Мыс алыбы саналатын «Қазақмыс» корпорациясының әр өңірде орын тепкен өндіріс ошақтарындағы жөндеу жұмыстарын жүзеге асыратын мамандандырылған жөндеу-механикалық басқармасы металдан бөлшек дайындау, құрастыру және жөндеу сынды шаруаларды жүзеге асырады.
Георгий Юсупов басшылық жасайтын басқармаға темірден түйін түюге бейім азаматтар топтасқан. Бұл құрылымға қарасты Жезқазған кен байыту фабрикасындағы № 8 телімінің орны ала бөтен. Телімнің еңбеккерлері бір ғана фабрика аумағындағы цехтарда емес, мыс қорыту зауытында, шахталардағы шаруалардың да шырайын келтіріп жүр.
Осы телімдегі темірдің тілін тапқан майталмандармен жақында жүздесудің сәті түсті. Басқармадағы «КәсіпҚорған» кәсіподағы комитетінің төрағасы Серік Алтынбеков бізді, цехқа алып барды.
– Фабриканың аумағында біздің басқарманың екі бірдей телімі орналасқан. №1 және №8 телімдердің қызметкерлерінің екі қабатты шағын әкімшілік-тұрмыстық кешеніне толық жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жұмысшылардың жуынатын арнайы орындары ретке келтіріліп, желдету жүйелері ауыстырылды. «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС «Жезқазғантүстімет» ӨБ, басқарма басшылығы мердігер компаниямен келісім негізінде жұмысшыларға осындай жағдай жасауда. Жөндеу жұмысы басшылық пен кәсіподақтың бақылауында, – деген Серік Советұлы № 8 телімнің аға шебері Александр Бреславецпен жолықтырды.
Еңбек ұжымындағы бір топ жігіттердің фабриканың № 2 ұнтақтау корпусында металл жабдықтарын ауыстырумен айналысып жатқан сәтіне куә болдық. Александр Геннадьевич бұл телімге 2003 жылы келген. Электр-газбен дәнекерлеушіден басталған оның еңбек жолы бригадир, ауысым шебері, аға шебер сынды қызметтерге ұласты. Телімдегі өндірістік үдерісті бақылайтын аға шебердің іскерлігінің арқасында ұжым өз шаруаларын жүйелі жүргізіп келеді.
– Динас Досанов басшылық жасайтын телімде 150 еңбеккер бар. Олардың барлығы «Қазақмыс» корпорациясының барлық өндірістік нысанында жұмыс жасауда. Біз бұл цехта темірден дайындалған барлық жабдықтарды жаңартудамыз. Мұнымен қоса аспалы кран жолдарын жөндеп береміз. Мұнда слесарь-жөндеушілер, кесушілер, электр-газбен дәнекерлеушілер топтасқан. Әрқайсы өз мамандығына жауапкершілікпен қарайды, – дейді Александр Геннадьевич.
Александр Бреславец
Александр Бреславец сынды майталманның ізін жастар басып келеді. Солардың бірі телім шебері Данияр Өтешов. Оның бұл ұжымда еңбекке араласқанына үш жыл толыпты. Алғашында слесарь-жөндеуші болған Данияр жұмыстың қыр-сырын Ақжігіт Абсалямовтан меңгерді. Жұмысқа орналасқаннан кейін бір жылдан соң ол жобалау жұмыстарына араласты.
– Мұндағы жүзеге асатын жұмыстардың арнайы жобасы дайындалады. Сол бойынша нұсқаулықтар беріліп, жұмыс жүзеге асады. Сызба, жобаларға ынтамның барын байқаған болар, басшылық осы шаруаға тартты. Оның да тілін меңгердім. Ал, қазір телім шеберімін. Еңбеккерлерге қолайлы жұмыс жағдайын қалыптастырып, телімнің қауіпсіз өнімді еңбек етуіне ықпал етуіміз керек, – дейді Данияр Қайратұлы.
Данияр Өтешов
Төртінші разрядты слесарь-жөндеуші Аспандияр Сүйінбай бұл салаға 2002 жылы келген. № 3 Сәтбаев байыту фабрикасында еңбек жолын бастаған кейін құрылыс-монтаждау басқармасында жалғастырды. Соңғы жылдары осы мамандандырылған жөндеу-механикалық басқармасының аталмыш телімінде слесарь-жөндеуші. Аспандияр Мәжитұлы – Нұрлыбек Қалымбетовтің бригадасындағы білікті маманның бірі.
– Бригадада 5 адам еңбек етеміз. Үш слесарь-жөндеуші, бір кесуші, бір электр-газбен дәнекерлеуші. Бригададағы болсын, телімдегі болсын жігіттердің ауызбіршілігі мықты. Бірін-бірі қолдауға әрқашан дайын. Біз бір өндіріс нысанының аумағында ғана жүрмейміз. Шалғайдағы «Жомарт» кенішінен бастап, осы төңіректегі барлық өндіріс ошақтарына қызмет көрсетеміз, – дейді Аспандияр Сүйінбай.
Аспандияр Сүйінбай
Жас та болса бас болып, бригадаға жетекшілік ету міндетін абыроймен алып жүрген Михаил Переухин үшінші разрядты слесарь-жөндеуші. Айдар Оспанов, Алексей Хамко сынды тәлімгерлерден тәлім алған Михаил Александрович мамандығы бойынша аға буыннан көп нәрсені үйренгенін алға тартты.
– Өз кәсібіңде шыңдалу үшін алдыңда үлкен мектеп болғаны дұрыс екен. Мен сондай мектептен өттім. Қай тәлімгерім болса да мамандықты шынайы сүйіп, атқаратын жұмысыңды жанашырлықпен орындауды үйретті. Бригадамда 5 жігіт бар. Олардың әрқайсы өз кәсібіне жетік мамандар, – дейді Михаил Переухин.
Михаил Переухин
Михаил Переухиннің бригадасындағы слесарь-жөндеушінің бірі – Виталий Козакеев 2011 жылдан бері еңбекке араласып келеді. Төртінші разрядты маман алғашында металл дайындау телімінде жөндеуші болды. Павел Семеновтың мектебінен өткен оның бүгінде шеберлігі толықты.
Виталий Козакеев
– Қазір көп жастар қара жұмыстан қашады. Ауырлығын не болмаса ақшасының аздығын айтып, шағымданады. Табыс та еңбектегі абырой да адамның өзінің істеген ісіне қарай келетінін ұғыну керек. Істеген жұмысымызға сай табысымызды да алып отырмыз. Жұмысым өзіме ұнайды, – дейді Виталий Козакеев.
Бүгінде өндірістің өзегіне айналған мамандандырылған жөндеу-механикалық басқармасының осы бір телімі қыраур шаруаның бел ортасынан табылып, қызу еңбекпен көзге түсуде.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.