Және бір кісі өлімі. Қылмыс қаруы – тағы да пышақ. Әдеттегідей қанды оқиға сылқия ішімдік ішіп алғандар тарапынан орын алған. Бұл – осындай қылмыстық істердің бәріне дерлік тән көрініс. Бір назар аударарлығы, қылмыскер мен жәбірленушілердің арасында бұрын-соңды бас араздығы болмайды. Мұның өзі өшігу, кек қайтару емес. Айналып келгенде, адам өмірінің қиылуына себепкер ішімдік ішу болып табылмақ. Тағы да сол мастықтың салдары.
Куә Ерлан (қылмыстық іске қатыстылардың есімдері өзгертіліп алынды – автор) өз жауабында сол күні сағат 15:00 шамасында сотталушы Сәрсеннің үйіне барғанын, екеуі өзара әңгімелесіп отырған кезде онда және бір танысы келгенін айтты. Үшеуі сол жерде 0,7 литрлік «Полюс» атты бір шөлмек арақты қылдай бөліп ішіп алады.
Содан екеуі 17:30 шамасында жәбірленуші Айқынның үйіне барады. Жолай 1,5 литрлік пластикалық бөтелкеге толтырып дүкеннен арақ құйып алады. Айқынның пәтерінде басы қосылған жігіттермен бірге өздері әкелген құйылмалы арақпен қоса әрқайсысы 0,5 литрлік «Синяя Гораның» 2 бөтелкесін ашық-жарқын отырып ішіп алады. Бұл аздық еткен соң Ерлан дүкенге екі рет барып, 0,5 литрден құйылмалы арақ сатып әкелгенін айтты. Әлгі жігіттер үй-үйіне тарайды да, Сәрсен мен Айқын үшеуі ғана қалады.
Сағат 21:30 шамасында Айқынның азаматтық некедегі зайыбы Гүлжан жұмыстан келіп, тамақ пісіреді. «Синяя Гора» арағының 0,5 литрлік 2 шөлмегін дүкеннен сатып әкеліп, Ерлан, Сәрсен, Айқын және Гүлжан төртеуі ішеді.
Ерлан сот отырысында берген жауабында арақ біткеннен кейін өзі қонақ бөлмеге барып, ұйықтап қалғанын, қалғандары үстел басында отырғандарын, өзі полиция қызметкерлері оятқан кезде барып тұрғанын, сол сәтте Сәрсеннің үй иесі Айқынды пышақтап өлтіргенін естігенін, алайда олардың арасында не болғанын білмейтінін, қандай да бір айқай-шу естімегенін айтып, айғақ береді.
Куә Гүлжан сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезіндегі және сот тергеуіндегі берген жауаптарын толық қуаттап, өзі жатын бөлмесінде ұйықтап жатқанында сотталушы Сәрсен:
– Жеңгей, тұршы, тұршы. Мен Айқынды өлтіріп алдым, – деп өзін оятқанын нақты атап көрсетті.
Куәлер ретінде жауап берген екі полиция қызметкері де оқиға болған күні бір адамның пышақ жарақатын алғандығы туралы хабарлама түсіп, жедел тергеу тобымен бірге 05:30 шамасында аталған мекенжайға барған кезде сотталушы Сәрсен үй иесі Айқынды өзінің пышақтап өлтіріп алғандығын айтқанын нақты атап көрсетті.
Сот аталған куәлердің бұл жауаптарына қандай да бір күмән келтіретін негіздер бар деп таппай, олардың уәждері шындыққа сәйкес келеді деп санайды.
Сотталушы Сәрсен сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында күдікті ретінде жауап берген кезінде қаза тапқан жәбірленуші Айқынның 10 жылдан астам уақыттан бері жақын қарым-қатынастағы досы екенін, оқиға болған сәтте алкогольдік масаң күйде болғанын, екеуара әңгімелесіп отырғанда Айқын азаматтық некедегі зайыбы Гүлжанның жаман қылықтарын айтып, оны пышақтамақ болғанында әйелі жатқан бөлмеге жібермей ұстаған мезетте оның қолындағы пышақты тартып алуға әрекеттеніп, алысып-жұлысу барысында Айқынға пышақ тығып алғанын, екеуі еденге құлап түскенін айтып, айғақ берген.
Сот сотталушы Сәрсеннің кейін сот тергеуінде Айқынды абайсызда өлтіріп алдым деуін өзінің қылмыстық жауаптылығын жеңілдету мақсатында берген жауабы деп, оларға сын көзқараспен қарайды және оның алғашқы берген жауаптары істің мән-жайына сәйкес келеді, сондықтан оның бастапқыда берген жауаптарын үкімнің негізіне алуға болатын айғақтар деп санайды.
Сонымен қатар, сотталушы 43 жастағы Сәрсеннің кінәсі куәлердің айғақтарымен, қылмыстық істегі басқа да дәлелдермен толық расталады. Сот үкімімен оған 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Шахмұрат ИБАДАТҰЛЫ.