Ел арасында осылай әспеттеліп жүрген «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС «Жезқазғантүстімет» өндірістік бірлестігінің құрамындағы «Жомарт» кеніші орталықтан 200 шақырым жерде орын тепкен. Жылына 4 миллион тонна кен өндіруге қауқары жететін кеніштің биылғы жылдың тоғыз айында жеткен жетістігі мол. 2050 жылға дейін жер қойнауындағы ырзық-несібені шашпай, төкпей елдің игілігіне жаратуды көздеген «жомарттықтардың» тыныс-тіршілігімен танысып қайтудың сәті түсті.
Таң бозынан жолға шықтық. «Нива» көлігін тізгіндеген кеніштегі «КәсіпҚорған» кәсіподағы комитетінің төрағасы Манас Қоштаевпен, жолбасшы – кәсіподақтың Жезқазған филиалы төрағасының орынбасары Сержан Жақсыбековпен жолай кенішке қатысты сұхбат құрдық. Әсіресе, Жезқазғаннан «Жомарт» кенішіне апаратын Қызылорда тасжолының жыры әлі өзектілігін жоймай келе жатқандығы ойлантарлық жағдай екендігі сөз болды.
Анау-мынауды аса елемейтін «Нива» көлігімен 2 сағаттың айналасында кенішке жеттік.
Шалғайдағы кен орнының тізгінін осының алдында ұстаған, бұған дейін кеніштің бас инженері қызметін атқарған қазіргі директоры Бауыржан Ахметбековпен жүздесудің сәті түсті. Қысқа таныстықтан соң Бауыржан Боранбайұлы кеніштің тоғыз айдағы табысының қомақты екендігін тілге тиек етті.
– «Жомарт» Жезқазған төңірегіндегі жас кеніш болса да кен өндіру жоспарын жыл сайын сапалы жүзеге асырып отыр. Өндірілген кен құрамындағы мыстың, күмістің көлемі белгіленген межеге сай. Кен өндіру көлемі де жоспарлы межеден асыра орындалуда. Үңгілеу жұмыстарында да жоспарға сай жұмыстар жүзеге асуда. Еңбеккерлеріміз жарты ай осында вахталық тәсілмен еңбек ететіндіктен, олардың әлеуметтік-тұрмыстық мәселесін шешуде де ілкімді шаруалар атқарылуда. Жатақханалардың талапқа сай болуы, тамақтану жағдайлары үнемі бақылауда. Өндірістік қауіпсіздік басты талап болғандықтан, күнделікті ауысымда шахтаға түсіп, жеті қат жер астындағы еңбек жағдайлары мен техникалық қауіпсіздікке баса мән береміз, – деді Бауыржан Боранбайұлы.
Кеніш басшысымен болған қысқа сұхбаттан соң «КәсіпҚорған» кәсіподағы комитетінің төрағасы Манас Қоштаевпен бірге 700 метрлік тереңдіктегі шахтаға жол тарттық. Бағытымыз – №7 ұнтақтау телімі.
Кәсіподақ төрағасы Манас Ідірісұлы кенішке барған сапарымызда осы телімнің бір топ еңбек озаттарын кеніш директоры Бауыржан Ахметбековпен бірге Республика күніне орай марапаттаған болатын. Еңбекте жұлдызы жанып, құрметкен кенелген азаматтармен шыңырауда сұхбат өрбіттік.
Кеніш директоры Бауыржан Ахметбеков пен кәсіподақ комитетінің төрағасы Манас Қоштаев телім басшысы Біржан Далхановты марапаттау сәті
Мұндағы телімге Біржан Далханов басшылық жасайды. Біржан Шәріпұлының әуелгі еңбек жолы Жезқазған байыту фабрикасындағы қалдық қойма шаруашылығында басталған. 1995 жылдан бері қарай кен байыту саласында еңбек етіп келе жатқан кейіпкеріміз аталған телімде 2007 жылдан бері еңбек етіп келеді. Біржан Далханов кен байытудың барлық сатыларынан өткен кәсіби маман. Ауысым шебері, телім басшысының орынбасары сынды жолдан өткен ол 2015 жылдан бері телімнің тізгінін қолға алды.
– Жер бетінде кен ұнтақтау үдерісі мен жер астындағы үдерістің жүзеге асуының арасында айырмашылықтар бар. Барлығы бір жүйеде жұмыс жасағанымен қауіп-қатердің шахтада көп екенін ескерген жөн. Бұл телімдегі конвейер қондырғысының ұзындығы 7 шақырымды құрайды. 5 ұнтақтау қондырғысы мен 14 конвейер орналасқан.
Біздің негізгі жұмысымыз – кеншілер өндірген кенді конвейерлер арқылы жер бетіне шығару. Бір ауысымда кемінде 11 мың тонна кен жөнелтіледі. Екі вахтаны қосқанда телім 160 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Телімде 4 бригада бар. Кеніш бойынша даңқты бригадиріміз Мәди Қалыбаевтың еңбектегі жолы жастарға үлгі. Оның омырауында үшінші, екінші дәрежелі «Кенші даңқы» төсбелгісі жарқырайды. Тағы бір озат бригадиріміз Ермек Қасымов пен механик Айтжан Асанбаев та – «Кенші даңқы» төсбелгісінің иегерлері.
Жанболат Жиенқұлов, Саламат Садуақасов, Мақсат Сәрсенбаев, Бақыт Әлменов сынды үздік ұнтақтаушыларымыз арқасында межелі міндетті мезгілінде орындап келеміз. Басты қағидамыз – он бес күн қауіпсіз еңбек етіп, өндірістік жарақаттарды болдырмай, отбасымызға аман-есен оралу. Бұл қағидаға біздің жігіттер де берік. Әрбір ауысым алдында жұмыс жүктемесімен бірге қауіпсіздік саясатын ескеру жөнінде де түсіндірме жұмыстары жүргізіледі, – дейді Біржан Шәріпұлы.
Кейіпкеріміз өндірісте майталман маман, іскер басшы ғана емес, талапшыл тәлімгер ретінде де соңынан шәкірт ерте білді. Нұрболат Шубаев, Еркебұлан Сәркеев сынды мамандар қазір өз кәсіптерінің шеберлері. Біржан Далханов кеніштің табысты болуына қосқан үлесі үшін «КәсіпҚорған» кәсіподағы арнайы тағайындаған «Еңбек озаты» төсбелгісімен марапатталды. Біржан Шәріпұлы бұл төсбелгіні еңбегіне берілген әділ баға деп бағалайды.
Өндірістік технологиялардың үздіксіз жұмыс жасап, қауіпсіздік шараларының өз деңгейінде жүзеге асуына тікелей қатысты маманның бірі – механик. Бұл жауапты қызметті телімде Айтжан Асанбаев есімді азамат атқарады. Оның бұл саладағы еңбек өтілі отыз екі жылды құрайды. Айтжан Асанбаевтың еңбек жолы Жезқазған байыту фабрикасының № 2 ұнтақтау корпусында басталған. Конвейер машинисі, слесарь, ауысым шебері сынды міндеттерді атқара жүріп, ысылған ол «Жомарт» кенішінде 2005 жылдан бері тер төгіп келеді. Мұнда да түрлі міндеттерді мойымай атқарып, бүгінде механик дәрежесіне көтерілді.
Телім механигі Айтжан Асанбаев
– Жеті шақырымға жететін конвейер қондырғысының тоқтаусыз жұмыс жасауын бақылау, қауіп-қатердің алдын алып, тәуекелдерді жою сынды міндеттер құзіретіме кіреді. Бұлардың бірде біреуі толық жүзеге аспай жұмыс жүргізілмейді. Өйткені, адам өміріне қауіп төндіретін жағдайларды ескермеудің соңы өкінішпен аяқталып жатады. Соңғы жылдары біздің телімнің өндірістік көрсеткіште де, қауіпсіздік саясатын ескер отырып жұмыс жасауда да табысы қомақты. Ортақ іске жұмыла кіріскенде ғана табысқа қол жеткізетінімізді ұжымның жігіттері жақсы біледі.
Мен мұнда алғаш келгенде телім басшысы Равиль Юсупов болатын. Сол азаматтың іскерлігі мен жол көрсетуінің арқасында көп нәрсені меңгердік. Алғашқы кезеңдердегідей емес, қазір ұнтақтау жұмыстарында жүйелелік қалыптасты. Соның арқасында табысқа жол ашып келеміз, – дейді кейіпкеріміз.
Айтжан Асанбаев 2020 жылы кеніш басшылығы мен «КәсіпҚорған» кәсіподағы комитетінің шешіміне сай үшінші дәрежелі «Кенші даңқы»төсбелгісімен марапатталған.
Мақала кейіпкерінің өмірлік серігі Ақтолқын Өксікбаеваның кен байыту саласында он екі жылдық тәжірибесі бар.
Ұнтақтау телімінің озат еңбеккерінің бірі – Саламат Сәдуақасов. Саламат Бектұрұлы 5-разрядты ұнтақтаушы. Ол мұнда 2008 жылдан бері еңбек етіп келеді. Ұнтақтау технологиясының тілін бес саусағындай білетін Саламат Садуақасов та кәсіподақ тарапынан «Еңбек озаты» төсбелгісін омырауына жарқырата тақты.
Ол «Жомарт» кенішіне дейін Жезді қалашығының аумағындағы «Шайтантас» кен орнында ұнқтаушы болды. Жаңа кеніштің қатарға қосылғанын естіген бойда «жомарттықтардың» қатарына қосылуды ниет етті. Кен ұнтақтау саласында тәжірибесі қалыптасқан маманды басшылық жұмысқа қабылдады. Міне, содан бері арада 15 жыл өтіпті, Саламат Бектұрұлы өзінің еңбекқорлығы мен жауапкершілігінің арқасында ұжымдастарының арасында беделге ие болып келеді.
«Еңбек озаты» төсбелгісінің иегері Саламат Сәдуақасов (сол жақта), білікті бригадир Асхат Жекебатров (оң жақта)
– Уақыт деген қас-қағым сәт екен ғой. Осында келгеніміз күні кеше сияқты болатын. Зымырап 15 жыл өтіпті. Алғаш келгенде мұндағы жұмыс үдерісі өте ауыр болатын. Конвейер қондырғылары мен ұнтақтау жүйелерінде көптеген мәселелер туындады. Лентаға келіп түсетін кендерді қолымызбен қайта тиеп, қара терге түсетінбіз. Кейіннен технологияны жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Қара терге малшынып еңбек еткен сол жылдарды өз басым шыңдалу деп ойлаймын. Адам бәрін басынан өткеріп, сынақтан сынбаған жағдайда ғана табысқа жететініне көзіміз жетті.
Біз бір ауысымда 40 адам еңбек етеміз. Әрқайсының өзіне бөлініп берілген жұмыс жүктемесі бар. Соны уақытылы әрі қауіпсіз атқаруы керек. Қауіп-қатерсіз жұмыс болмайтын сала болғандықтан әуелі барлығын елеп-екшеп, тәуекелдердің алдын аламыз. Өндіріс қателікті кешірмейтінін біздің бригада жігіттері жақсы біледі, – дейді Саламат Бектұрұлы.
Саламат Сәдуақасов та талай жастың томағасын сыпырып, қанатын қатайтқан тәлімгер. Әлімжан Садырбеков, Бауыржан Әлімбеков сынды кейінгі толқындағы жастардың өндірісте өз орнын табуларына біз сөз етіп отырған кейіпкердің еңбегі сіңді.
Телімде төрт бригада болса соның ішінде Асхат Жекебатыров жетекшілік ететін ұжымның еңбек үдерісіндегі сәттеріне куә болдық.
Асхат Арыстанұлы қасиетті қарт Ұлытаудың тумасы. «Жомарт» кенішіне 2010 жылы келген. Оған дейін Ұлытау аудандық қорғаныс бөлімінде еңбек еткен. Өмірін өндіріспен өргелі де он үш жыл болыпты. Бесінші разрядты ұнтақтаушы Асхат Жекебатыров аға буынның жол көрсетуімен, өзінің еңбекке деген алымдылығымен өндіріске тез сіңісіп кетті. Айналасы бес жылдың ішінде бригада тізгінін қолға алды.
– Кен ұнтақтап, оны жер бетіне шығару жұмыстарын біздің ұжым ың-шыңсыз атқарып келеді. Өз бригадамдағы жігіттердің қай-қайсы болсын тапсырылған шаруаны мұқият орындауға дағдыланған. Бригадада 43 адам бар. Солардың қатарында Саламат Сәдуақасов, Үсен Тәңкішев, Жеделбай Мұқашев, Ерлан Түсіпбеков, Жасұлан Жабағин сынды сайдың тасындай іріктелген жігіттердің еңбегі ұшан-теңіз.
Жалпы, кен өндірісі аса ұқыптылықты, өз жұмысыңа деген жауапкершілікті талап етеді. Оны ескермеген жағдайда қателікке бой алдыруың мүмкін. Негізгі мамандығым ұнтақтаушы болғандықтан, әрі бригада басқарғандықтан қарамағымдағы жігіттерден осыны талап етемін, – дейді Асхат Жекебатыров.
Білікті бригадир осы жылдар ішінде оннан аса жас маманға тәлігмер атанып үлгерді.
Мақалаға өзек болып отырған № 7 ұнтақтау телімінің тағы бір озат ұнтақтаушысы – Мақсат Сәрсенбаев. Мақсат Мейірбекұлы бұл телімге 2007 жылы келген. Түркістан облысы Кентау қаласынан осыдан он сегіз жыл бұрын Сәтбаев қаласына қоныс тепкен ол осында қанат жайып, отбасылы болып, өндірісте майталман атанды. Он жеті жылдық еңбек өтілі бар Мақсат Сәрсенбаевтың әкесі Мейірбек жиырма жылға таяу Ғазиз Омаров атындағы шахтапроходкалау тресінде еңбек етіп, зейнетке шықты.
Мақсат Сәрсенбаевтың салаға қосқан үлесін басшылық пен кәсіподақ оң бағалап, «Еңбек озаты» төсбелгісімен марапаттады.
Масқат Сәрсенбаев
– Еңбектің бағаланғаны еңбеккер үшін өз жұмысында ынталануға жол ашады. Менің он жеті жылдық еңбек өтілімді бағалаған басшылыққа, кәсіподақ ұйымы мен ұжымыма алғысымды білдіремін. Қауіп пен қатерден аман болып, әр вахтадан отбасымызға аман оралуды нәсіп етсін, – деп сөзін түйіндеді Мақсат Мейірбекұлы.
Кен өндірудің басты бағыттарының бірі саналатын буынның тұрақты жұмыс атқаруына қажыр-қайраттарын сарп ете жүріп, өндірісті өркендетуге үлес қосқан ұнтақтаушылардың еңбегін көзбен көріп, өздерімен тілдестік. Олардың еңбекқорлығы мен кәсіптеріне деген адалдығының арқасында өңір де, өндіріс те өркен жайып келеді. «Жомарттық» кен қаһармандарының бағындырар биігі әлі алда екендігіне тағы бір көз жеткізіп, амандықтарын тілеп, жез шаһарға қайттық.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.