Өңірдің өндіріс тарихында Жезқазған құю-механикалық зауытының алар орны айрықша. Кеңестер одағында өндіріске қажетті құйма өнімдерін сапалы дайындаумен ерекшеленген зауыттың әлеуеті бүгінгі күнге дейін бәсеңдеген жоқ. «Қазақмыс» корпорациясының құрылымдарына болат, шойын сынды металлдардан өнім өндіруде құю-механикалық зауытының озық тәжірибесі көпке үлгі.
Осы құрылымның үздіксіз жұмыс істеуінде энергетиктердің атқаратын қызметін жоққа шығаруға сірә болмас! Өйткені бір-бірімен тығыз жұмыс жасайтын өндірістік үдерістің бір ұшы осы энергетиктердің қызметіне тиесілі. Мұндағы бас инженер қызметі бөлімінде цехтардағы электр жабдықтарына жөндеу жүргізетін бригаданың жұмысы берік қалыптасқан. Әр цехтағы жабдықтардың уақытылы іске қосылып, үдерістің үздіксіз жүруіне осы құрылым тікелей атсалысады.
Электриктер бригадасында тәжірибелі де білімді майталмандар аз емес. Солардың қатарында озат еңбеккер Әбдіғали Байдилдиннің мол тәжірибесі кейінгі жастарға үлкен мектеп десе де болады. Әбдіғали Қойшыбайұлы аталмыш өндіріс ошағына 2009 жылы келген. Оған дейін Жәйремнің тау-кен, байыту комбинатында еңбек етіп, тәжірибе жинақтады.
– Зауыттың әр үлгіде болат құю цехына электрик болып келген сәттен бастап бір орында тапжылмай еңбек етіп келемін. Ұжымға алғаш келгенде бір мүддеге біріккен жігіттердің жұмысқа деген ынталарының ерекше екендігін байқадым. Бауыржан Кәрімбаев, Бауыржан Сейілов, Айбат Кареев, Жомарт Дүйсенбаев сынды азаматтардың іскерлігін атап өткен жөн. Бір үйдің баласындай татулықты ту еткен бұл бөлім еңбеккерлерінің электр жабдықтарына қызмет көрсетудегі табандылығы мен жауапкершілігі айрықша екендігін мақтана да марқая да айта аламын.
Алтыншы разрядты маман ретінде басшылық маған тәлімгерлікті де сеніп тапсыр-
ды. Өзімнің жинаған тәжірибемді жастарға үйретуден мен де қашқан жоқпын. Жастар біздің ізбасарларымыз, солар өндіріске келген соң ширап, жетілгенін қаладым. Ісімізді жалғастыратын сол жастардың қатарында Жәнібек Маилин, Темірбек Жанулов, Жайхар Бейсембаев сынды жігіттер түрлі құрылымдарда іскерліктерімен көзге түсіп жүр. Зауыт цехтарындағы әрбір жабдықтың мезгілінде іске қосылып, үдерісте болуына біздің жігіттер білімін де біліктілігінде шектеп қалып жатқан жоқ. Соның арқасында зауыт межелі міндетін орындап отыр, – дейді Әбдіғали Байдилдин.
Кейіпкеріміздің өз саласындағы іскерлігін «Қазақмыс», зауыт басшылығы бағалаусыз қалдырған жоқ. Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттар Әбдіғали Байдилдиннің еңбегіне берілген шынайы баға. Өмірлік серігі Меруерт Үңгітбаева да әр үлгіде болат құю цехында еңбек етеді. Қарындасы Айнаш та өмірін өндіріспен ұштастырған. Ол аталмыш цехта – кептіруші. Інісі Өмірбай мамандандырылған жөндеу-механикалық басқармасында слесарь-жөндеуші. Бұл әулеттің еңбектегі жетістіктерін көпшілік жақсы біледі. Сондықтан «КәсіпҚорған» кәсіподағы Әбдіғали Қойшыбайұылының әулетін «Үздік еңбек әулеті» атағымен марапаттаған болатын.
– Еңбек адамды шыңдайтын үлкен мектеп. Жұмысыңда жолыққан кедергілерге сынбай, өз мақсат-міндетіңе ұмтылғанда жетістікке жетесің. Қазір көп жастар «менің дипломым бар» деп, ауыр жұмыстан қашады. Алған дипломның жемісін көру үшін барлығы да қарапайым еңбек жолынан басталатынын өмірлік тәжірибемнен мысал ретінде айтып отырамын. Еңбекте оң нәтижеге жетсем, ол менің өз мамандығыма деген адалдығым мен сол кәсіпті жүрекпен қабылдай білгенімнің арқасы деп білемін, – деп сөзін түйіндеді кейіпкеріміз.
Адал еңбегімен ұжымына сыйлы бола білген Әбдіғали Қойшыбайұлының өндірістегі жолын кейінгі жастар үлгі тұтып келеді. Бұл тәлімгер үшін зор мақтаныш.
Біз әңгіме өзегіне айналдырып отырған бас инженер қызметі бөлімінде болашағынан үміт күттіретін жас буын мамандардың легі басым. Электр жабдықтарына жөндеу жүргізу жөніндегі электрмонтер Азамат Молдабековтің бұл ұжымда еңбек еткеніне бесінші жылға аяқ басты. Талпынысы таудай Азамат Сергей Крышиннің тәлімінде тәжірибе жинақтады. Электр жабдықтарын жөндеудің қыр-сырын тәлімгерінен меңгерген ол бүгінде аға буынның салып берген сара жолын лайықты жалғастырып келеді.
– Өндіріске келуіме әкем Қуандықтың ықпалы тиген шығар деп ойлаймын. Ол кісі отыз жылдан аса Жезқазған мыс қорыту зауытындағы балқыту цехында балқытушы болып еңбек етті. Жалын жұтып, мыс балқытқан металлургтің баласы ретінде өндірістің қай буыны болсын оңай еместігін білсем де осыған бет бұрдым. Бұл ұжымға келген бес жыл ішінде біраз нәрсені үйрендім. Цехтардағы электр жабдықтарын уақытылы іске қосып, үдеріске дайындаудың машақаты көп екендігі айтпаса да түсінікті. Біздің бұл бөлімге зауыттың бас энергетигі Берік Жанатаев басшылық жасайды. Бізде 5 электрик, 1 жабдықтарды сызба бойынша бақылаушы, 2 қуаттаушы еңбек етеді. Саят Орынбаев, Темірбек Жанулов, Руслан Сүттібаев, Ерасыл Төлен, Манап Бураханов, Галина Вилкович, Шынар Тұңғышбаева сынды сайдың тасындай іріктелген майталмандармен бір сапта еңбек етіп келемін. Олардың әрқайсының тәжірибесі бір-бір мектеп, – дейді Азамат Молдабеков.
Жас та болса іскерлігімен көзге түскен маман өзінің қатарластарын еңбекті сүюге, таңдаған кәсіпке адал болуға үндеді.
– Көбіміз жұмысты жалақы тауып, күнделікті берілген міндетіңді орындап кететін орын ретінде қабылдайтынымыз шындық. Солай деп қабылдағанымызбен, ұжымның екінші үйімізге айналатынын түсінуіміз керек. Өзіңді ұжымда қалай қалыптастырсаң ортаң да солай қабылдайды. Мамандығыңды сүйе отырып, өзіңе жүктелген жауапкершілікті сезінсең, еңбекте табысқа жетесің. Әрбір азамат әуелі өзі таңдаған кәсіпке адал болуы керек. Мен осы бес жыл ішінде таңдаған мамандығым арқылы табысымды молайтып, отбасымды қамтамасыз ететіндей жалақыға қол жеткіздім. Адамның өз қалауы барлығына жетелейді, – дейді Азамат Қуандықұлы.
Азамат жас отбасының тірегі. Оның зайыбы Гүлден Әбдірашитова да өндірістен алшақ емес. Ол қазір Жезқазған байыту фабрикасының техникалық бақылау бөліміне қарасты зертханада зертханашы. Өмірлерін өндіріске арнаған Азамат пен Гүлденнің еңбектегі беталсы көпшіліктің көңілінен шығуда.
Кәсібін шынайы сүйіп, мамандыққа адалдық танытқан азаматтар еңбекте оң бағаға ие болуда. Тұтас зауыттың өндірісін өрістетіп отырған біліктілер біріккен бригаданың құрамында осындай майталмандар барда алар асулары мол екендігіне сенеміз.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.