Адам өмірінде мамандық таңдауда жаңылыспаса, жетер жетістігі мол болатынын біздің кейіпкеріміз жақсы бағамдай білді. Соның арқасы болар, өмірін кен өндірісімен ұштастырған Кенесары Атымтаев бүгінде «Нұрқазған» кенішіндегі еңбек озаттарының біріне айналды.
Кенесары Хамзеұлы атасы Құрманның тәрбиесінде жетілді. Теректі ауылында ер жеткен Кенесары Атымтаев кейін Жәйрем кентінде он жылдықты тәмамдап, Қарағанды политехникалық институтына инженер-механик мамандығына оқуға түсті. Институтты 1986 жылы бітіріп Жәйрем комбинатына жолдамамен инженер-механик болып жұмысқа жіберілді. Кенесары Хамзеұлы алғашы еңбек жолы жайында былайша сөз қозғады.
– Ол кезде Жәйрем дүрілдеп тұрған жастардың қаласы еді. Жәйрем комбинатын Садық Қасымұлы Асатов басқарып, жастарды еңбекке тәрбиелеуге көп көмек көрсетті. 1986 жылдан 1997 жылға дейін осы жерде еңбек еттім. 1997 жылы «Қазақмыс» корпорациясына жұмысқа орналастым. Алғашында Солтүстік Жезқазған кенішінде механик , одан кейін гараждың бастығы болып қызмет атқардым. 1998 жылы Батыс Жезқазған кенішінің №55 шахтасына жұмысқа ауыстым. Ол жерде дизель телімінің бастығы болып 2006 дейін қызмет атқардым. Директорымыз Мұхамеджан Алданазаров деген азамат болды. Мұхамеджан Тұрсынұлы ұжымды бір отбасындай жұмылдырып, жақсы көрсеткіштер көрсетіп, кеніш алдыңғы қатарда жүретін.
2006 жылы «Қазақмыс» корпорациясының Бас директоры Махмұд Қасланұлы Әлипбергенов шақырып, Қарағандының жанында «Нұрқазған» карьері бар екенін, жердің бетінен кен алу тиімсіз, оны шахталық әдіспен алу керектігін айтып, мені бұрғылау жұмыстарын жүргізу бойынша жауапты бас механик ретінде «Нұрқазғанға» жіберді.
Сол жылы «Нұрқазғанға» жұмыс бабымен ауысып келдім. Шахтаның порталын бірінші болып үңгілеуді бастадық. Ол кезде бригадир Қалыбек Татамбаев болды. Білікті бригадирдің жетекшілігіндегі жігіттер нәтижелі жұмыс жүргізді.
Кеніштің алғашқы директор Ерлан Аманқұл деген азамат болды. Одан кейін Мұрат Сағатов, ал 2008 жылы Әмірбек Шегірбаев директор болып келді. Осы тұста кеніш бірінші кенін беруге дайындалып жатты. Әмірбек аға мені шақырып, дизель телімін құру керектігін айтты. «Шахта үшін бұл телім ауадай қажет. Соған өзің бастық болсаң, қалай қарайсың? Бұрын істеген жұмысың ғой», – деді. Бір сөзді Әмірбек Шегірбаев телімді құруды қолға алып, мені басшылығына тағайындады. 2016 жылы «Нұрқазған» кенішінде клетпен көтеру телімі ашылды. Бұрын жұмысшыларды портал арқылы техникамен түсіретінбіз. Енді клетпен түсіретін болдық. Сол телімге жасым келгенсін сұранып, ауысым шебері болып ауыстым. Міне, бұл телімде де еңбек еткеніме 7 жылдың шамасы болып қалыпты. «Нұрқазған» кенішінде 17 жыл еңбек етіп келемін. Кеніштің алғашқы қадасы қағылған күннен бергі атқарған шаруаларыма кеніш директоры Мұқан Жалғасұлы Үңгітбаев, «КәсіпҚорған» кәсіподағы комитетінің төрағасы Айбын Арынғазинов үнемі жоғары бағалап келеді. Қазір «Нұрқазған» кеніші – «Қазақмыс» корпорациясы бойынша еңбек өнімділігі жоғары кеніш. Кеншілердің үлкен ұжымын бірлікте басқарып отырған Мұқан Жалғасұлының іскерлігі «Нұрқазғанды» табысқа бастап келеді, – дейді Кенесары Хамзеұлы.
Кенесары Атымтаев – еңбек ұжымында майталман маман болса, отбасында асқар тау әке, ақылшы ата, арқа сүйер азамат. 1984 жылы Қалдыкүл Сайлаубекқызымен жарасым тауып, отбасын құрды. Қалдыкүл Атымтаева ұлағатты ұстаз. Тұңғыштары Мақсат әке жолын жалғап, қазіргі күні «Батыс» кенішінің №73 шахтасында кен инженері болып еңбек етуде. Келіндердері Лаура қазіргі уақытта денсаулық саласында білікті маман. Батыр, Әділ, Әлиби, Қасым сынды немерелері ата-әжесінің көз қуаныштары.
Қыздары Гүлзат Астанадағы Еуразиялық университетінде білім алып, Американың Индиана штатында инженер-құрылысшы,сәулетші мамандығын, одан кейін Калифорния штатында Дейвс университетінде магистратураны бітіріп, қазір осы мамандықпен еңбек етуде. Кенже қыздары Бекзат Алматы политехникалық институтын мұнай-газ саласы бойынша тәмамдап, Қарағанды политехникалық университетінде оқыды. Алматыда Қазақ-Британ университетінің мұнай-газ саласының магистратурасын аяқтап, қазір осы униврситетте докторантурада оқиды. Өз мамандығы бойынша жұмыс істеуде.
Асқаралы алпыс жасқа жетіп, өнегелі өмір жолын қалыптастырған Кенесары Атымтаевтың кен өндірісіне қосқан үлесі сүбелі.
Бағдат АЙТӨРЕҰЛЫ.