Міне, «қамшының сабындай-ақ» деп айтылатын шолақ өмір өтіп барады. Ып-рас екен-ау. Артына қараса, қаншама уақыт зулап өте шығыпты. Шынымен қартайған деген осы екен ғой. Жасы жетпістен асқан Қамбар өткенге жиі ой жүгіртетін болып жүр кейінгі кезде. Қарт адамның өкініші, қынжылысы көп болады дегенге енді өзінің көзі жете түскен. Кезінде бар есіл-дертің «жұмыс-жұмыс» деп аласұрып жүргеніңде, қызмет мансабың өскен сайын алға еліре ұмтылып жүргеніңде, естен шығарып алған кей сәттерің енді ойыңа оралады екен. Өкіне еске алады екенсің… Әсіресе алданған сәттері көп болыпты. Басқа-басқа емес, өзіне ең жақын тұтқан әйелдер қауымынан сол бір алданған тұстары есіне түскенде өкініштен өзегі өртенер еді.
***
Қамбар еңбек демалысын сол жолы жазда алған. Таңертеңгілік жайбарақат үйде отыр еді, телефон безек қаға жөнелгені.
– Қамбар, амансыңдар ма? – деген Медет мұның жауабын күтпестен сұрақтың астына алсын: – Үйде отырғаныңа қарағанда, демалысқа шыққансың ғой. Машинаң жүріп тұр ма? Демалысыңда бір жаққа барасың ба?
– Демалысымның бүгін бірінші күні. Ешқайда бармаймын. Не, жайша ма?
– Сол жай болмай тұр ғой. Сенің демалыс алғаның қандай жақсы болды. Көмегің керек болып тұр. Жарайды, қазір саған барып, бәрін түсіндіріп айтамын.
Ол кез еліміз тәуелсіздік алып, нарықтық экономикаға көшіп жатқан тоқсаныншы жылдардың басы болатын. Медет қысқартуға ілігіп, жұмыссыз қалған соң жүк тасымалдауға арналған «Москвичімен» сауда орындарына жалданып, күнкөрістік нәпақа тауып жүрген еді. Сол машинасы бұзылып қалыпты. Жөндеуде ұзақ тұратын түрі бар көрінеді. Сондықтан Қамбарға өтініш айта келіпті. Жұмысы таңғы сағат алты-жетілерде басталып, жекеменшік наубайхананың түнгі ауысымында пісірілген нан өнімдерін дүкендерге тасуы керек. Медет жағдайын айтып, қысыла қиылып тұрған соң келісімін берген. Қамбардың жеңіл көлігі де фургон еді.
Қалада не көп, жекеменшік дүңгіршектер қаптап кеткен кез еді. Сатушылары боса да қыз-келіншектер. Елуге енді ғана иек артқан еркек болған соң оларға қырындамай жүре алар ма! Реті келгенде әңгімеге тартады, қалжыңдасады. Солардың ішіндегі Майра есімді келіншек кет әрі еместей көрініп жүреді Қамбарға. Жүзі аққұба келген көрікті-ақ. Мүсіні де сымбатты. Бәрінен бұрын қылықтылығын айтсаңшы. Наздана жымиып, әзіліңе үндесе тіл қататын жайдары-ақ. Қамбарды күн өткен сайын магнитше өзіне тарта түсті.
Қамбар келіншекпен қалай оңаша кездессем екен деп жүргенінде оның сәтін Майраның өзі келтірді емес пе. Сол күні кешкілік тойға баратынын айта келіп:
– Жолдасым жол жүріп кетіп еді. Өзіңіз білесіз ғой, жұрт уақытында жиналмайды да той кеш басталып, ұзаққа созылады. Ағай, мені тойдан алып кетпейсіз бе? Түннің аты түн, біреу-міреу қарындасыңызды қолды етіп жүрер, – дегені ғой наздана.
– Оның дұрыс, Майра. «Сақтанғанды сақтаймын» деген сөз тегін айтылмаған ғой. Озбырлық-зомбылықтың көбі түнде жасалатыны тегін емес. Сен үшін мен әр уақытта әзірмін, – деген Қамбар қуана.
Айтқандай-ақ той кеш бітті. Онымен қоймай Майра жұрттың көбі тарқап кеткенде барып асықпай шыққаны. Қасында өзі құралпас бір келіншек бар артқы орындыққа жайғасты.
– Ағай, сізді әбден күттірдім-ау. Мына қызды вокзалдағы үйіне апарып тастайықшы, ренжімесеңіз, – сөйдеді де екеуара қызу әңгімелесіп кетті. Ашық-жарқын сөйлесіп, өздері мәз болып күлкіге ерік беріп қояды. Әжептәуір ішіп алғандары байқалып тұр.
– Ағай, мына қызды үйіне кіргізіп жіберейік. Біреу-міреу қолды қылып жүрер, – деді сықылықтай күле Майра екі қабатты үйдің жанына тоқтағандарында.
– Сіздер далада ойнап жүріп алмай, тез үйлеріңізге қайтып, ұйықтаңыздар. Көрмейсіздер ме, түн ортасы болды, – деді келіншек қоштасарда қуақылана.
– Шамы да жоқ, мына жердің қараңғысын-ай, – деп Майра Қамбарды өзімсіне қолтықтап алды. Жеңіл көйлектен өтіп, келіншектің от денесі Қамбарды күйдіріп бара жатты. Ол одан әрі шыдап тұра алмады. Келіншекті бауырына қысып, еш қарсылық нышан да білдірмеген оның ерніне жабысты.
Майра жолай қайда бара жатқандарын сұраған да жоқ. Қамбар аэропорт жақтағы саяжайына қарай тартқан…
Кейін ғой Майраның:
– Сіз сонда менің мастығымды пайдаландыңыз ғой… Қандай қатыгез жан едіңіз, – дейтіні өтірік ренжи.
Медет көп ұзамай жұмысқа шықты. Ал Қамбар мен Майра апта аралатып саяжайда сағына қауышатын күйге жетті. Қамбар осы жасында және бір жанға осыншама ынтызар болармын-ау деп еш ойламаған еді. Сүйіп қосылған өз әйелінің қылығына күйініп, жалғыздық тауқыметін тартып жүргенінде Майраның ұшырасуы жаралы жүрегіне ем болған. Ал ол келіншектің өз есебі барын Қамбар кейін барып білді ғой.
***
…Сол жылдың күзі еді-ау. Қамбар жұмыстан кештете келгенде өз үйінен Майраны көріп, шошып кетсін! Оны көрген мезетте ойы сан-саққа жүгірген. Әйелінің жарқын үнін естігенде барып есін жиғаны:
– Қамбар-ау, неғып мелшиіп тұрып қалдың! Мына балдызыңмен таныссаңшы. Сіңілімді тауып, қуанышым қойныма сыймай отыр…
– Ә, жездеміз осы екен ғой. Майра, – деп қолын созды менімен бұрын-соңды жүздеспеген адамдай түк сыр білдірмей.
Мұның бәрі әйелдің айла-шарғысы екенін қаншама жылдар өткен соң барып бір-ақ білді ғой. Қазір ойлап отырса қандай айлакерлік десеңші.
… Осыдан бір жыл бұрын әйелі инсульт алып, жатып қалды. Тілі соншалықты күрмелмегенмен, аяқ-қолы сал болды. Сосын күтуші жалдауына тура келеді. Ол әйел Майраның жақсы танысы екен. Әлгі күтуші келіп-кетіп жүргенінде төрт бөлмелі даңғарадай үйде ерлі-зайыпты екеуі ғана тұратынын, олардың аянышты тағдырын әңгіме етеді ғой. Бір ұлы неміс қызына үйленіп, ақыры Германияға кетіпті. Бір ұлы Ресейге жұмыс бабымен барып, сол жақта үйленіп тұрып қалады. Не керек, екі ұлы да сол кеткеннен мол кетіпті. Ерлі-зайыптылар арасындағы суық қарым-қатынастың орнағанына оншақты жыл болғанға ұқсайды. Араларындағы дүрдараздыққа балаларының уайымы қосылып, осындай дертке душар болса керек. Майра күтуші әйелден осының бәрін естіп-білген соң іштей жоспар құрады ғой. Сөйтіп жүргенде сыртынан көрген Қамбардың өзі келеді емес пе. Майра онымен ойда-жоқта танысқан соң басына оралған ойға беки түседі. Қамбардың зайыбы Ақтөбе жақтан екенін біліп алады да, оның жерлес сіңілісі болып танысуға бекем бел байлайды.
Сол күні күтуші әйелмен Қамбарлардыкіне барады ғой.
– Сіздің Ақтөбе жақтан екеніңізді біліп іздеп келдім, – дейді.
Жөн сұрастыра келгенде бір ауылдан ғана емес, тіпті руы бір сіңілісі болып шыға келеді ғой. Сөйтіп Қамбардың өзімен ғана емес, оның әйелімен де жақын болып, іші-бауырына кіріп араласа бастайды. Мүгедек әйелдің күтіміне айрықша ықылас танытып, шынымен туған сіңілідей қолғабыс тигізеді.
Екі отбасының жақын араласқаны сонша, бірер жылдың ішінде өз адамдарына айналып шыға келеді. Майраның тепловоз машинисі болып жұмыс істейтін жолдасы да ақкөңіл, ештеңемен ісі жоқ жігіт екен, тез бауыр басып кетті. Олардың екі ұлы мен бір қызы ол кезде мектепте оқитын.
– Бізге осы төрт бөлмелі баспананың керегі қанша?! Ана Майраларға обал-ақ шиеттей баламен екі бөлмеде сығылысып тұрып жатыр. Солармен айырбастайық. Олардыкі әрі бірінші қабатта, менің арбамен бір мезгіл кіріп-шығуыма жеңіл. Өздерінің бізге дегенде жаны қалмайды, саяжайды да соларға берсейші, – деп әйелі жиі қыңқылдайтынды шығарды.
Қамбар әйелінің бұл сөзіне бірден құлай кетпесе де ойланып қалған. Өзінің бар ынта-ықыласын баурап алған Майраға қолынан келер жақсылығын жасауға әзір. Не керек, келесі жазда әйелінің тілегі жүзеге асты. Қамбар Майраның өзіне деген шын берілгендік сезімі арта түскеніне мәз.
***
Қамбар қазір ойлап отырса, арада оншақты жыл өткен шамада, иә, зейнеткерлікке шығатын жылы сүйікті Майрасы өзін сотқа сүйресін. Сондағы айтатыны Қамбар қызмет бабын асыра пайдаланып, Майраның екі бөлмелі пәтерін өз атына аударып алған. Сот құжаттарды тексере келіп, істі шағымданушы Майраның пайдасына шешіп берді. Сөйтсе ол кезінде құжат жасаушылармен сөз байласып, Қамбардың қолына жалған ордерді ұстатқан екен ғой. Махаббатқа мас болып жүргенде ол құжаттарды тексеріп алу да ойына кіріп-шықпапты. Сөйтіп жеңіл сезімге алданғанына опық жеп қала берді.
Қамбар шарасыздық күй кешкен
. Куә етер әйелі бұл күнге жетпеген. Оның бақилық болғанына бес жылдай болған еді. Қара жер хабаршы болмасын, өз әйелінің алдауына түскенді қойып, және бір әйелдің айла-шарғысының шырмауына іліккенін көрмейсің бе! Алдану деген қандай қиын-ақ.
Мұрат АПАҚАЙҰЛЫ.