Аптаның басында Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы Орталық коммуникациялар қызметінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы брифинг өткізді. Онда еліміздегі алпауыт компания «Қазақмыс» корпорациясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің тыныс-тіршілігі де кеңінен сөз болды.
Брифингке қатысқан журналистер аймақ басшысына өңірдегі іргелі өндіріс орны – «Қазақмыс» корпорациясына қатысты мәселелерді де көтерді. Соның бірі «Қарағанды көмір шахталарында болған төтенше жағдайлар «Қазақмыстың» кеніштерінде де қайталанбай ма?» деген сауал. Бұған өңір басшысы «Қазақмыс» корпорациясы мен оған қарасты құрылымдар басшылары бірінші кезекте еңбек қауіпсіздігіне баса мән беретінін, өндіріс орындарында қауіпсіздік шаралары қатаң сақталатынын айтып, толыққанды жауап қайтарды.
Берік Әбдіғалиұлы сондай-ақ «Қазақмыс» корпорациясы күкірт цехынан тараған зиянды қалдық үшін қандай шаралар қолданылып жатқаны жайлы да айтты.
«Олар біздің экологияға жыл сайын 6 млрд теңгедей қаражат бөліп отыр. Ал күкірт қышқыл цехының мәселесі Экология министрлігінің құзыретінде. Соның ішінде департамент күкірт цехын жаңарту жобасын тездетуді бақылауда ұстап отыр. Олардың берген мәлімдемесі бойынша, 2025 жылы құрылысты аяқтаймыз дейді. Сонда қоршаған ортаға тасталатын шығарынды да азаяды», – деді аймақ басшысы.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.