс әкімінің орынбасарысың, – дегенінде жұрт дуылдата қол соқсын.
Иә, бұл 1 қаңтар сыйлаған және бір қуаныш еді.
Шахмұрат ИБАДАТҰЛЫ.