Әйел затының жаны нәзік болатыны, жүрегі мейірімге толы екендігі, жүзінен нұр шашып тұратындығы етенеден белгілі. Табиғат сыйлаған жаратылысы да көз тартарлық, құмарлық оятарлық. Әйел қауымы сұлулықтың символы саналатыны да сондықтан. Табиғаты ол жандардың сүю үшін жаратылған.
Жақсы көру сезімі – адамзат баласына табиғаттың берген тамаша сыйы. Жақсы көру – күнә емес. Ол – ерік-жігеріңді де жеңе білетін тәтті сезім. Махаббаттың күйдіретін, сүйдіретін киелі сөздерін бастан кешкендер бақытты. Адам өмірге бір рет келгенде жан-тәнімен күйіп, сезімі мен ақылы жеткенше сүюге бөленгенге не жетсін! Жақсы көру ләззат қана емес, әрі азап екені және аян. Иә, жақсы көру, ғашық болу – алды-артыңа қаратпайтын өрт сезім.
- жақсы көру
Балалықтан есеюге қадам басқан мезеттегі алғашқы ынтық сезім… Балау-
са жақсы көру… Іштей ұнату… Оны әркім-ақ бастан өткермек… Жазушы Бексұлтан Нұржекеұлының «Күй толғақ», «Сағынғаным-ай» атты әңгімелерінен осы бір әсерлі сәттерге куә боламыз. Ал «Жастық жыл құсы емес» әңгімесі былай басталады: «Он сегіз – қыз жасы. Ақылы кемелденбегенмен, ажары әбден толысады. Балалықтан озық, әйелдікке әлі ерте осы бір аралық шақ – әйел баласын аңызға бөлейтін айтулы дәурен. Ол өзі бақыт пен сордың ортақ табалдырығындай: оңға бағыт ұстауға да, теріске бет алуға да бейімі тез. Көп адамның тағдыры осы он сегіздің аласапыранынан кейін барып арнаға түседі. Биыл Зиаш сол жаста. Көрік-келбеті, бітім-тұлғасы көзге күйік, көңілге дерт. Талайдың Зиаш дәмесін тоздырды…».
Жазушы он сегіз жастағы қыз басындағы жайтты барынша жеткізе бейнелейді. «Сыртқа бітеу көрінгенмен, өзі іштей әрі-сәрі, кәдімгідей әуре-сарсаң. «Қали мен Ғәзіздің қайсысы артық?» – деген құпия сұрақ қыздың мазасын көптен-ақ кетіріп жүретін. Ол да өзгелер сыйақты өз бағасын, өз беделін төмендетпейтіндей тең іздейді».
«Беу, қыз дәурен!» повесіндегі студент қыз Гүлбаршынның «әуре-сарсаң» күйін жазушы былайша сөз етеді: «Үстел басындағы бұл әңгіме әншейін сөз ретіне қарай айтыла салғандай көрінгенмен, шын мәнінде әке-шешесінің ең көкейіндегі ойы екенін Гүлбаршын жақсы аңғарды. Сондықтан бұл жайды бірінші рет жөндеп ойланды. Бұрын да ойлайтын, бұрын да армандайтын, бірақ күйеуге тиіп, үй болуды емес, Алпамыс текті асыл жарға жолығуды, махаббат атты құдіреттің шуағын аңсайтын. Сонау сегізінші кластан бері: «Қайдасың, Алпамыс?» – деген сұрақ көкейінен кеткен емес, алайда Алпамыс әлі де жолықпай келеді. Енді қалған бір жылда жолығар-жолықпасы тағы белгісіз. Алматыдан жолықпаған Алпамыс басқа жерден жолығар деп дәмету де келеңсіз нәрседей. Не Жұмашқа, не Ғабдолға тоқтау керек болар, сірә. Өзін-өзі зорлап тоқтамаса, бұл іздеген Алпамысқа оның екеуі де ұқсамайды…».
Және бір үзінді: «Енді, сірә, осы екі жігіттен артық Алпамыс бұған кездесе қоймас. Жоқты күткенше, бар екеуінің бірін таңдағаны дұрыс па? Махабатты бұған тағдырдың жазбағаны да. Маған лайық жігіт жоқ деп, өмірден жалқы өтпейтін шығар. Бұл сүймегенмен, бұны шын сүйсе, жетпей ме? Ондай жігіт қайсысы – Жұмаш па, Ғабдол ма? Қайсысы?».
Осы хикаяның соңындағы екі баланың анасы болған Гүлбаршынның ішкі ой-бекемімен ортақтасайық: «… Не өзім сүймеген, не өзі сүймеген еркекті құшқанша, ол қорлыққа көнгенше, жесір өткенімнің өзі жақсы. Болды, бітті. Таңнан аман шықсам, ажырасуға арызды өзім жазам. Өзімді өзімнің осы қорлағаным да жетеді. Мен Қайдарды сыйладым, бағаладым. Алғаш менің көңілімді өзі былғады. Содан бері ол қасыма жатса, мен өзімді зорланған әйелдей сезінем. Құшарланып құшақтай алмаймын, «жаным!» – деп бар сезіммен балқи алмаймын. Шын мәнінде бөтен еркекке бойымды сипатқан сайқал сияқтымын».
Бұдан аңғаратынымыз сол, Гүлбаршын бойжеткен кезінде аңсаған махаббат атты құдіреттің шуағын оған тағдыр жазбайды. Өкінішті. «Бе-еу, қайран қыз дәурен-ай!». Осы бір ғана сөйлемнің астарында қаншама мұң жатыр.
«Қыз сезім» атты әңгіменің түйінінен сүйіктісін жолықтырған бойжеткеннің басынан өткен жайт өріледі: «Ләзәтке құда түсе келіпті!» – деген хабар Ақжазыққа сол кеште-ақ тарап үлгерді. Біреулер: «Жүсіпті алдап кетті, сатты», – деді, біреулер: «Дұрыс, сүйгенін енді тапты», – деді. Қыз Жүсіптің: «Биыл күзде үйленейік», – дегеніне көнбеп еді, Тілеудің дәл бүгін үйленуіне де қарсы болмады».
Иә, қыз сезімтал. Нәзік сезімге бой ұратыны табиғатына тән. Әйел қауымы жақсы көрген адамын ерік-жігерінен айрылып, құлай сүйетіні сондықтан. Алайда жақсы көретінін сыртқа шығара алмай, қазақ қыздарының іштен тынатыны және бар.
«– Қазір қазақта не көп, кәрі қыз бен жалғызбасты әйел көп. Жасыратын несі бар, еркектің ындынын бұзған басты себеп – осы жағдай. Әйткенмен, мен анық білем, кәрі
қыздардың арасында ер адамды мүлде мойындамайтын, тіпті еркектен кәдімгідей қорқатын, жай сөйлесіп тұрудың өзін ұят санап, сезімдері селт етпей өлі күйде қалғаны өте көп. Әр қыздың ерге шықпай отырып қалуының сан қилы себебі бар. Жаңағы сіз айтқан шектен тыс ибалық та бар. Уағында ашылмай, бүріскен қалпы солып бара жатқан гүлге ұқсаған сол қыздарға жаным ашиды. Сыртқа сыр бермегендерімен, меніңше, оларға төсекте жалғыз жатудан қиын ештеңе жоқ. Сіз қалай ойлайсыз?
– Мен де солай ойлаймын. Табиғат… еркекке әйел алуды, әйелге күйеуге тиуді міндеттейді, сол үшін бірімізді еркек қып, екіншімізді әйел қып жаратады. Ендеше табиғат жүктеген міндетті орындау – кімге болса да парыз. Әңгіменің ең шынына келсек, өмірбақи кәрі қыз боп өткенше, жаман да болса бір еркектің жанында жату – табиғат талабын хал-қадіріңше орындау» («Төсекте сырласу»).
Иә, жазушы қаламымен баяндаған ойға келсек, әйел қауымы қанша жақсы көріп тұрса да, жақсы көретінін еркектен мүмкіндігінше жасыруға тырысатыны, сол ұяттан аттап кете алмай, тым ибалықты ұстанатыны – өмір шындығы.
Жазушы кейіпкерлерінің көбі ондай жандар емес. Батыл, ашық. Ой-сезімін ашық айтады. Тіпті, еркек жасай алмайтын ерлікке баратын әйелдер. Сөйтіп, олар – махаббатта жолы болғандар, өрт сезімдерді бастан өткергендер.
«Күдік» деген әңгімесіндегі кейіпкерінің жан сырын оқылық: «Менің мектеп қабырғасындағы балалық арманым, кітәбін оқып, өзін бір көруге аңсағаным! Жаныңа барып, үн шығаруға мұршам келмей, тұла бойым тас арқалағандай қарысып, әрі ұялғаннан, әрі қорыққаннан қос жанарым да түк көрмей қалғандай. Талай-талай азаптаған арман жан… Кетіп бара жатқаныңызда артыңыздан қуып жеттім. «Ақылды адам ғой, өзін бала кезімнен жақсы көретінімді айтайын, сол үшін сөге қоймас», – дедім. Солай болып шықты да. Маңдайымнан сүйдіңіз. Сонда өзімді керемет бақытты сезіндім. Лып етіп тамырларыма сүйіншілеп шаттық жүгірді. Мен де сүйдім сізді. Қалай ерніңізге ернім тиіп кеткенін білмей қалдым. Құлап кете жаздап, кеудеңізге сүйеніп, бетімді бастым. Алақаныңызбен арқамнан қағып, бауырыңызға білінер-білінбес қыстыңыз. Өкпек желдің өтінен қорғайтын панаға тығылғандай жаным жадырады».
Және «Көрінбейтін көсеу» әңгімесіндегі Рәбиғаның: «– Осы баспада сізге шын жаны ашитын, сізді жақсы көретін екі адам болса, бірі менмін; біреу болса, соның өзімін. Басыма бәле болады, қызметіме кедергісі тиеді деп қауіптенетін шығарсыз? Жоқ. Менің бар ойым – жыртық көңіліме жамау, жаралы жаныма демеу табу. Оны ұқпасаңыз, ұққыңыз келмесе, мені жұмыстан шығарып жіберіңіз!» – деуі барып тұрған батылдық, ерлік.
Әңгіменің соңында сол Рәбиғаның: «Мен өзіңізді бәрібір ұмыта алмаймын, аға!» – деп ашықтан-ашық айтуына түрткі болған не құдірет? Ол – Жақсы көру сезімі.
«Шықпа жан» әңгімесіндегі бойжеткен Қарлығаштың: «– Мен сізді жақсы көріп қалдым. Бұрын көзіме түспей, қайда жүргенсіз қаланың қапырығына қамалып?» – деуін жеңілтектік дей алмаймыз. Оны айтқызып тұрған шынайы Жақсы көру сезімі.
«Тауды жылатқан түн» әңгімесіндегі Айнаның қылығын неге жоримыз: «Ақыры батылдығы жетіп бір күні жұмысына телепон соқты. Сөйтіп, оның қазір ауруханада жатқанын, оған өте күрделі операция жасалғанын біліп, өзінің тасбауырлық қылығына қатты өкінді. Кінәсін жумақ боп, ертесі түстен кейін көңілін сұрай барды.
– Кел, сен қорқатын дәнеңе жоқ, – деді Жұбаныш күліп.
– Аға, кеше ғана естідім, келмеді деп өкпелеген жоқсыз ба?
– Жо, өкпелегем жоқ. Бірақ келсе екен деп сағынып жаттым.
– Мен де сағынып келдім, аға. – Еңкейіп төсекте отырған Жұбанышты мойнынан құшақтады. Сол кезде аузына тура келіп қалған соң сөйтті ме, ағасы алқымынан сүйіп алды. Айнаның бүкіл денесі дір етті».
Иә, Айнаның әйел ибалығынан аттап өтіп, «Мен де сағынып келдім, аға», – деп өз сезімін ақтарыла білдіруі батылдық екені анық. Жақсы көру, міне, осылай, батылдыққа еркінен тыс апармақ.
Қалай дегенде де, әйел затының бойында табиғат сыйлаған құдірет бар. Ол құдірет ер-азаматты баурап, өзіне сиқырлап алмақ. Терең сыр ұқтырар жанарымен өзінің Жақсы көрген адамын баурап алар еді. Әйелге тән қылығымен, наздануымен, еркелеуімен, тіпті қылымси өкпелеуімен іштарта түсер еді. Тұла бойындағы тұнып тұрған сын-сымбат болмысымен, яки тән сұлулығымен арбай түспек. Жігіт сезімін қытықтар сыңғырлаған қыз күлкісінің сиқырын айтсаңшы! Сондықтан да әйел затының тән сұлулығына табынбайтын, жан сұлулығына елікпейтін еркек жоқ. Әйел – сондай құдірет иесі.
Мұрат АПАҚАЙҰЛЫ.
(Жалғасы бар).