Көрнекті театр және кино актрисасы Меруерт Өтекешованың есімі «Қыз Жібек» киносы арқылы елге ерекше танылып, «Қазақтың Қыз Жібегі» атанғаны белгілі. Облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының «Жұлдыздар – Жезқазғанда» жобасы аясында «Қазақтың Қыз Жібегі» өткен аптада Жезқазғанға келді. Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері, Ұлттық университеттің профессоры М. Өтекешовамен жұртшылықтың кездесуінде махаббат символына айналған өнер туындысы мен басты рөлдегі қос ғашық төңірегінде әсерлі әңгіме өрбіді.
«Қыз Жібек» жыры – аңыз емес, тарихи оқиға. Кейіпкерлері өмірде болған адамдар. Режиссёр Сұлтан Қожықов 1967 жылы романтикалық драманы түсіруге ниеттеніп, фильмдегі басты рөлдерге іріктеу жарияланады. Әсіресе, халық көңілінде сұлулық пен әсемдіктің, адалдық пен пәктіктің нышаны саналатын Жібектің бейнесін сомдайтын үміткерді таңдау оңай болмайды. Ол кезде мектепте оқитын Меруерт осы іріктеуде бағын сынауға бекініп, конкурсқа қатысады. Сөйтіп 400-ге жуық қыздың арасынан таңдау Меруертке түсіп, оның «актриса болсам» деп жүрген балаң көңіліндегі арманына жол ашылады. Өнер майталманы кездесуде сол кезеңдегі оқиғалар мен әсерлері туралы әңгімеледі, қойылған сауалдарға жауап берді.
Сценариін Ғабит Мүсірепов жазған, даңқты режиссер Сұлтан Қожықов қойған, музыкасын Нұрғиса Тілендиев жазған, Гүлфайрус Исмаилова суретшісі болған, сондай-ақ қазақтың Асанәлі Әшімов, Әнуар Молдабеков, Кәукен Кенжетаев, Ыдырыс Ноғайбаев сынды тағы да басқа белгілі актерлары ойнайтын фильмнің басты рөлдеріне Құман мен Меруерттің таңдалуы тағдырдың маңдайға жазған ерекше сыйы десе болады. Алғаш рет 1971 жылы экранға шыққан фильмді бүкіл қала мен даладағы еңкейген қарт пен еңбектеген балаға дейін үлкен құштарлықпен сүйсіне тамашалаған болатын. Қазақтың барша болмыс-бітімін арқау ете отырып, ұлт өнерін шырқау биікке көтерген туынды Қазақтың Төлегені мен Қыз Жібегін халқымызбен қайта қауыштырды. Адалдық пен махаббаттың символына айналған актриса «Қыз Жібек» киносын өзінің өнердегі төлқұжаты санайды. Шынайы ғашық адамның болмысы, адалдық пен пәктіктің белгісі ретінде кинодағы Жібек бүкіл халықтың жүрегіне ұялады. Кино құдіретінің арқасында жұрт Құман мен Меруертті өмірдегі Төлеген мен Қыз Жібек деп таныды.
Меруерт Өтекешова мен Құман Тастанбековтің өнерде басталған осынау жолы шынайы өмірде де бірге өрілді. Кинодағы Жібек пен Төлегеннің арасындағы ғашықтық сезім өмірдегі махаббатқа ұласып, екеуінің шаңырақ көтеріп жарасымды жұпқа айналуы да ел арасында аңызға бергісіз болғанын білеміз. Сол бір жарқын шақтарды еске алып, әңгіме өрбіткен әсерлі кездесу барысында фильмнен бірнеше үзінділер де айтылған ойдың орайына сай көрсетіліп отырды. Енді бір сәтте Қазақстанның халық артисі, кино және театр өнерінің танымал тұлғасы Құман Тастанбеков жайлы түсірілген деректі фильм де назарға ұсынылды. Бозбала шағынан баян тартып, ән салған, үлкен өнерге келген соң кино мен театрда 200-ге тарта кейіпкердің бейнесін сомдаған аяулы жарын Меруерт Қаратайқызы: «Құман аға ешкімге ұқсамайтын ерекше адам еді» деп тебірене еске алды. Екеуі де театр мен кинода қатар жүріп, талмай еңбек етті. Меруерт те Ш. Айтматовтың «Ана-Жер-ана» пьесасы бойынша қойылған спектакльдегі Әлиманның рөлінен бастап талай қойылымдарда басты рөлдерде ойнады, кино әлемінде де көптеген кейіпкерлерді сомдады. Алайда, өзін алғашқы дебюттік рөлі арқылы 19 жасында қалың елге танымал қылған «Қыз Жібекті» жанына айрықша жақын көреді. Махаббаттың символына айналған «Қыз Жібек» фильмі қазақ жерінің тамаша табиғатын танытумен қатар, ұлтымыздың алтын қорында сақталатын ән маржандарын да кеңінен паш еткені белгілі. Фильмнен үзінділер көрсетудің арасында Жезқазған филармониясының әншілері Жұлдыз Көктайдың «Гәккуді», Мәди Мақсұтовтың «Ақылбайдың әнін» әуелете шырқауы да кездесу шырайын кіргізе түсті. Жергілікті композитор Айхан Мұсабековтің «Жезқазған – ғашықтар қаласы» әнін Гүлдәурен Жидебаева орындаған сәт те шынайы ғашықтық пен махаббаттың үлгісі болып танылған өнер майталманына ерекше әсер сыйлағаны анық.
Кездесу кешінде облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Әнуар Омар Меруерт Қаратайқызының «Жұлдыздар – Жезқазғанда» жобасы бойынша шақыруды қабыл алып келгеніне ризашылығын білдірді, құрмет көрсетіп сый-сияпатын жасады. Облыс әкімінің Құрмет грамотасын тапсырды.
Аты аңызға айналған актриса бұдан кейінгі күнгі шарада Жезқазған музыкалық колледжінің студенттерімен кездесіп, оларға актерлық шеберліктің қыр-сыры жайлы әңгімелеп, өз тәжірибесімен бөлісті. Соңында БАҚ өкілдерімен болған баспасөз конференциясына қатысып, көпшілік көңіліндегі сауалдарға жауап берді.
Амандық РАХҰЛЫ.